Үш ақын – үш әлем

Үш ақын – үш әлем

Үш ақын – үш әлем
ашық дереккөзі
Өткен аптаның соңында «Өлінің қамын тірі жер» деген атпен Қазақстан Жазушылар одағында өмірден жастай өткен үш ақын – Нұрлан Мәукенұлы, Қайрат Әлімбек және Бейбіт Құсанбекті еске алу кеші өтті. Жазушы Бейбіт Сарыбай жүргізген бұл кешті Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Маралтай Райымбекұлы ашып, қыршын кеткен ақындардың туған әдебиетіміздегі орны, шығармашылық ерекшеліктері туралы әңгімеледі. Еске алу шарасында «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып және  ақындар Құл Керім Елемес, Темірғали Көпбай, Аманғазы Кәріпжанәулеті шығып сөйлеп, үш ақын туралы естеліктер айтып, олардың шығармашылығы жайында өз пікірлерімен бөлісті, арнау өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ, шара барысында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенттері үш ақынның өлеңдерін оқыса, ақын Нұрлан Мәукенұлының қыздары Гүлрең мен Гүлден «Әкем-әнім» (өлеңі О.Сүттібаевтікі, әні Ә.Сүлейменовтікі) атты әнді орындап, әке рухына тағзым етті. Әрине, әңгімемізге арқау болып отырған үш ақын да қазақ жырында өз орны бар талант иелері. Нұрлан Мәукенұлы (1960-2003) Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында туған. 1984 жылы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетін, 1990 жылы КИМЭП-тің саясаттану бөлімін бітірген. Бірнеше республикалық басылымдарда қызмет ете жүріп, шығармашылықпен айналысқан ақынның алғашқы шығармалары «Аудитория», «Қарлығаш» секілді ұжымдық жиинақтарға еніп, «Бойтұмар» (1995), «Сұңқарбұлақ» (2008) атты жыр жинақтарын шығарып, бірнеше мүшәйралардың, Алматыда өткен Түрік дүниесі поэзиясы фестивалінің жүлдегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты болды. Қайтыс болған соң, ақын атын ардақтап – «Зерде» қайырымдылық қоры мен «Жұлдыз» журналының ұйымдастыруымен Н.Мәукенұлы атындағы жыр мүшәйрасы өтті. Нұрлан Мәукенұлы әдебиетке өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында келіп қосылған толқынның өкілі, әдеби сында қазақ жырының ежелгі жыраулық дәстүрінің сарынын жазба поэзияға сәтті стилизациялаған ақын ретінде бағаланған қаламгер еді. «Өлінің қамын тірі жер, тірілер бірін-бірі жер; тірлікте қашқан қадірің, өлген соң барып білінер; өтеміз біз де күні ертең, сен аман болшы, сірі жер» деп, жырына тіршілік философиясын сіңірген Нұрлан ақын өтпелі кезге тура келген шығармашылық ғұмыры жайында толғай отырып, болашаққа – елінің болашағына үлкен үміт артқан ақынның бірі. Оның осы жырын бүгінде белгілі әнші Еркін Шүкіман домбырамен айтып, аяулы ақын жүрегінің сырын еліне паш етіп жүр. Әрі ақын, әрі журналист Қайрат Әлімбек (1963–2006) Алматы облысының Панфилов ауданындағы Үшарал ауылында дүниеге келген. 1985 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. Аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі газет-журналдарда журналист ретінде жемісті еңбек етіп, ақын ретінде танымал қаламгерлердің бірі болды. Бірнеше ұжымдық жыр жинақтарына өлеңдері кірген. Тұңғыш жыр кітабы «Сезімнің гүлі» (1989) деген атпен жарық көрсе, одан соңғы кезеңде «Жоқ іздеген жігітпін» (1994), «Намыс найзагері» (2000), «Махаббатстан» (2003) поэзиялық кітаптары жарық көрді, 1994 жылы Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері болды. Оның өлеңдеріндегі жігерлі сарын, өткір пікірлер бөлекше қаламгер қуатын танытатын қолтаңба болатын. Көптеген өлеңдерінде өмір, тағдыр жайында белгісіз бір жұмбақ сыр шертіп тұрғандай еді. «...Ақын да бір домбыра, сөйлеп тұрған – тағдыр деген күйшінің қолындағы» деп өзі айтқандай, Қайрат Әлімбектің тағдыры ойламаған жерден шорт үзілген күй сарынындай болды. Ол 2006 жылдың 23 қыркүйегінде Алматыдан туған жері Қараталға бара жатып, Қапшағайдың арғы жағындағы Шеңгелді ауылына жақын маңда жазатайым көлік апатына ұшырап, мәңгілікке көз жұмды... «Дабыл ұрсын жүрегім, дабыл ұрсын, жоқ іздеген жігітті бәрі білсін; көшпелі алтын секілді көз алдымда, қара түнде жоғалтқан жарығымсың» деп Қайраттың өзі жырлағандай, өнерпаз ұландарын жадынан шығармайтын халықтың ұлы бола білген ақынды елі де ұмытпасы анық. Жалған дүниеде бар болғаны 45 жылдай ғұмыр кешсе де қазақ телевизиясында көп іс тындырып кеткен Бейбіт Құсанбек (1962 – 2007) Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласында дүниеге келген. Талантты тележурналист, арынды ақын, сыңғырлаған талай әсем әндер тудырған сазгер. 1984 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-ді (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) және 1988 жылы Мәскеу қаласындағы КСРО Мемтелерадио біліктілік көтеру институтының телекомментаторлар курсын бітірген ол – шын мәнінде тәуелсіз қазақ телевизиясының өркен жайып, дамуына мол еңбек сіңірген тұлға еді. 1984-1997 жылдары Қазақ теледидарының Жастар, Әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясында редактор, саяси шолушы, бас редактор; 1997-1999 жылдары «Алатау» телеканалының директоры; 1999-2000 жылдары әдеби-мәдени хабарлар шығармашылық бірлестігінің жетекшісі; 2000-2007 жылдары «Хабар» агенттігінде продюсер, тележүргізуші қызметтерін атқарған ол бұл уақыт аралығында халықтың танымы мен талғамын өсірген жаңа форматтағы көптеген хабарларды жасап, өзінің шебер де  алғыр тележурналист екенін танытты. Ол істеген істерді санамалап шығудың өзі бірталай уақытты алады, дегенмен басты-бастыларын атап өтсек: 1995-1997 жылдарда «Өмір-өзен» айдарымен 100-ге тарта хабар түсірсе, 1998-2000 жылдар арасында «Үркер» хабары арқылы өнер, әдебиет, ғылым, бизнес саласында аса зор табыстарға қол жеткізген ондаған тұлғалардың телегалереясын жасады. 2002 жылы күнделікті беріліп отырған «Ойталас» 30 минуттық бағдарламасы арқылы күн сайын өзгеріп жатқан заман ағымына халықтың ілесіп отыруына пайдасы тиетін түрлі мәселелерді көтеріп, түрлі түйткілдер мен орын алып жатқан оқиғалар туралы білікті мамандар мен құзырлы шенеуніктердің ой-пікірін айтқызып, көрермендерді де қатыстырып отырды. Ал 2000-2002 жылдары тікелей эфирде апта сайын беріліп отырған «Дәуірнама» атты хабары мәдениет пен руханиятқа арналған болатын. Ол арқылы көрермен белгілі мәдениет қайраткерлерімен, өнер жұлдыздарымен жүздесіп, танымал тұлғалардың рухани әлем жөніндегі ой-пікірін біліп, таным-түсінігін кеңейтетін еді. Алғашқы хабары 2003 жылдары эфирге жол тартқан «Тіл» бағдарламасы – Бейбіт Құсанбек қатысқан соңғы тележобалардың бірі болатын. Әуелгі кезде бірнеше хабары «Азаттық» радиосымен бірлесе дайындалған бұл бағдарламаны Бейбіт 2004 жылдан жүргізе бастады. Хабар барысында іс-қағаздары, құқық, өнеркәсіп-экономика, дін, қарым-қатынас, сәулет-құрылыс т.б. салаға қатысты атаулар талқыланып: қолданыстан қалып бара жатқан сөздерді тілдік қорымызға енгізу және ұғым ретінде дұрыс пайдаланылмай жүрген сөздерді қолданыстан алып тастау мәселелері көтерілетін еді. Жалпы, Бейбіт Құсанбек теледидар саласында танымал десек те, ол ақын ретінде тамаша өлеңдер жазып, сазгер ретінде көптеген әсем сазды ән тудырған «сегіз қырлы, бір сырлы» өнерпаз еді.  Өмірден жастай кетсе де оның өлеңдері кітап болып оқырмандарының қолына тиді, әндері радиодан да, теледидардан да беріліп келеді. Үш ақын – үш әлем. Олар өмірден жастай кетсе де, халқының қажетіне жарар қазына қалдырып кеткен жандар. Олар ұмытылмайды.