13 Тамыз, 19:50 603 0 Әдебиет "Түркістан" газетінің авторлары

Ер Едіге

Қандай ел болмасын, оның тарихы мен сол ғасырда өмір сүрген батырлардың ел ау­зындағы ақын- жыршы, жыраулардың, би-сұлтандардың елге жасаған қызметі мен батырлығының мәні ең алдымен тари­хи сабақтастықта болады. Ал тарихи сабақ­тас­тықтың бүгінгі жемісі – ол қазақ елінің тәуел­сіздік алуы. Тәуелсіздікпен қатар та­лай ғасырлар бойы сабақтасып келе жатқан ұлттық рухтың биік шың­дарының бірі  Ер Едіге батырдың тұлғасын, тарихтағы ерлігін ұрпаққа үлгі мұра ету болды. Ал ұлт­тық жаңғыру Қазақстанның  Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың  «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» атты бағдарламалық ма­қаласында нақты көр­сетілген: «Жаң­ғыру атаулы бұрынғыдай тари­хи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, за­мана сынынан сүрінбей өткен озық  дәс­түрлерді табысты жаң­ғырудың маңыз­ды алғышарттарына ай­налдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамы­рынан нәр ала ал­маса, ол адасуға бастай­ды» деп атап көр­сетті.  Қазақ ұлты­ның даңқты батыр­лары мен би-шешендері қа­ақ елінің  шаңырағын көтеріп, уығын қадап, іргесін бекітіп, ны­ғайту жолындағы өткен жолдары ұрпаққа үлгі-өнеге бола білді.

Қазақтың мақтаныш етер ай­бынды да, айбарлы ұлдарының бірі, бүкіл түркі тілдес ха­лықтарға ор­тақ тұғырлы тұлға Ер Едіге ба­­ба­мыз еді. Біз ұлы бабамыз – Ер Еді­ге­ні әлі толық танып, білген жоқ­пыз. Қазақ хал­қы­ның тарихы қа­лың том болып жат­қаны­мен, мұ­ра­ғаттарда шаң басқанымен қазіргі за­манда тәуелсіз Қазақстанның бү­гіні мен бо­лашағына қызмет ете­тіні рас. «Біздің за­­ма­нымыз – өткен за­манның баласы, ке­­лер заманның атасы» деп жазған ұлттың ұстазы Ахаңның (Ахмет Байтұрсынұлы) тол­ғанысы осындай тарихи дерек­терге сүйен­геннен шыққан шығар. Себебі көне де ықы­лым замандар­дан бері ұрпақтар сабақ­тасты­ғы­ның үзілместей алтын жібі болып жал­ғасып келеді. Қазақ халқымен ғасырлар бойы бірге жасасып келе жатқан Едіге ба­тыр мен ол туралы жырланған «Ер Едіге» жы­рын зерт­тей отырып, халықтың тари­хын, рухани байлығын, оның ерекшелік­те­рін тану мәселесі әлі де болса қа­жет болып отыр. Сондықтан қа­зак халқының тарихы­мен бай­ла­нысты Едіге батыр мен ірі эпос туын­дысының қалыптасу жолын бар­лауға ұм­тылыс жасау арқылы тереңірек түсіну маңызды.

Тарихты зерделеуде әртүрлі көз­қарас­тың да талас-тартысқа да негіз болғанын бі­ле­­міз. Ер Едігенің тұлғасын Ақтөбе же­рін­де ұлық­тауға осындай көзқарастар мен ғы­лыми тұжырымдамалар себепші болды. Осы орайда бір шындықтың бетін ашуға тиіс­­піз. «Ер Едіге» қо­ғамдық қоры қалай жә­не қашан құрылды және оның бастауын­да кімдер болды?» деген заңды сұрақ туын­­дайды. Тәуелсіздіктің туы астын­да қа­­зақ жерінде, оның ішінде қасиетті де құт­ты мекен – Ақтөбе же­рінде үлкен мә­дени – ру­хани жә­не ғылыми- танымдық жаң­ғырулар басталды. Ең алдымен ел мен жер тарихын­дағы мәдени-рухани мәсе­лелерді шешуде атқарылғаннан атқаратын жұмыстардың көптігі бірден алға шықты. Сол кездің өзін­де-ақ даңғазалыққа бой бер­мей, елді бі­ріктіретін мәнді де мағыналы да жұмыс­тар­да алаштың мүддесін алға қоятын келелі де кешенді істердің басында жүретін атпал аз­а­маттар керек болды. Осын­дай аза­мат­тар­дың алдыңғы қа­­та­рында ел ішінде өзі­нің іскерлі­гімен көзге түсіп, қоғамдық жұ­мыс­тарға білек сыбана кірісіп жүрген Ислам Иманов еді. Ол «Ер Едіге» қо­ғамдық қо­рының бірінші құрыл­тайшысы болды, қа­зіргі уақытта да Едіге батырдың атын ұлық­тауға бар күш-жігерін салып жұмыс іс­теп келеді. Едіге батырдың батырлығы мен оның жүріп өткен тарихи жол­дарын ұлық­­тауда Ақтөбе облысын­да көптеген іс ша­­ра атқарылды.

Келелі істің бастау көзі – өткен ға­сыр­дың тоқсаныншы жылдары мен осы ғасыр­дың басында Едіге ба­тырдыың жатқан же­рін анықтау мақ­сатында «Ұлықұмнан – Ұлы­­тау­ға» деп аталатын ғылыми- таным­дық экспедиция ұйымдастырылды. Бұл экс­­педицияның басында Әділ­керей Әуел­баев бастаған ел аза­мат­тары тұрды. Тарихи тұл­­ғаны ғы­лыми-теориялық жағынан дә­лел­деген – профессор Жұма – Назар Асанов еді. Ол өзінің ғылыми жұ­мыстарында Ер Едіге жырларының негізінде терең зерт­теу­лер жүргізіп, ғылыми атақтарын қорғай отырып, бірнеше кітап­тардың авторы атан­ды. Жалпы алғанда, әрбір істің бас­тауы да ұсыныстар мен пі­кір­лер­ден тұрады. Ал сон­дай қадірін біл­ген игі істердің мағыналы болуы, халықтың тарихын ұлық­тау­мен ғана өміршең болмақ. Ұлық­тау дегеніміз, ең ал­дымен ға­сыр­лар бойы сыңаржақ пікір­лер­дің талқысында қалып келген тұл­ға­лар­ды ақтап, тариха бағасын беру деп түсіне­міз. Осы себепті 2015 жыл­дың 27 қазан күні Қ.Жұбанов атын­­дағы Ақтөбе өңірлік мем­ле­кет­­тік университетінің про­фес­соры Ж.Аса­новтың кішкентай ғана кабинетінде белгілі журналист, ел азаматы Ұ.Қауысов бас­таған И.Има­нов, Н.Алдашев, М.Сәңкібаев сияқ­ты азаматтар жиналып, «Ер Едіге» қо­­ғамдық қорының жұмыс жоспа­рын жаса­ған екен. Ең алдымен Едіге батырдың қаза тап­қан жеріне ескерткіш тақта орнату ж­ұмысы қолға алыныпты. Сонымен бірге Ақтөбе қаласында ең сәулетті көшелердің бірі­не Едіге батыр аты берілуін, Едіге ба­тырға арналған ескерткіштің орнын бел­гілеу­ді, Байғанин ауданындағы «Едігенің жалы», Сағыз өзенінің бойындағы әке-ше­шесінің бейіті, «Едіге» деген жер атауы және т.б тарихи дәлелдер ар­қылы Едіге батырды қазақ жұртшылығы болып ұлықтау қа­жет деп есептелініп, кешенді жос­пары жасалған. Бұл жоспарға «Едіге жалы» жер атауы, «Едіге жалының» қа­сында оның әке-шешесінің бейі­ті, Ноғайты мен Сағыздың орта­сын­дагы Едіге деген жер атау­лары­на тарихи талдау­лар жасау, Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс жасап, мектеп оқулығына Едіге батыр жырын енгізу, республика және об­лыс жұртшылығына Едіге ба­тырдың тарихи тұлғасын дәріп­теу, түсіндіру бағытында кон­фе­рен­циялар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастыру туралы ұсыныстар жасау жә­не нақты атқарылатын жұ­мыстар белгі­лен­ді. Халық алдын­дағы жауапты істерге игі ниет­пен кірісіп, өз елінің тарихын жаң­ғыр­ту, елдің рухани көкейкесті мәселе­ле­рін осы жоспарға енгізуге тырысты. Басты идея – Ер Едігенің тарихи тұл­­ғасын ұлықтай отырып, өтке­ніне деген сүйіспеншілік, халық­тың ой-арманының келбетін көр­сететін, хал­қының құндақтаулы баласы сияқты болған тарихи тұл­ғаны қайта түлету еді. Өйт­кені өт­кен күнсіз бүгінгі күннің жоқ еке­ні бел­гілі.

И.Иманов, Ж.Асанов М.Сәңкі­баев үшеуі ор­таларынан қаржы шыға­рып, пойызбен «Едіге жалы» деген жердегі бабалар қоры­мына белгі тасты алып барып қойып, садақа беріп, құран оқытты. Бұл – үлкен бір істің басы болды. Осы келелі істің жалғасы 2016-2017 жылдар ара­лығында Ақтөбе облысы­ның Мәр­төк ауданына қарасты «Батыс Европа – Батыс Қытай» халық­ара­лық маңы­зы бар үлкен жолдың бойындағы Үш Бөрте деген жерге белгі тастың қойылуы еді. Белгі тас­тың қойылуына сол кездегі Мәр­төк ауда­нының әкімі болған ел аза­ма­ты, өзі тарих­шы, Едігенің тікелей ұрпағы Н.Қалауов көп еңбек сіңірді. Ал­тын Орда дәуірінде аты шыққан Ер Едігенің батырлығы мен ол ту­ра­лы жырдың еліміздің тарихында алтын әріппен жазылған орны бар екенін, ол үшін танымдық бағытта жұмыстар жүргізу қа­жет­тілігі де күн тәртібінде тұрды. Ол үшін мек­теп бағдарламасына «Ер Едіге» жы­рын енгізуді шешу керек еді. Мек­теп бағдар­ламасындағы «Қазақ әдебиеті» оқулығына «Едіге батыр» эпостық жырын енгізуге қа­тысты ұсынысты Білім және ғылым ми­нистр­лігіне жеткізіп, оны шешу туралы сұрақ туындағанда бірден-бір қолдау көр­сеткен қазіргі Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Сейілұлы Оразалин болды. Нұр-Сұлтан қаласында жауапты қыз­метте бола жүріп, ел азаматтарын жылы қабылдап, өз атынан ми­нистрліктің сол кездегі жауапты хат­шысы Әмірхан Рахымжановқа тікелей айтып, мәселені түпкілікті дұрыс шешуді, облыстағы жоғары оқу орнына жан-жақты қол­дау көрсетуді тапсырған болатын. Мә­дениет және спорт министрлігінің жауап­­ты хатшысы Қуатжан Уәлиев Ақтөбе­ден ба­р­ған делегацияны бірден қабылдап, мәсе­ленің түп­кілікті шешілуіне толық қолдау жасады. Осының нәтижесінде Ж.Асанұлы, М.Әуелбаевтың «Ер Едіге­нің тарихы» атты зерттеу еңбегі жарыққа шықты .

Осы жерде С.Бәйішев атындағы Ақ­төбе уни­верситетінің президенті Б.Ахан мырза бұл мәселенің тари­хи маңызын дұрыс түсі­ніп, бірнеше ғалымдарды өзінің универ­си­тетіне жұмысқа қабылдап, «Ер Едіге ба­тыр» атындағы ғылыми-зерттеу зертханасын ашып, облыс әкімді­гімен бірлесіп үш ха­лық­аралық кон­ференция өткізді, алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыс­тар­ға то­лық қолдау көрсетуге дайын. Халықаралық конферен­ция­да көптеген мәселе талқыға түс­ті, конференция шешімдеріне енді.

«Ер Едіге »қоғамдық қорының мүшелері жаңадан облысқа әкім болып келіп жатқан О.Оразалиннің қабылдауында болып, ба­тыр бабаға ескерткіш қою туралы ұсыныс түп­кілікті шешілді және батыр бабаға ес­керткіш орнатылды. Облыс әкімі О.Ораза­лин өзі бастап, қаланың сәулетті де ұзын көшесіне Ер Едіге ба­тырдың атын бергізіп, ес­керткіштің ашылуында сөз сөйлеп, бас­шы ретінде үлгі-өнеге көрсетті. Туған еліне қызмет жасаудағы осын­дай азаматтарға әр­қашанда табыс тілеймін. Қоғамда әр түр­лі өт­пелі кезеңдер болады. Осы ке­зеңдерде атақ пен мансаптан гөрі ел бірлігі мен қо­ғамдық қордың жұмысын одан әрі жан­данып, алға басуын ойлаған «Ер Едіге» қо­ғам­дық қорының құрылтайшысы әрі төра­ғасы И.Имановтың ұсыны­сымен Ақтө­бе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып жұмыс істейтін Ахат Ахметұлы Мырза­лин­ге қор тізгіні табысталды.

Сондықтан Едігенің баласы Нұрадиннің әкесі Едігені іздеп, Ақсақ Темір еліне келіп «Жерім жы­рақ үш айшылық шөл майдан, Шық­­қан жерім – Қарғалы, Елек, Кеңсайдан» деп шерменде болып жырлауы, қазақ тіл ғы­лымының тұңғыш профессоры Құдай­берген Жұбановтың баласы, ғалым-ұстаз Е.Жұбанов «.....тарихта екі Едіге болған, бі­реуі эпостағы – Едіге, екіншісі – тарихтағы Едіге» деп айтқан сөзі, Едіге сынды баһадүр­дің елі мен жері үшін жүргізген жанқиярлық шайқасы бізге, болашақ ұрпаққа тәуел­сіз­діктің белгісі болып тұратын қасиетті де қа­дірлі ұстын болып қала бермек.

Сансызбай ҚҰТТЫБАЕВ,

 Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Соңғы жаңалықтар