14 мыңнан астам адам ескі көліктерін тапсырды

14 мыңнан астам адам ескі көліктерін тапсырды

14 мыңнан астам адам ескі көліктерін тапсырды
ашық дереккөзі
Қазақстандықтар 14 мыңнан астам ескі көліктерін кәдеге жаратуға берген, әсіресе «Лада», «Москвич», «Волга» көліктері көптеп түсуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. Қазақстан автобизнес қауымдастығының деректеріне сүйенсек, Қазақстанда 2016 жылдың 21 қарашасынан 2017 жылдың 25 сәуіріне дейін ескі автомобильдерді сатып алу бағдарламасы аясында жинау орындары 14 322 автокөлік құралдарын (М1 санатындағы) қабылдаған. Ескі автомобильдерді қабылдау бойынша Шымкент қаласы көш бастап тұр, онда 1897 автокөлік жиналған. Екінші орында 1163 автокөлікпен Талдықорған тұрса, үштікті қолданыстан шыққан 989 көлікті қабылдаған Алматы қаласы түйіндейді.  Кәдеге жаратуға берілген танымал автокөлік үлгілері «ВАЗ- 2105», «ВАЗ- 2106», «ВАЗ-2101», «ГАЗ-3110», «Москвич-2140» және «Мазда 626» болды. 1948 жылы Орал қаласында шығарылған «Москвич» ескі көліктерді сатып алу бағдарламасына тап болған ең көне машина атанды, ал кәдеге жаратуға түскен ең «жас» автомобиль 2012 жылы шығарылған. Кәдеге жаратуға қабылданған автокөлік құралдарының орташа пайдалану мерзімі 25-30 жылды құрайды. Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметтері бойынша, кәдеге жарату бағдарламасы іске қосылғанда республика автопаркінде 4,7 миллион көлік құралы болды, оның 58,3  пайызының пайдалану мерзімі 20 жылдан асып кеткен еді. Осылайша, министрлік деректеріне сәйкес, кәдеге жаратуға көлік жинау бағдарламасын енгізу ең алдымен автокөлікті қолданудағы экологиялық мәселелерді шешуге, ел автопаркін жаңартуға және отандық автоөндірушілерді экологиялық таза көлік құралдарын шығаруға ынталандыруға бағытталған. Ескі автомобильдерді сатып алу бағдарламасы бойынша автокөлік өткізу рәсімін оңтайландыру және қолайлы ету мақсатында электронды кезек ұйымдастырылды. Қазақстан автобизнес қауымдастығы - 2010 жылы ресми дилерлердің, импорттаушылардың, дистрибьюторлар мен ҚР жеңіл және коммерциялық техника шығарушыларының ерікті бірлестігі ретінде құрылған коммерциялық емес ұйым.