6 Қазан 2016, 12:56 3049 0 Сыртқы саясат Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

80 млн доллардың балық өнімдері экспортқа шығады

Қазақстан жылына 80 млн. доллардың балық өнімдерін экспортқа шығарады. Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті.

«Қазақстанның табиғи су айдындарында жыл сайын щамамен 40-45 мың тонна балық ауланады. Сонымен бірге балық өсіру кәсіпорындары жылына 500-700 тоннаға жуық тауарлы балық өсіреді.  Солай бола тұра жыл сайын шамамен 45-50 мың тонна мұхит балықтарының түрлері әкелінсе, 22 мың тоннадан астам балық өнімдері экспортқа шығарылады. Бүгінгі таңда мал шаруашылығы өнімдері экспортының 50 пайызына дейінгі көлемі балық өнімдеріне тиесілі. Экспорт сомасы жылына 80 млн. АҚШ долларына дейін жетеді», - деді вице-миинстр.

Оның атап өтуінше, отандық балық өнімдері негізінен Еуропалық одақ елдеріне экспортталады және дүниежүзілік нарықта бәсекеге қабілетті.  Соңғы жылдары балық өнімдерінің экспорты жаңа нарықтарға бағдарлануда.

«Бүгінгі таңда 19 кәсіпорын Қытайға балық өнімдерін экспорттаушылар тізіліміне енгізілген. Қытайға балық өнімдерінің экспорты жылына 2 мың тоннаға дейін көбейеді деп үміттенеміз», - деді Е.Нысанбаев.

Вице-министрдің деректеріне қарағанда, 2015 жылы Қазақстан Қытайға 1039 тонна, ал осы жылдың 5 айында 465 тонна балық экспорттаған.

«Қазіргі кезде өңірлерде балық өңдеуді 60-тан астам кәсіпорын жүзеге асырады. Алайда бүгінгі таңда олардың өндірістік қуатының жұмыс істеуі 50 пайызға да жетпейді. Осыған байланысты балық шаруашылығының экспорттық әлеуметін одан ары арттырумен қатар Каспий теңізінің ресурстарын неғұрлым толық игеру және тауарлы балық өсіруді дамыту есебінен импортты алмастыру негізгі міндеттердің бірі болып белгіленді», - деді ол.

Айта кетерлігі, Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінде еліміздегі  балық шаруашылығының жағдайы және даму мәселелері тақырыбында отырыс өтуде.

 

Соңғы жаңалықтар