«Тарқамас той шығарсың сен...»

«Тарқамас той шығарсың сен...»

«Тарқамас той шығарсың сен...»
ашық дереккөзі
Сонау бір кезде: ...Сенделіп оттай сезімнен Лапылдап кетіп барамын, Үзуге моншақ көзімнен Жақындап кетіп барамын. Құдіретіңе о, туған Жер, Сеніп кетіп барамын, Қимастық сенің отыңнан Теңселіп кетіп барамын, – деп, туып-өскен өлкесінен атажұртына аттанарда жалынды жыр төккен Төлеген Айбергеновті туған жерінің халқы ешқашан есінен шығарған емес. Ондағы қалың қазақ жұртын былай қойғанда түбі бір түркітілдес туысқан – қарақалпақ, өзбек, түркімен бауырлас ұлттарға ақын жыры етене таныс. Сондықтан Т.Айбергеновтің биылғы 80 жылдық мерейтойы да ауылы аралас, қойы қоралас жұрттың бір атаның баласындай ауызбірлігінің арқасында лайықты аталып өтті. Қарақалпақстанның астанасы Нөкіс қаласында қазақтың біртуар ақыны Төлеген Айбергеновке арналған мерейтойлық іс-шараны Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университеті (ҚМУ) және Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институты (НМПИ) филология факультеті (қазақ, қарақалпақ, өзбек, түркімен тілі мен әдебиеті бөлімдері) оқытушылары мен студенттері, республикалық Қазақ ұлттық-мәдени орталығы және Нөкіс қалалық №17 орта мектеп ұжымы бірігіп дайындады. Мерейтойлық іс-шара екі бөлімге бөлініп, алғашқы – конференция бөлімінде ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында №17 мектептің мұғалімі Роза Кенжебаева, Бердақ атындағы ҚМУ-дың филология факультеті, қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Жанар Шарипова «Т.Айбергенов поэзиясының тілі», осы факультет оқытушысы Шырын Смамутова «Туған жер төсін аңсаумен өткен Аруана – бауыр – дүние» тақырыбында баяндама жасап, Т.Айбергеновтің өмірі мен шығармашылық жолы, лирикаларындағы азаматтық сарын мен патриотизм мәселелері және тіл қолданысындағы ерекшеліктері жайында жан-жақты талдау жасады. Сондай-ақ, Бердақ атындағы ҚМУ-дың өзбек тіл білімі кафедрасының доценті Фархад Бабажанов, түркімен тілі және әдебиеті бөлімінің оқытушысы Саятхан Авезклычева, түркі халықтарына ортақ тұлға – ақын Төлеген Айбергенов шығармашылығы туралы өз пікірлерін айтып, ақынның өлеңдерінің өзбек, түркімен тілдеріндегі аудармаларын оқыды. Кештің әдеби-сазды бөлімінде ақынды көзі тірісінде көрген, Бердақ атындағы ҚМУ-дың оқытушысы, филология ғылымының кандидаты Қайыржан Аралбаев Төлеген Айбергенов туралы естеліктер айтып, осы оқу орнының философия кафедрасының оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты Жұбатқан Сағындықов сөз сөйлесе, ҚМУ мен НМПИ-дің студенттері Төлеген Айбергенов өлеңдеріне жазылған «Ақ ерке – Ақ Жайық» (Ш.Қалдаяқов), «Марфуға» (Ж.Естілеу), «Ару Жайық» (Т.Әліханов), «Мені ойла» (Ш.Сүлейменов), «Сен мені ізде, аяулым» (С.Ұлықпанұлы), «Сағыныш» (әні Г.Сарина), «Атамекен» (Р.Әлқожа) атты әндерді орындап, шараға келген халыққа әсем ән мен тәтті күйден шашу шашты. Мерейтойлық іс-шараға Қарақалпақстан телевидениесінің «Хабар» жаңалықтар қызметі, осы телеарнадан көрсетілетін қазақ тіліндегі «Алтын аймақ» бағдарламасы, Қарақалпақ радиосының қазақ тілінде таратылатын «Атамекен» бағдарламасы қызметкерлері қатысып, іс-шара барысын жазып алды. Сондай-ақ, мерейтойлық шараға «Қарақалпақ әдебиеті» газеті т.б. жергілікті БАҚ өкілдері, студенттер, оқушылар қатысып, қазақ әдебиетінің мақтанышына айналған жерлес ақыны жайында құнды деректерге қанықты. Шара соңында қатысушылардың бір тобы Нөкіс қаласының іргесіндегі Төлеген Айбергенов мәңгілік тыным тапқан мекені – «Сорша» зиратына барып, ақынның басына гүл шоқтарын қойып, тағзым жасады.   P.S. ...Көрмеймін деген жоқ ем мен, Жеткізбеді ғой сан қырлар. Ақын бейітіндегі құлпытасқа қашалып жазылған бұл жолдар оның «Сыр» атты өлеңінен алынған. Айтулы ақындарда қашанда көріпкелдік қасиет болады. Өзі армандаған қырларды көре алмайтынын сезіп, өлеңнің отына жанып, қыршын кеткен Төлеген Айбергеновтің өз өмірі жайындағы болжамдары таңқаларлық. Десек те: Қызығың тербеуде мені, Тарқамас той шығарсың сен. Тулаған тар кеудедегі, Тумаған ой шығарсың сен, – деп туған өлкесіне іңкәрлікпен назды да сазды жыр арнаған ақынның шынайы махаббатын ол туған топырақтағы қандас, тектес, туыстас жұрты терең сезініп, арда туған ұлдың рухын ұлықтай білуі – Төлеген жырларының мәңгілік қазына екендігінің белгісі болса керек.