Қадірі қашқан мамандық

Қадірі қашқан мамандық

Қадірі қашқан  мамандық
ашық дереккөзі
Мектептің де, қоғамның да, білім мен ғылымның да, ұлттың да бір жанашыры – ұстаз. Ал ұстаздың беделі – елдің абыройы. Қазақтың «ұстаз – ұлы есім» дейтіні сондықтан. Бала санасына білім нәрін сеуіп, шәкіртіне білгенін үйретуден жалықпайтын мұғалімдердің арқалаған жүгі ауыр. Бүгінгі күні ұстаздар қауымына тіптен көп міндет жүктеліп отырғаны да жиі сөз болады. Шәкірттеріне білім беруден бөлек қағаз толтырудан қолы босамайтын ұстаздардың мұңына құлақ түрген Мәжіліс депутаттары жуырда өткен Үкімет сағатында осы мәселеге қатысты өз ұсыныстарын білдірді.

Қағазбастылықтан құтылу мүмкін  болмай тұр

 Көсемді де, шешенді де, батырды да, асылды да тәрбиелейтін мұғалімдердің кеңсе қызметкеріне айналып бара жатқаны соңғы уақытта жиі айтылуда. Десек те, мұғалімдер қауымын қағазбасталықтан құтқару әзірге мүмкін болмай тұр. Осыны ескерген Мәжіліс депутаты Гүлнар Бижанова Үкімет сағатында ұстаздарды қағазбастылықтан құтқарудың жолын ұсынды. Депутат алқалы жиында мектептегі құжат айналымын Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметіне кіріктіру туралы ұсыныс білдірген еді. Гүлнар Бижанованың айтуынша, құжаттар мен есептерден басы қатқан мұғалім балаға жеткілікті көңіл бөле алмайды. «Білім және ғылым министрлігінің назарын төмендегі жағдайға аударғымыз келеді. Түрлі формадағы құжаттар мен есептерден басы қатып жүрген ұстаз балаға қалай көңіл бөле алады? Ол жүргізіп жүрген жалпыға міндетті оқу құжаты 18 кестеден тұрады, онымен қоймай, учаскелерді аралайды. Бұл қызметтерді баяғыда-ақ Халыққа қызмет көрсету орталығының құзырына беру керек еді. Күнтізбелік, ұзақмерзімді, ортамерзімді, сабақ жоспары, өзіндік даму жоспары, мектеп жоспары, міне, осылардың барлығы фотоесептерімен қатар жүреді, оның үстіне қағаз журналдар, электронды журнал деген сияқты қосымша міндеттері тағы бар», – деді Гүлнар Бижанова. Сонымен қатар, депутат ханым мектеп мұғалімдерінің жұмысына қажетті құралдарды алу үшін өз қалтасынан қаражат жұмсайтындығына да тоқталды. Ол осындай жағдайда мұғалімдерден баланың көңіл-күйі мен жүріс-тұрысын бақылауды қалай талап етуге болатынын түсінбейтінін жеткізді. «Аталған талаптарды қамтамасыз ету үшін мұғалім өзінің азын- аулақ айлығынан бөле жарып, қағаз-қалам сатып алуға мәжбүр. Мен  қағазды түрлі-түсті етіп басып шығаратын принтерді өз басына  несиеге рәсімдеп алған мүғалімдерді білемін. Өйткені оларға жеке-жеке есепті түрлі-түсті етіп қағазға басып шығару қымбатқа түсіп кетеді», – деді депутат. Осындай мәселелерді жіпке тізген депутат Гүлнар Бижанова Білім және ғылым министрлігінен мектеп мұғалімдерін қағазбастылықтан құтқарып, педагогтарға өзінің негізгі жұмысы – бала тәрбиесі және білім берумен айналысуға мүмкіндік беруді сұрады. Бірақ Білім және ғылым министрлігі білім беру жүйесіне өзгерістер мен жаңалықтар енгізсе де, еліміздегі білім ордалары заманауи білім беру жүйесіне көшсе де, қағазбастылыққа тосқауыл жоқ. Тіпті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мұғалім мен дәрігер қағазбастылықты қойсын. Мұғалім баланы оқытсын, дәрігер ауруды емдесін» деп қадап айтқан болатын. Одан бері де бірнеше жыл өткенімен, ұстаздар қағазбастылықтан әлі де арылмағандықтарын айтып, шағымданып жүр. 2015 жылы Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы «мектептердегі қағазбастылық пен тексерулерге мораторий жариялау керек» деген ұсыныс білдірген-ді. «Мектептердегі қағазбастылық мәселесі сын көтермейді. Қазір мұғалімдердің пәнді терең білуі, оған қатысты  ізденуі мен сабақ мазмұнын терең түсіндіріп беруі басты талапқа жатпайтын болып барады. Керісінше, сабақ жоспарының жасалуы, баға қою дәптері, журналдары, Ұлттық бірыңғай тестке дайындау басты көрсеткішке айналуда», – деген Мұрат Бақтияр­ұлы. Сол кезде депутаттың бұл ұсынысын қолдағандардың қатары аз болмады. Шынында да, еліміздің бәсекеге қабілеттілігі білім беру сапасына тікелей байланысты. Алайда ұстаздар қауымы қаптаған қағаз бен бітпейтін комиссиямен әуреге түсіп жүргенде білім қайдан бәсекеге қабілетті болсын... Бір оқу жылында мектептерге бірнеше тексеру комиссиясы келіп-кетеді. Олардың мектепке атбасын бұрғанынан ешқандай пайда жоқ. Тек мұғалімдердің сол комиссияға қажетті құжаттарды әзірлеп, күні-түні қағаз толтырып әбігер болатыны болмаса. Мұғалімнің басты міндеті – оқушыға сапалы білім беру болғанымен, олардың қосымша атқаратын қызметтері шаш-етектен. Тіпті, кейбір мұғалімдердің бітіре алмай жатқан есептерін оқушыларға да тапсырып қоятыны тағы бар. Содан кейін ҰБТ кезінде төмен нәтиже көрсеткен оқушының білім сапасын сынға алып, қажетсіз қағаз толтырумен уақыт өткізген мұғалімдерді кінәлаймыз. Білім және ғылым министрлігіндегілер мұғалімдерді қағазбастылықтан арылту үшін барлық мектептер компьютерлендірілді деп ақталып, мәселенің мәнісін ұғынудан ат-тондарын ала қашады. Бұл – белгілі жайт. Иә, білім саласына жауапты ведомство еліміздегі білім беру нысандарына электронды оқыту жүйесін енгізген болатын. Дәл осы жүйе мұғалімдерді қағазбастылықтан босатады деп күткенбіз. Алайда «e-learning» жүйесінен еш қайыр болмады. Мұғалімдердің мойнындағы жүкті азайтады деп күткен жүйе олардың жұмысын екі есеге арттырды. Бұрын қағаз жүзінде ғана әзірленетін құжаттардың енді электронды нұсқасын да дайындау міндеті жүктелді ұстаздар қауымына. «Шаш ал десе бас алатын» министрлік тағы да мәселені шешеміз деп, одан ары күрделендіріп жібергендерін өздері де түсінбейтін секілді. Қанша сынға ұшыраса да, мінін түзей алмай келе жатқан білім жүйесіндегі олқылықтарға қазір мұғалімдер де көндіккен. Олар қазір сабақ беруді, балаларды оқытуды жайына қалдырып, қағаз толтырумен ғана айналысады. Мектептің басты міндеті – білім беру. Ал оны жүзеге асыратын мұғалімдер. Оларға бұл міндетті орындауға мүмкіндік бермей жүрген құзырлы мекемелерге қажеті мұғалімдердің көз майын тауысып отырып балаға үйреткені емес, әлгі нұсқау бойынша арнайы дайындалған «өтірікке толы» қағаздары. Мектепке тексеру келе қалса, ең алдымен, сол бітпейтін тізім бойынша берілген қағаздарды тексереді, мұғалім мен оқушының білім деңгейін емес. Ал қағазы түгел болмаған мұғалім «біліксіз маман» атанады. Оның ұзақ жылдық тәжірибесі де, басындағы білімі мен ақылы да ескерілмейді. Себебі жоғарыдан қойылған талап сондай. Оған бағынбасқа амал жоқ. Қазіргі уақытта қағазсыз ұстаз қадірсіз ұстазға айналды. Қағаз толтыра білу қазір ұстаздың біліктілігі мен жоғары санатты екендігін айқындайтын болды. Бүгінде мұғалім деген мамандықтың қадірін қашырған да дәл осы қағазбастылық.

 Мұғалімнің құқығын кім қорғайды?

 Ұстаз бейнесі қазіргі таңда білім беру саласындағы ең жағымсыз кейіпкерге айналып бара жатқандай. Мұғалімнің мәртебесі мен мәні жоғала бастады. Бұған кімді кінәлаймыз? Айыптыларды қайдан іздейміз? Ең алдымен, мәселенің түйінін ұстаздың қоғамдағы мәртебесін анықтауға күші жетпеген білім саласына жауапты құзырлы орындардың біліксіздігінен іздеу қажет. Сонымен қатар, бүгінгі қоғам ұстаздан алыстап кетті. Ұстаздың қадірін ұғынбайтындар көбейді. Мұғалімді көзге ілмей, мектепте таяқ жеп жатса да елмейтіндердің қатары артты. Ал мәртебесі төмендеген мамандық иелері басшылық бекіткен барлық талапты орындаудан жалтармайды. Сонда да, мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге тырысатын жан жоқ. Түрлі қоғамдық шаралар мен науқандар кезінде мұғалімдерді жұмысқа жегіп қоятыны да талай әңгімеге тұздық болған. Мерекелік шаралардың билеттерін оқушыларға жалынып жүріп өткізетін де – ұстаздар, сайлау бола қалса, учаскелерде кезекші болатын да – ұстаздар, қала не аудан орталықтарында өтетін шараларға оқушыларды қинап апаратын да – ұстаздар. Осының бәрі ұстаздардың қоғамдағы қадірін қашырып жібергені даусыз. Осы ретте, мұның бәріне мұғалімдерді айыптап шыға келетіндер көп. Бірақ бала-шағасының ас-ауқаты үшін табанынан тозып жұмыс істейтін ұстаздардың жағдайына аса қатты бас ауыртпаймыз. Олардың да айтқанға жүріп, айдағанға көнбеске амалы да жоқ. Өйткені мұғалім сол мектептен алған жалақысымен отбасын асырап отыр. Біле білсеңіз, біздің елде ұстаздың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын бірде-бір заң жобасы жоқ. Ал «Білім туралы» заңда көрсетілген педагог қызметкердің құқықтарын елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Аталмыш заң жобасында «педагог қызметкер өзінің кәсіптік ар-намысы мен қадір-қасиетінің қорғалуына құқылы» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Алайда бұл ұстаздардың беделі мен мәртебесін көтеруге сеп болмай тұр. «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген Ыбырай Алтынсариннің сөзіне құлақ түретіндер аз бүгінде. Бұл күнде ерінбегеннің бәрі мұғалімнің «кемшілігін» бетіне айтып, ұстазды жерден алып, жерге салатын болды. Ұстазының алдын кесіп өтпейтін қазақ қоғамында қазір үлгерімі төмен, тәртіпсіз оқушы үшін ұстазды кінәлайды. Тіпті, шәкірті төпелеп ұрып жатса да, болысудың орнына, мұғалімнің педагогтық біліктілігі жоқ дейді. Үйдегі ата-ана да баласына «саған сөйлеп көрсін, мұғалімнің жанын шығарам» деп баласына дем беріп отыратыны тағы бар. Ата-ананың мұндай сөзін естіген бала ұстазды қайдан сыйласын?! Осыдан кейін бала алдында мұғалімнің беделі қалайша биік болмақ?! Оқушы мен ұстаз арасында кикілжің орын алған жағдайда мектеп басшылығы да мұғалімнің құқығын ескермей, шағымданып келген ата-ананың сөзіне құлақ түреді. Сөйтіп, мұғалімнің оқушымен тіл табыса алмауы оның тәжірибесіздігінен болып, тағы да ұстаз айыпты боп шыға келеді. Ал мұғалімнің құқығын сонда кім қорғайды? Басшылықтан да, ата-анадан да, қала берді оқушысынан да сөз еститін ұстазға кім пана болады?

 Мұғалімнің беделі биік болуы тиіс

 Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мұғалім имиджін көтеру, оның жағымды бейнесін қалыптастыру және тұрақтандыру мәселелері қарастырылған. Оның негізгі міндеттері – білім беру жүйесін жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету және педагог қызметкерлердің еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды күшейту. Аталған бағдарламада педагог қауымы арасында кездесетін проблемалар да көтерілген. Онда педагог еңбегін материалдық және моральдық жағынан ынталандыратын және оның әлеуметтік мәртебесін көтеретін заңнамалық база мен жүйе құрылмағандығы жайлы айтылған. Иә, айтылған... Бірақ осы мәселенің бәрі айтылғанымен, оны жүзеге асыру жағы үнемі ақсап жатады. Сондықтан да болар, бүгінге дейін мұғалім мәртебесін көтеру мәселесі әлі де өзектілігін жойған жоқ. Жалпы, мұғалімнің алдын көрмеген адам жоқ. Бүгінде игі жақсы атанып жүрген министр, депутат, әнші, спортшы, жазушының бәрін үлкен өмірге дайындайтын, жанамын дегенге от, шабамын дегенге ат беретін сол кісілер. Бірақ еңбегі ерен болғанмен, осы мамандық иелері көбіне еленбей жатады. Бұрындары мұғалім келе жатса, ығысып жол беретін, именетін жұрт бүгінде оларды итеріп өте шығатын деңгейге жетті. Тіпті, балама жекідің деп мұғалімді соққыға жыққандарды, қоқан-лоққы жасап қорқытқандарды да естіп жүрміз. Сондай-ақ, жалақының аздығы, әлеуметтік жағдайдың нашарлығы мұғалім атаулының қоғамдағы бедел-салмағының солғын тартуына әкеп соқтырды. Оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде ұстаздың еңбегінің лайықты бағалануы сапаға тікелей әсер ететінін ескерсек, мұғалімнің жалақысын көбейту кезек күттірмес мәселе. Деректерге сенсек, бүгінде мұғалімдердің жалақысы еліміздегі орташа айлық жалақы мөлшерінен 25 пайыздай төмен. Бұл – мұғалімдердің еңбегі әлі де лайықты бағаланбай отырғанының көрінісі. Осы ретте өткен жылдың қыркүйек айында депутат Ирина Смирнова қазақстандық мұғалімдердің жалақысы өте аз екенін айтып, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған еді. Депутат келтірген деректерге сүйенсек, Германия секілді Еуропа елдерінде мұғалімдердің жалақысы 4 мың еуроға дейін жетеді. Ал көршілес Қытай елінде мектеп мұғалімдері кемінде 1 мың АҚШ доллар алады. «Бізде болса, мұғалімдердің еңбекақысы 40-50 мың теңгені құрайды. Класс жетекшілігі үшін 5-ақ мың қосады. Ондай жүйемен білім беру саласын дамыту қиын. Қазақстан да білім беру саласын қаржыландыру көлемін ішкі жалпы өнімге шаққанда 6-9 пайызға дейін жеткізуі тиіс», – деп атап көрсеткен-ді депутат Смирнова. Жыл сайын республикалық бюджеттен мемлекеттік тапсырыс ретінде педагогикалық мамандықтарға миллиардтаған қаражат бөлінеді. 2015-2016 оқу жылында жалпы саны 32 168 гранттың 3 689-ы педагогикалық мамандыққа берілсе, биылғы 2016-2017 оқу жылына бөлінген 31 700 гранттың 5000-ы аталған мамандықтарға тиесілі болды. Соңғы зерттеулер көрсеткендей, диплом алған жас педагогтардың саны елімізде жеткілікті. Дегенмен, олардың көпшілігі өздерінің мамандықтары бойынша қызмет атқаруға талпына қоймайды. Мұның себебі тағы да жалақының аздығына келіп тіреледі. Ұстаздың қадірі, мұғалімнің мәртебесі туралы Мағжан Жұмабаевтың: «Алты Алаштың басы қосылса төрдегі орын мұғалімдікі» – деуі тегін болмаса керек. Иә, ұстазға тән қасиеттің барлығы олардың бойынан табылып тұрса, ешкім оған негізсіз мін таға алмайтыны да анық. Бұл тұрғыдан келгенде ұстазда ұқыпты, білікті, жан-жақты заман азаматы болуы тиіс. Мұғалімнің ең негізгі миссиясы – оқушының өз-өзін тануға, дамытуға әрдайым ықпал жасау.  Мұғалім де, оқушы да өз міндетін атқарып, бір-біріне сыйластықпен қарағанға не жетсін?! Қалай десек те, бүгінгі күнде мұғалім басындағы түйткілді мәселелердің бар екені жасырын емес. Сондықтан, ең алдымен мемлекет білім саласындағы мәселелердің шешімін табу керек. Бәлкім сонда қоғамдағы мұғалімнің мәртебесі артатын болар. Ал мұғалімнің мәртебесі артса, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолға қойылады.