Ақ күріш жайқалған аймақ

Ақ күріш жайқалған аймақ

Ақ күріш жайқалған аймақ
ашық дереккөзі

Елімізде күріш өндірумен аты шыққан бірден-бір өңір – Сыр өңірі. Бүгінге дейін өзінің жарасымды жалғасын тауып келе жатқан Сыр өңіріндегі күріш шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Қызылорда облысының диқандары соңғы жылдары күріштен жақсы өнім алуда. Ең қуантарлығы, күріштен өнім жинаудан Қазақстан әлемде озық 15 мемлекеттің қатарында. Елімізде әр гектардан орташа есеппен 45-50 центнер өнім жиналады екен. Бүгінгі таңда күріш шаруашылығын жандандыру мақсатында аталмыш салада халықаралық тәжірибесі бар шет мемлекеттермен байланыс орнатылуда.

Қызылорда облысы ежелден-ақ суармалы егіншілік аймағына жатады. Облыстың аумағында патшалық Ресей тұсында-ақ тың жерлерді игеру нәтижесінде күріш өсіріле бастаған. Тарихи деректерге жүгінсек, Сыр өңіріндегі алғашқы күріш егісі 1896 жылы пайда болыпты. 1897 жылы аймақтағы күріш егістігінің көлемі 300 гектарға, 1913 жылы 800 гектарға жеткен екен. Күріш егістігінің көлемі Кеңес үкіметі орнағаннан кейін арта бастады. Суару жүйелері қалпына келтірілген Сыр өңірінде егіс көлемі біртіндеп ұлғайды. Аз да болса дамуды байқағандықтан, өңірдегі күріш шаруашылығын дамытуға баса назар аударылды. Алайда Сыр өңіріндегі күріш егіншілігі 1914-1920 жылдары біраз тоқырап қалды. Оған бірінші дүниежүзілік соғыс, 1917-18 жылдары орын алған қуаңшылық пен шаруашылықтың құлдырауы әсер етті.

Десек те, 1928 жылы Қиыр Шығыстағы күріш өсіретін бір топ кәрістер Қазақстанға шақыртылып, олар Сыр диқаншыларына өз тәжірибелерін көрсеткен. Одан кейін 1937 жылы Қиыр Шығыстан кәрістер Қазақстанға күштеп қоныс аударды. Олардың көп бөлігі Қызылорда облысына жайғасты. Қызылорда облысындағы күріш шаруашылығын игеру мүмкіндіктері ескеріле отырып, жер аударылып келгендердің басым бөлігі Сыр өңіріне орналастырылғаны тарихтан мәлім. Екінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында Сырдария алқабын суландыру және Қызылорда аймағындағы егістік жерлерді игерудің бағдарламасы әзірленді. Аталмыш бағдарламаға сай облыста егіс көлемін 120 мың гектарға жеткізу көзделген. Бұл кездегі республикадағы күріш егістігінің жалпы көлемі – 28,1 мың гектар шамасында ғана болатын.

Екінші дүниежізілік соғыс аяқталғаннан кейін Қызылорда облысында егіс көлемін шұғыл арттыру туралы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің алдына үлкен міндет қойылды. Республикадағы күріш шаруашылығы тың және тыңайған жерлерді игеру арқылы кеңейтіле бастады. 1953 жылы елімізде 29,2 мың гектар жерге күріш егіліп, оның әрбір гектарынан 22,1 центнер өнім жиналды. Нақ осы жылы қоймаға 25,5 мың тонна күріш өткізіліпті. Қызылорда облысында 1953 жылы 34500 гектарға, 1954-1957 жылдары 25000 гектарға күріш егілген. Ал 1957 жылдан бастап республикада күріш плантацияларын ирригациялық түрде орналастыруға қажетті жұмыстардың талапқа сай жүргізілмеуінен күріш егісінің көлемі жыл сайын азая бастады. 1958 жылы өңірдегі күріш егісінің көлемі 18,3 мың гектар болса, 1960 жылы 13,1 мың гектарға ғана жеткен. Араға біраз уақыт салып Қызылорда топырағына егілген күріш көлемі қайта ұлғая бастады. Мысалы, 1965 жылы облыста 35,3 мың гектар жерге күріш егілді. Ал 1968 жылы күріш егісінің көлемі 54,5 мың гектарға жетті. Өңірдегі күріш шаруашылығына баса назар аударған ауыл шаруашылығы қызметкерлері 1970-75 жылдары облыс бойынша 283 бригада ұйымдастырып, оның 195-і күріш егу жұмыстарына тартылды. Осының нәтижесінде Қызылорда облысында 1970 жылы 62,6 мың гектарға, 1971 жылы 70,4 мың гектарға, 1972 жылы 70,7 мың гектарға, 1973 жылы 74,1 мың гектарға күріш егілді. 80-жылдары Қызылорда облысында егілген күріштің әрбір гектарынан 49 центнерден өнім жиналды. Бұл көрсеткіш 1960 жылмен салыстырғанда 2,7 есеге артты. 1970-75 жылдар аралығында Сыр өңірінде жыл сайын мемлекетке 215,6 мың тонна күріш тапсырылатын. Ал 1975-80 жылдары мемлекетке тапсырылатын күріш көлемі 300 мың тоннаға жетті. 1980 жылы Сыр диқандары мемлекетке 372 мың тонна күріш өткізді. Сыр бойынан республиканың астық қоймасына бес жылда 22,7 миллион пұт маржан күріш қосылды. Дәл осы 1970-80 жылдар аралығында Қызылорда облысында ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың жолын қуатын диқандар қатары көбейе түсті.

80-жылдардың алғашқы үш жылында еліміздің күріш өсіретін диқандары үшін ауа-райы қолайсыз болды. Бұрын-соңды болмаған, ұзаққа созылған жауын-шашынды көктем күріш дақылын егуді қиындатып жіберді. Сонда да осы жылдары мемлекеттің қоймасына 2,2 миллион пұт астық жоспардағыдан артық құйылды, ал Қызылорда облысы бойынша күріштің әрбір гектарынан 45,7 центнер өнім жиналды. Сыр өңіріндегі күріш егісінің көлемі 1986-90 жылдар аралығында 96 мың гектарға жеткен. Бұл жылдары еліміздегі күріш өндіру көлемі 12 пайызға, егіс көлемі 4,6 пайызға дейін ұлғайған. 90-жылдардың басында Қызылорда облысындағы күріш егісінің жалпы көлемі 105 мың гектарды құрады. Осылайша, Сыр өңірі ақ күрішті алқапқа айналды. Күріш дәнінің жалпы өнімі 1990 жылы 426,6 миллион тоннаға жетті.

Бүгінде Қызылорда облысы республиканың 90 пайызын күрішпен қамтамасыз етіп отыр. Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары қазір әр гектардан 49 центнер өнім алады. «Облыстағы ауыл шаруашылығы жағдайының нәтижесі жаман емес. Ең басты жетістігіміз – күріштің рекордтық көлемде жиналуы. Нәтижесінде әр гектардан 49 центнерден өнім жиналды. Қызылорда облысы республикалық рейтингте өсім қарқыны бойынша екінші орынға шықты. Мұның өзі Сыр диқаншыларының жоғары жетістіктерге жете алатынын дә­лелдейді және бізге даму қарқынын төмендетуге болмайды», – деген болатын Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев. Аймақ басшысының «қарқынды төмендетуге болмайды» деген ін басшылыққа алған Сыр диқандары биылғы жылы күріш егу науқанын әдеттегіден ерте бастап кетті.

Өткен жылы Қызылорда облысында мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау мен өңір ди­қаншыларының үлкен еңбегі арқасында жоспарланған 76639 гектардың орнына 80694 гектар жерге күріш егілді. Бұл көрсеткіш 2013 жылмен салыстырғанда 6,7 мың гектарға артық. Былтыр өңірде күріш егетін шаруашылықтарды алдын-ала несиелендіруге көңіл бөлінген. Облыс басшысы Қырымбек Елеуұлының тікелей қолдауының арқасында өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының күзде жиналатын күрішінің бір келісін сатып алу жөніндегі шешім де өткен жылы күріш егісі көлемінің артуына өз ықпалын тигізді. Облыстың күріш шаруашылықтарынан күріш салысын алдын-ала сатып алуға несие қарастырылып, былтыр «Агро Холдинг Байқоңыр» ЖШС арқылы 42 шаруашылыққа күзгі егіннен жиналатын күріш салысын сатып алу жөніндегі келісімшарт негізінде егу жұмыстарын жүргізуге барлығы 772,4 миллион теңге қаржы бөлінді.

Сыр диқандары топырақтың тұздылығына қарамастан күріштен жақсы өнім алуда. Жыл басында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Қызылорда облысына сапары кезінде өңірдегі «Жалағаш» элеваторының жұмысымен таныс­қан болатын. Аталмыш элеваторда өткен жылы 16,2 мың тонна күріш өңделіпті. Элеватордың жұмысы ұтымды ұйымдастырылған. Шаруашылықтардың күріші егін науқаны басталмай жатып сатып алынады. Сол себепті, шаруашылықтар күзде өнімін қайда өткізетіндігі туралы уайымдамайды. Қазір аймақта тағы да тәулігіне 150 мың тонна күріш өңдейтін зауыттың құрылысы жүруде.

Күріш шаруашылығының жұмы­сын жүйелеу мақсатында бәсекеге қабілетті күріштің жаңа сорттарын шығару, озық технологиялар мен шетелдік жетістіктерді тәжірибеге енгізу секілді жұмыстарды атқаруға мән беріліп отыр. Осы мақсатта Қызылорда облысындағы Ыбырай Жақаев атындағы «Қазақ күріш шаруашылығы институты» ЖШС ғалымдары өздері жасап шығарған «ҚазЕР» сортын өндірістік сынау мақсатында Қазалы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандарында егуді жоспарлауда. Сонымен қатар, өткен жылы облыс диқандары «Светлый», «Южный» секілді жаңа сорттарды да сынақтан өткізген. Бүгінде жиі қолданылып жүрген «Ақмаржан» сорты сонау 1983 жылы өндіріске енгізілген. Одан кейін отандық ғалымдар өзге жаңа сортты өндіріске енгізбеген екен.

Осыдан екі жыл бұрын облыста күріш өндірумен айналысатын шаруашылықтар саны санаулы ғана болатын. Осы турасында облыс басшысы Қырымбек Көшербаев: «Осы ғасырдың бас кезінде облыстың күріш өндірісіне бірнеше ірі инвесторлар келгенін барлығыңыз жақсы білесіздер. Олар – «Қазақстан күріш компаниясы», «Томирис» (кейіннен «Дихан күріш компаниясы»), «Шапағат» (кейіннен «Алуан ас») ЖШС-лері. Аталған инвесторлар тарапынан күріш өндіруге инвестиция тартылып, әрқайсысы 4-10 мың гектарға дейін күріш еккен. Дегенмен бүгінгі күнге аталған компаниялар серіктестік негізде жұмыс жасаған күріш шаруашылықтарын  орта жолда тастап кетіп, қазіргі кезде олардан қалған шаруашылықтарға күріш егу үшін биылғы жылы қаржылай және материалдық көмек жасауға мәжбүр болып отырмыз. Облыста жеке тұлғалардан қаржы алып, күріш өндірумен айналысатын шаруашылықтар бар. Біздегі мәлімет бойынша олардағы күріш егісінің көлемі 17 мың гектардан астам. Олар шаруашылық басшыларымен келісімшартқа отырып, күзде әр килограмм күріш бағасын 25-27 теңге аралығында алып келсе, үстіміздегі жылы 30 теңге көлемінде бағалап отыр. Бұл жасалынған келісімшарт шаруашылықта өндірілген өнім түгелдей инвестор кәсіпкердің игілігіне өтуіне жағдай жасайды», – деген болатын. Қызылорда облысында күріш өсірумен 371-ден астам шаруашылық құрылымдары айналысады. Жыл сайын күріш егісі 74-75 мың гектарды құраса оның 34,3 мың гектары немесе 46 пайызы 1000 гектардан астам егетін 19 ірі шаруашылықтың үлесінде, 17,4 мың гектары немесе 23 пайызы 500 бен 1000 гектар аралығында егетін 24 шаруашылық үлесінде болса, 22,4 мың гектары немесе 30,2 пайызы 500 гектардан кем егетін 328 майда шаруашылықтар үлесінде. Облыс басшысының сөзіне сенсек, өңірдегі күріш егетін майда шаруашылықтарды ірілендіру жұмыстарын қолға алу керек. Бұл жерде майда шаруашылықтарға қысым көрсетпей, оларды өз ерік­терімен бірлесуіне жағдай туғызу қажет.  Себебі  ұсақ ша­руашылықтар егін егу және жинау жұмыстарын жүргізуге қажетті техникаларының же­тіс­пеуіне байланыс­ты, ірі шаруашылықтардың техни­каларының босауын күтіп отырады екен. Осы жағынан алып қарасақ, ұсақ шаруашылықтар күріш өсірудің барлық агротехнологиясын сақтап отыр дегенге сену қиындау. Дәл осындай қиыншылықтар күріш жинау кезінде де қайталанады. Ірі шаруашылықтар күрішін жинап болмай,  ұсақ  шаруашылықтардың үлесіне комбайндар тимейді.

Бірақ қазір еліміздегі аграр­лық секторға көрсетілген мемле­кеттік қолдау көлемі айтарлықтай өскен. Өткен жылы аталған саланы қолдауға жергілікті бюджеттен 8 миллиард теңге бөлініп, 2013 жылмен салыстырғанда 47 пайызға артқан. Сонымен бірге, былтырғы жылы барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 158,4 мың гектарды құраған еді. Өткен жылы ауыл шаруашылығы дақылдарына күтіп-баптау жұмыстары агротехникалық талаптарға сәй­кес жүргізіліп, уақытылы жинап алуға қол жеткізілді. Бастапқы салмақта 371 мың тонна дәнді-дақылдар жиналып,  2013 жылмен салыстырғанда 32,7 мың тоннаға ұлғайды. Үстіміздегі жылы ауылшаруашылығы саласында  құны 6945 миллион теңгенің 9 инвестициялық жобасы жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ, «АгроЭкоПродукт» ЖШС Қызылорда қаласында 5,7 гектар көлеміндегі өндірістік жылыжай құрылысын жүргізіп жане «Жан-Арай» ЖШС Қызылорда қаласында қуаттылығы сағатына   12 тонналық күріш өңдеу зауытын іске қосуды 2015 жылға жос­парлап отыр.

Қазақстан Республикасының бүгінгі күнгі экономикалық қарқынды даму жағдайында, бәсекеге қабілетті 30 елдің қата­ры­на кіру стратегиясында ел экономикасының күре тамыры болып табылатын ауыл­шаруашылық өнімдерін өндіруді жан-жақты дамытуға аса көңіл бөлу қажет екенін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауында атап айтқан болатын. Осы бағытта Қызылорда облысының да аймақтық индустриалды-инновациялық даму бағыттары анықталып, сол бойынша жұмыс жүргізілуде. Ал Қызылорда өңірінде күріш кластерін дамытуды мемлекет мықтап қолға алғанын мақтанышпен айта кетуіміз керек.