Қазақ дипломатиясының ханшайымы

Қазақ дипломатиясының ханшайымы

Қазақ  дипломатиясының  ханшайымы
ашық дереккөзі

Балжан Бөлтірікқызының туғанына 95 жыл толуына орай

Өткен ғасырда өмір сүрген француз философы Жюль Камбон елшілердің елеусіз қалатын еңбегі туралы: «Тарихшылар солдаттарға қарағанда, дипломаттардың есімін әйгілей бермейді, кейбіреулері тіпті ескерусіз қалады», – дейді жазбаларында. Қазақтың маңдайына біткен қайраткерлердің қай-қайсысының де еңбегі еленіп, мерейі асқаны абзал, әрине. Еңбек жолын қарапайым ұстаздықтан бастап, министр, дипломат дәрежесіне көтеріліп, әлемдік мінберде бүтін бір елдің атынан сөз сөйлеген қазақ қызының еңбегі ерен. Бірақ есімі ел есінде еміс-еміс қалғаны өкінішті-ақ. Қазақтан шыққан тұңғыш әйел Сыртқы істер министрі, Қазақ КСР-інің әлеуметтік қорғау, ағарту министрі қызметтерін абыроймен атқарған Балжан Бөлтірікованың биыл 95 жылдық мерейтойы. Осындай айтулы датада қайраткер ананың үйіне баруды жөн көрдік. Қара шаңырақты ұстап отырған қызы – Бағлан Қожабаевамен жүздесіп, төрт бала тәрбиелеп өсірген Балжан Бөлтірікқызын жаңадан тани түскендейміз, жүректі де жаны жайсаң кісі болғанын біле түстік. – Мен үшін биылғы жыл ерекше жыл. Биыл әкем Ескендір Қожабаевтың 100 жылдығы, анам Балжан Бөлтірікованың 95 жылдығы, өзім 70-ке толып отырмын. Ата-анам айрықша кісілер болатын. Әрқайсысы өз заманында халыққа барынша еңбек сіңірген, адал жандар еді. Әке-шешемді еске алғанда, ойымнан кетпейтін бір көрініс бар. Әкем музыкалық аспаптардың құлағында ойнайтын. Әкемнің тартқан әуеніне ілесіп, анам әсем ән салатын. Иә, анамның даусы ерекше еді, екінің бірі ол кісінің әуелетіп ән салатынын біле бермейтін. Айрандай ұйыған отбасының осындай сәттерінде жетіп келіп, анамның қасына отырып ән тыңдайтынмын. Әкемнің жолдасы – композитор Байқадамов болса, достары қалай ән айтпасын?! – деп бастады әңгімесін Бағлан апа.

21 жасар директор

Балжан Бөлтірікқызы көпбалалы отбасында дүниеге келген, өзі де қым-қиғаш жұмысына қарамастан төрт бала тәрбиелеген ана. Болашақта мектеп директоры, министр қызметтерін абыроймен атқарған Балжанның бала күніндегі бір оқиға оның өмірлік көзқарасына тікелей әсер еткен екен. Өзі туып-өскен Қордай асуы маңындағы Қасық ауылының орта мектебінде озат оқушы, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын Балжан жетінші сынып оқып жүргенде Мәскеуге жолдама алады. Осылайша оқушылар пленумына қатысып келген Балжан орысша бір сөз білмейтініне қынжылады. Мектепті алтын белгіге аяқтап, Алматыда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығына оқуға түседі. Осы университет қабырғасында репрессия кезінде Ленинградтан жер аударылған Любовь Федулова есімді орыс тілі мұғалімінен Балжан тілді ғана емес, білім-ғылымды да үйренеді. Барынша оқып-білуге тырысатын ол мұғалімнің барлық қосымша сабақтарына қатысып, ең аяғы төлейтін ақшасы болмағандықтан, еденін жуып беретін болған. Ал ұстаз өз кезегінде ұстаздық тәлім мен орыс тілін үйретеді. Осылайша Балжан университет қабырғасында да озат атанып, сталиндік стипендия иегері атанады. Ол кезде кәдімгі стипендия – 30 рубль болса, сталиндік стипендия – 500 рубль болған. Осы жылдары Фрунзе ауданы еңбекшілерінің депутаттар кеңесіне сайланады. «Әкеммен де осы кезде танысқан. Оларды таныстырған әкемнің досы, композитор Байқадамов болатын. Жарты ғасырдан астам отасты. Бір-біріне сыйластықты осы кісілерден үйренуге болады, анамның іссапарлары кезінде әкем оның жоқтығын білдірмеуге тырысушы еді. Айтпақшы, анама сол жылдары Лепсіге жолдама берілді» дейді Бағлан апай. Лепсіде Балжан Бөлтірікова оқу меңгерушісі қызметін атқарды және бұл қызметте көп бөгелген жоқ. Әйгілі №12 мектеп директорлығына тағайындалып, Алматыға қайта шақыртты. «Бұл қиын жылдар болатын. Мектеп дегенде ол кезде қазіргі ғимарат жоқ. Ескі үй, жеткіліксіз дүниелері көп. Мектептің бір бұрышында біз отбасымызбен тұрдық, анам өзі күзетші, өзі ағаш шебері, бәрін өзі жүгіріп жүріп жасайтын. Ал әкем еліміздегі алғашқы заңгерлердің бірі, заң мектебінің бірінші директоры болып тағайындалды. Әйтеуір сол жылдары орта мектепті жөндеуге жапон тұтқындары жіберілді. Анам олардың тамағын жасап, бірге жөндесіп жүретін. Бала оқытудың сыртында шаруашылық мәселелер көп болатын. Ерлер соғысқа кеткен, ұстаздар тапшылығы бар. Жоқтан бар жасап, мектепті аяқтан тұрғызды, балалардың оқуы үзілген жоқ. Ал анам осындай жемісті еңбегі үшін көзге ілініп, алдағы қызметтерінде қажет болатын тәжірибені осы жерде жинақтады деп айтуға болады», – деп еске алды Бағлан апай. Бар-жоғы 21 жасында мектеп директоры болды, осы жауапкершілікті жастайынан көтерді, іліп әкетті. Ал білдей бір мектепті аяқтан тұрғызып, қаладағы ең мақтаулы оқу орындарының қатарына қосу ерен еңбектің жемісі.

Байсалды министр атанған

1949-1955 жылдары Қазақ КСР-інің Бастауыш және орта мектеп кәсіподақ қызметкерлері орталық комитетінің төрайымы болып сайланады. Балжанның саяси өміріндегі ең жауапты кезі еді. Оның ұйымдастырушылық қабілеті көзге түсті. Мұғалімдердің материалдық жағдайы, еңбек ету мен тұрмыс жағдайы, балалар мен отбасылық демалыстарды реттеуді соғыстан кейінгі ауыр жылдарда шашау шығармай атқару екінің бірінің қолынан келмейді де. 1956-1966 жылдары Қазақ КСР-інің Әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды. «Қазақстан компартиясының Орталық комитеті анамды шақырып алып, «жауапты екі қызметті ұсынбақшымыз. Қай-қайсына да сенің көмегің қажет» дейді. Сонда анам ойланбастан Әлеуметтік қорғауды таңдайды. Риза болған ОК бірінші хатшысы П.К.Пономаренко «Умничка» деп құптайды. Небәрі 34 жасында алып республиканың министрі болды. Бір мектеп емес, қала емес, қаншама халыққа жауапты болды. Оның үстіне бұл соғыстан кейінгі ел еңсесін енді көтерген ауыр кезеңдер болатын. Соғыстан қайтқан мүгедек жандар, үйсіз-күйсіз қалған тұрғындар, барлығы-барлығы анама келетін. Бірде анамның жұмысына барып, «мамам қайда?» деп сұраймын ғой балалық көңілмен, олар «мамаң кім» дейді қызықтап, ал мен «Мамам аяғы жоқтар мен қолы жоқтардың бастығы» деп жауап беретінмін», – дейді Бағлан апай. Бұл жылдары асыраушысынан айрылғандар, соғыстан оралған жарымжан жандар, жалпы халықтың аз қорғалған бөлігі көмекке мұқтаж еді. Балжан Бөлтірікқызы осы жандарды орналастырып, мәселесін шешуді бірінші орынға қойды. Бағлан апайдың айтуынша, жұмысында ылғи аяғы жоқ, қолы жоқ жандар жиі отыратын және министр олардың барлығын да қабылдайтын. Жай ғана өтінішін тыңдап қоймай, мәселесін түбегейлі шешіп беруге тырысатын. Мысалы, өз басында үйі болмаса да, алдына келгендердің көпшілігіне үй алуға көмектеседі. Ал екі аяғы, бір қолы жоқ, соғыс ардагеріне көлік беруге бұйрық береді. Ер адамның өзіне ауыр тиетін мәселелерде тайсалмай шешім қабылдады. Балжан Бөлтірікқызы Әлеуметтік қорғау министрі болған жылдары қыруар жұмыс атқарылды. Алматыда Протезді-ортопедиялық зауыт ашылды. Ол күні бүгінге дейін жұмыс істеп тұр. Қарттар үйі ашылды, бүгінгі «Ардагердің» ғимараты салынды. Сонымен қатар Әлеуметтік қорғау министрлігінің жаңа ғимараты тұрғызылды. Ең бастысы, республикадағы тұңғыш Әлеуметтік қорғау туралы заңның жасалуы мен қабылдауына тікелей қатысты. Ал Балжан Бөлтірікқызының көзін көргендер оның әлеуметтік қорғау мен ағарту саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенін жаңылмай айтады. Ал әріптестері оны «байсалды министр» деп атаған екен. Бағлан апайдың айтуынша, Балжан Бөлтірікқызы қарапайым, ұяң, көп күлмейтін болса керек. 1964 жылы Балжанның отбасы көпқабатты үйлердің бірінен пәтер алады. Осыған дейін Балжан ешқашан үй де, көлік те сұрамаған. Ал қымбат дүкендерге түсетін тауарлардың тізімін бекіткен соң, Дінмұхамед Ахметұлы қарап шығып: «Балжан Бөлтірікқызы тағы да өзіне ештеңе алмапты» дейді екен. Бағлан апайдың айтуынша, ол кезде министрлер қазіргідей шалқып өмір сүрген жоқ. «Кейде асарға етіміз де болмай қалатын күндер болатын. Ал анам дүкендерге түсетін дефицит заттарға қызыққан емес, оған ақшамыз да жетпейтін», – дейді. Балжанның қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, республикалық мәселелерге ден қойып, бар уақытын соған арнауына мүмкіндік беріп, оны қолдап-қоштап отырған оның жұбайы Ескендір Қожабаев пен енесі Бибісара. Е.Қожабаев тамаша заңгер ғалым еді, қазақ арасынан ең алғашқылардың бірі болып құқықтану мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған, «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген заңгері» құрметті атағын иеленді және КСРО Журналистер одағының мүшесі болды. Өмірінің соңғы жылдарына дейін Ескендір аға «Білім» қоғамының құрметті және белсенді дәріскері болып, өзінің бай ғылыми және кәсіби тәжірибесін жастармен бөлісті. Оның шәкірттері Қазақстан Конституциясын құрастырды.

Киссинджирді сан соқтырған қазақ қызы

1966-1971 жылдары Балжан Бөлтірікқызы Қазақ КСР-інің Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Сол жылы КСРО Жоғарғы кеңесінің Ұлттар палатасының депутаты болып сайланды. Осылайша Одақ көлемінде сыртқы саяси мәселелерге атсалысты, Азия мен Африка елдері халқымен ынтымақтастық комитетінің, Кеңес әйелдері комитетінің жұмысына араласты. Бұл еңбегінің нәтижесінде Сыртқы істер министрі лауазымына тағайындалды. Ол қазақтан шыққан, Сыртқы істер министрі болған тұңғыш әйел. Оның есімі Нәзір Төреқұлов, Төлеген Тәжібаев, Қайырғали Байғалиев, Асқар Зәкәрин, Әди Шәріпов, Мәлік Фазылов, Мүсілім Базарбаев, Михаил (Хакім) Есенәлиев сияқты қазақ дипломатиясына еңбегі сіңген ірі тұлғалардың есімімен қатар аталады. Балжан Бөлтірікова БҰҰ Бас ассамблеясының XXI және XXV сессияларына Кеңес Одағының ресми делегациясын бастап барды. Ол қазақтан шыққан тұңғыш әйел дипломат, ел атынан БҰҰ мінберінде сөз сөйлеген қазақ қызы. Сол жылдары КСРО сыртқы істер министрі болған, кеңес дипломатиясының корифейі А.Громыко Нью-Йорктен қайтқан сапарында Балжан туралы жылы лебіз айтатын, себебі Балжанның Кеңес Одағы үшін атқарған еңбегі зор еді. Балжанның бұл ерлігі туралы неше рет айтылды, әлем дипломаттарын мойындатты да. Бұл «қырғи-қабақ» соғыстың тұсы еді. Америка Құрама Штаттары БҰҰ арқылы өз саясатын жүзеге асыру мақсатында, БҰҰ жанынан дүние жүзі халықтарының шағымын қарайтын «Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссия» құрып, оған комиссар тағайындамақ болады. Бірақ бұл аталған мәселе Кеңес Одағының қыршаңқы саясатына қайшы болатын. Жасыратыны жоқ, Одақ республикаларындағы жағдай Адам құқықтарының талаптарына сай емес еді. Сондықтан Громыко бастаған Кеңес Одағы делегациясы бұл лауазымды болдырмау мақсатында әрекет етеді. Осы оқиғада Балжан Бөлтірікованың еңбегі шешуші фактор болды. Ол халықаралық делегациялар өкілдерін, Азия мен Африка делегациясын қонаққа шақырып, ұлттық нақышта дастарқан жаяды. Кейінірек, Балжан апай сол қиын келіссөздер барысында табысқа қол жеткізуге кеңестік делегация ұйымдастырған қабылдаудың мәзіріне енгізілген, өз қолымен әзірленген қазақша ет айрықша рөл атқарғанын баяндап берді. Бұл тағамды Азия мен Африка елдері делегаттары ұнатады. Кеңес Одағының мүдделеріне қайшы Батыстың бастамасына тосқауыл қою туралы түпкілікті уағдаластыққа сол қабылдаудың нәтижесінде қол жеткізіледі. Осы отырыста АҚШ-тың көздегені іске аспай, Балжан айласын асырады. Әуелде Жоғарғы комиссар қызметіне америкалықтар Иран ханшайымын ұсынса, француздар Конго министрін ұсынады. Аталмыш отырыста Қазақстан делегаты Балжан Бөлтірікова Иран ханшайымына екінші үміткердің жеңісін тойлап жатқанын байқаусызда айтады, сондай-ақ бұл істе Кеңес Одағының Азия елдерінің мүддесін қорғайтынын жеткізеді. Ертеңінде Иран ханшайымы Жоғарғы кеңестің құрылуына қарсы дауыс беріп, Одақтың есебі түгенделеді. Осы табысы үшін Балжан Бөлтірікова Громыконың ұсынуымен «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Ал әлемдік дипломаттардың басын қатырған Адам құқықтары жөніндегі комиссия 1993 жылы ғана құрылды. «БҰҰ-ның рәсімдік ережелеріне сәйкес, сол кездері Бас Ассамблеяның барлық ресми отырыстары стенография әдісі арқылы жазылғанын атап өту қажет (қазіргі уақытта дыбыс және бейнежазу қолданылады). БҰҰ Кітапханасының техникалық қолдауымен Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің кызметкерлері Балжан Бөлтірікқызының атақты жасыл мінберден Кеңес Одағының атынан жасаған баяндамаларын тауып алған. Алайда стено­граммалар дипломатиялық қызметтің барлық қыр-сыры мен құпияларын толықтай көрсете алмайды» деп көрсетті ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов. Осы оқиға туралы АҚШ-тың әккі саясаткері Генри Киссинджир өз мемуарларында атап көрсетеді. Онда «еркек дипломаттарды қалай да алдауға болады, бірақ әйел дипломаттардан қулығыңды асыру мүмкін емес. Дипломатия білектіні бүгетін өнер» деп жазады да, Балжан Бөлтірікованың есімін атайды. Балжан Бөлтірікова 1971 жылы Ағарту министрі болып тағайындалды. Осы жылдары республика жалпы орта білімге көшті, ауылды жерлер мен шалғайдағы шопандардың балалары оқитын интернаттар, мектепке дейінгі даярлық сыныптары мен мектептері ашылып, саны ұлғая түсті. Кезінде кәсіподақта қызмет еткенде қазақ мектептерінде бастауыш сыныпты сақтап қалу туралы ұсынысын Қазақстан Жоғарғы Кеңесі президиумында қорғап, іс жүзінде сақтап қалады. Сонымен қатар мектептерде жоғары білімді педагогтардың сабақ беруін талап етеді. Ол үшін Қазақстанның жоғарғы оқу орнын Ағарту министрінің құзырына беріп, жоғарғы және орта білім министрлігін бөліп беруді талап етеді. Кезінде мұғалім болып, осы саланың қыр-сырын, жетіспеушілігі мен артықшылығын бір кісідей білетін маманның барлық ұсыныстары негізді еді, сондықтан да бірден қолдауға ие болып, әріптестерінің де, қоғамның да ризашылығына ие болды. Б.Бөлтірікова халықаралық пішімдегі бірқатар форумдарға қатысып, Жапония, АҚШ, Корея, ІІІвейцария, Чехословакия, Сирия, Мысыр, Цейлон (Шри-Ланка), сондай-ақ әлемнің басқа да елдеріне жұмыс сапарларымен барып, барлық жерде Қазақстан атынан лайықты түрде өкілдік етті. «Білесіз бе, анам Жапонияға өкіл болғанда, жапондықтар Одақтан Балжан Бөлтірікқызының сайлануын қалапты. Сөйтсе, онымен жұмыс істеуге ықылас танытқан жапондар кезінде Қазақстанда тұтқында болып, анама №12 мектепті жөндеуге көмектескендер екен. Олар анамның қолынан ас ішіп, мектепті қандай жанкештілікпен өз қолымен көтергенін көрген еді», – дейді Бағлан апай.

Қайраткердің атында көше де жоқ...

Өзінің ұзақ жылдарға созылған қызметі үшін ол үш орденмен, жеті медальмен, соның ішінде «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан Республикасының және Одақтық қоғамдық ұйымдардың дипломдарымен марапатталды. Балжан Бөлтірікованың аты мен өмірбаяны Кембриджде басып шығарылатын «Әйелдердің арасында кімнің кім екені» халықаралық анықтамалығында, Қазақ КСР-і энциклопедиясында, Одақтық және республикалық басылымдарда жарияланды. Бүгінде Балжан апайдың артында қалған тұяғы бар. Ізін жалғап отырған ізбасарлары бар. Балжан мен Ескендір аға екі ұл, екі қыз тәрбиеледі. Қыздары – Лаура, қытай тілінің маманы, бес тілді жетік меңгереді. Бағлан – ҚазҰПУ профессоры, қара шаңырақтың иесі. Ұлы – Алматтан Арман мен Әлжан есімді ұлдар бар. Ұлы – Руслан, Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары қызметін атқаруда. Бағлан апайдың өкінішпен еске алған жайттарының бірі «ер есімінің аталмауы». Балжан Бөлтірікованың атында көше де жоқ. «Біз Гагарин мен Родостовец арасындағы кішкентай он-он бес үйі бар Армавирская көшесін Балжан Бөлтірікованың атына жүгіріп жүріп жаздырып едік. Номер қойылған тақтайшаларды өз қолымызбен қағып шыққан едік. Қазір бұл көше жер бетінде жоқ, сыпырып тастаған. Сонымен анамның атына берілген титімдей көшенің де жоқтығы жанға батады» деген өкінішін жасырмады. Ең өкініштісі де осы, қазақ өзінің атын әлемге танытқан ұл-қыздарының есімін қастерлеуді ойға да ала бермейді...