Қандастардың атажұртқа келу үрдісі жеңілдетілмек – Мағауия Сарбасов

Қандастардың атажұртқа келу үрдісі жеңілдетілмек – Мағауия Сарбасов

Қандастардың атажұртқа келу үрдісі жеңілдетілмек – Мағауия Сарбасов
ашық дереккөзі
Мағауия САРБАСОВ, «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті: – Елбасы бастамасымен шетелдегі қандастарымыз атажұртқа орала бастағанына да 30 жыл толды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдегі және ел ішіндегі қандастарымызға қолдау көрсету мәселелерін назардан тыс қалдырған емес. Жыл өткен сайын атажұртқа ат басын бұрған көштің керуені әлі тоқтаған жоқ. Қазақстанға келген кез келген қандастардың басты мәселесі – құжаттандыру екені баршаға мәлім. Осы орайда кеше Президент Жолдауда заңдардың тұрақтануы жайлы сөз қозғады. Халықтың көші-қоны туралы заңның да кейбір кемшін тетіктері реттелетін кез келді. Сонымен қатар «Цифрландыру – ұлттық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізудің негізгі құралы. Біз зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау кезінде адамдардың қандай проблемаларға тап болатынын көріп отырмыз. Барлық жерде қағазбастылық, бюрократиялық кедергілерге тап болады. Бұл процестерді толық цифрландыру қажет», – деді Президент өз Жолдауында. Несін жасырайық, елге оралған қандастар да құжаттарын рәсімдеу кезінде көптеген қиындықтарға тап болады. Президент айтқан цифрландыру  қолға алынса қандастарға да пайдасын тигізері сөзсіз. Құжаттардың электронды айналымын енгізу арқылы қандастарымыз уақытын, қаржысын үнемдеп, түрлі кедергілерге тап болмас еді. Айта кетейік, шетелдегі қандастарымызға қолдау көрсету мақсатында құрылған «Отандастар қорының» бастамасымен елімізге көшіп келетін сырттағы қазақтардың құжаттарын, мемлекеттен берілетін көмектерді рәсімдейтін «Бір терезе» қағидатын енгізу бойынша жұмыстар жалғасуда. Егер ол жүзеге асса, қандастарымыздың атамекенге келу үрдісі жеңілдетілмек.