13 Тамыз, 14:22 495 0 Руханият "Түркістан" газетінің авторлары

Абай аңсаған азаттық

Өкінішке қарай, Абай білім теңізінде емін-еркін жүзе алмай, 13 жасында оқуын тастап, әкесіне көмек­шілікке жарап, ел басқару ісіне араласу үшін ауылға қайт­ты.

Ел басқару ісіне, далалық сая­сатқа араласу Абай үшін үл­кен өмір мектебі болғаны рас. Бодандықтағы қазақ елі­нің күнделікті өмірі, тұрмыс-тір­шілігі, өмірдің жақсы жақ­тары да, көлеңкелі тұстары да оның көз алдынан өтіп жат­қан болатын. Ағайын-туыс­тың бақайесеппен орыс ұлық­тарының алдында құрдай жор­ғалауы, қараша халықты әб­ден қанап, мінеуі, кедей­ші­ліктің салдарынан өз отында өзі күйген қайран жұртының баянсыз тіршілігі бәрі оның жү­регіне, санасына сілкініс жа­сады.

Тегінде ақын адам, шы­ғар­машыл адам бәрін жүрегіне жақын қабылдап, өмірдегі қилы-қилы жағдайларды сол ақын-жүрегімен сараптап, ой елегінен өткізбеуші ме еді? Иә, сол жүрекке жақын алғаннан Абай қазақ ортасында жүріп тез қартайып, зор уайымға соқтықты.

Анығында, Абайдың ең үл­кен уайымы – қазақтың бос­тандығы мен азаттығы, ер­кіндігі еді. Жерінің тарыл­ғаны, дінінің тұншыққаны, ділінің сынғаны, ұлттық бар белгісінен айырылып, ала­қан­дай ғана жерде киімсіз, аш-жа­лаңаш отырған елінің бей­қамдығы мен шарасыздығына налыған-ды. Бұл кезеңде ақын:

Өздеріңді түзелер

дей ал­маймын,

Өз қолыңнан кеткен соң

енді өз ырқың,  – деп

жүрек запыранын төккен. Ашынды. Налыды. Қорланды. Қыжылын төкті. Бірақ жалғыз адам не істей алсын?

Сол замандағы қазақ қан­дай еді? Әбден жүдеген, ер­кін­дік жолындағы күрестері жан­шылған. Ел бастаған ба­тырдың басы кеткен, елге төре болған сұлтанның бағы тайған. Қазақты тек орыстың жандармы ғана тағайындаған адамы басқаратын күн туған. Абай айтқан – «өз ырқың» кеткені осы еді.

Жазушы, абайтанушы-ға­лым Тұрсын Жұртбай: «Абай көшпелі заманның соңғы, жаңа низамның алғашқы ұлы тұлғасы болды. Сондықтан да оның шығармаларындағы жан күйзелісі қазақ хал­қы­ның қасіреті мен рухани дү­ниесінің айнасына айналды. Көшпелі қоғамның ұлы ка­тар­сисі тұсында ұлы ақын өмір­ге келді. Абай өзінің «за­ман­ды заман билеп» жатқан тұстағы арпалысты сезімін ақы­лына суарып, өткен мен жаң­аның арасындағы құ­былыстарды тең байқап, оны өлеңіне өзек етті», – деп жаз­ған. Ғалымның осы ойын қуат­тай түссек, расымен де Абай отарлық саясатқа білек­тің күшімен емес, ақылдың күшімен жетуді ойлады? Бірақ Абай өмір сүрген дәуірде басқа оқыған кім бар еді? Бі­лек­ке сенгені дарға асылды. Ба­сы кесілді. Сол қайран ер­лердің басы кесіліп қана қой­ған жоқ, ұлт мүддесін кө­тертпеу үшін патшалық билік арыстардың басын Петер­борға алдырып, күл салғыш қы­лып қорлады. Қаншама қа­зақтың басы Эрмитаж му­зейінде экспонат болып тұр. Оны ойласаң қаның басыңа ша­бады емес пе?

Абай өмір сүрген кезең жұмақ орнаған тұс емес-тін.  Қазақтың ескі салт-дәстүріне, шариғат жо­лына ақын жетік болатын. Орыс, батыс ғұла­ма­лары мен ақын-жазушыларының шығармаларын оқып, киіз үйде жатып-ақ академиялық терең білім игерген, өз бетінше әлемнің тылсым құ­пиясын ашқан дана Абай ішкі Ресейден айдалып келген демократ, озық ойлы азаматтармен таныса жүріп, араласа жүріп, демократиялық құндылық пен еркіндік туралы көзқарасын қалыптастырды. Өмірге, заманға жаңа көзқараспен қарап, алға қарай прогреспен қадам басқан-ды.

Абайдың азаттық пен отарлық саясатына қар­сы күресі  1885 жылғы мамыр айында өткен Шар­дағы билердің төтенше сиезі болатын. Сиез бары­сында Абай бастаған қазақтың ақылдылары ереже қабылдап, патшалық билікке жолдады. Асылында,  осы ереженің мазмұнымен танысқан адам ХІХ ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақтың жалпы құқықтану ғылымына және Абайдың реформа­торлық көзқарасын анықтауға елеулі үлес қосылғанын бағамдауға болады. Абай қол қойған құқықтық құжатта қыр өмірі тіршілігін ислам діні бекіткен шариғат шарттарымен заман талабына сай бейімдеуге, неке, қылмыстық, азаматтық құқық бұзушылық пен әйел бостандығы, еркі туралы мәселелерді шешуге бағытталғаны бар.

Заң ғылымдарының докторы, профессор, Абайдың құқықтық-саяси көзқарасы хақында монография жазған Сәкен Өзбекұлы: «Абайдың саяси-құқықтық көзқарастарының арасында өкімет басқару, мемлекеттік аппаратты жетілдіру туралы айтқан келелі де кесек ойлары өз алдына бір төбе. Ол осы мәселелер хақында заман ағымы мен талаптарына сай келетін аса құнды пікірлерді, идеяларды тілге тиек етеді», – деп Шарда жазылған «Қарамола» ережесін, жалпы 73 бабын толық талдап, таразылаған.

Ахмет Байтұрсынұлы Абай туралы мақаласында: «Заман бұрынғыдай болса, Абай алаштың атақты билерінің бірі болуы шүбәсіз. Біліммен би болып, жұрт билейтін заман өтіп, тасың (таспен) би болатын заманға қарсы туған», – деп жазғанындай, Абай расымен ескі заман болса төбе би болар еді. Десе де, Абай осы Шардағы сиез барысында бидің міндетін атқарған даланың кемел ойлы тұлғасы болатын. Мәселен, Абайдың келіні Кәмәлияның Ибади Матақовқа айтқан әңгімесінде: «... қауым енді Абай осы сиезге төбе би болсын, берекелі бітіммен тарқасып, бұдан былай да елдіктерің кетпесін – деп Әлімхан бата берді. Көп қол жайып, бата қылысты. Әлімхан ендігі сөз оязда қалды, осы жиылған қауым түгел оязға барып, елдің тоқтасқанын, Абайды төбе биге сайлағанымызды айтайын деп, барлығы сиезге келген топты ертіп, ояздың үйіне жүрісті. Ел келген соң ояз тысқа шығып, жұрттың сөзін тыңдап:

– Абай Құнанбаев, сен мұнда кел, – деп қасына ша­қырып алып, орысша сөйлесіп кетеді. Жұрт ол күні үйді-үйіне тарасты. Мен Әлімханға еріп, Ра­қыштың тіккен үйіне кеттім. Ертеңінде ел тұрған соң, Әлімхан Абайдікіне барды. Абай:

– Әлеке оязбен сөйлестім, орыстың біздің қа­зақ дауы туралы шығарған заңы тура келмейтінін айттым. Ояз оған тоқтап, олай болса сен қазақтың ғұрып-әдетіне, тұрмысына лайықты заң шығарып жаз. Осы сиезге жиналған билерге, елге оқып бер. Егер оларға ұнамағаны болса, түзет. Сол көптің ұнат­қан заңын мен бекітейін, бұдан былай қазақ орта­сына белгілі заң болсын, – деді, соны жазып жа­тырмын», – делінген. Осы көзкөргендердің есте­лі­гіндегі оқиғаның өзі ақынның құқықтық көзқарасын анық әрі айқын көрсетеді. Ақиқа­тында, Абай орыстың ұлықтары белгілеп берген заңына қарсы шығып, қыр баласының өмі­ріне лайықталған қазақы әдет-ғұрып, шариғат жолымен жазылған жаңа заңын ұсынып, ел-жұрттың талқысына салған. 73 баптан тұратын ереже қазақ өмі­ріне, қазақ көзқарасына сай жазыл­ғанын оқып, өзіңіз де байқап, тү­сінуіңізге бо­лады. Бұл да Абай­дың отарлық сая­сатқа қарсы күрес тудырған ілім жолын­дағы ерлігі. Әрине, білекпен емес, ақыл, парасат­пен жа­саған ерлікті қадамы деп ұққанымыз абзал бо­лады.

Академик Салық Зима­нов Абайды тұлғасы жөнін­де: «Ғасырлар бойы қалып­тас­қан әдет-ғұрып, жол-жора ережелеріне негізделген қа­зақ заңдарының күші әлі де Ресей отаршылық дәуі­рінде де жойыла қоймаған ор­тада, оларды қазақ хал­қы­ның бірлігі, тыныштығы, болашағы үшін жаңа­ша көз­қараспен мейлінше пай­далана білген, ХІХ ғасырдың екін­ші жартысында өмір сүр­ген ірі тұлға­лардың алды – Абай. Оның шешен-би ретінде атқарған қызметі, жол-жора ережелеріне енгізген жаңа үлгілері көшпелі қазақ халқының рухани өмірінің дамуына едәуір әсерін тигізді.

Абайды күні бүгінге шейін ұлы ақын деп қарап кел­дік. Бұл орынды. Орынды болса да жеткіліксіз. Ұлы ақын өлең сөзбен бейнелеген жүрек сырын, терең ойын тек арманы етіп қалдырмаған. Сол үшін күрескен. Шешендік, билік жолы оның ха­лықтық сана-болмысты биіктетудегі негізгі құралы саналған. Абай – тұтас тұлға»,  – деп тану қажет­тігін айтып, Абайдың тұлғалық қырын ашып, тарқата жазады. Тегінде, Абайдың жер дауы, жесір дауы және ағайын-туыстың қанаушылығы жайын­дағы келеңсіз істерге белсене араласып, сөзімен ық­пал етіп, айбат көрсетіп, әділдік орнатуы да соның көрінісі.

Сөз жоқ, Абай Құнанбайұлы отарлық билікті ұнатқан да, сүйген де емес. Орыс әдебиетін тануы, ақындарын құрметтеуі билікті ұнатты деген сөз емес. Абай да қазақтың баяғы Ақ Ордасының көтеріліп, өз алдына дербес ел болуын тіледі. Сол тілегіне жетуі үшін ұлдарын орыс тілінде білім алуына үгіттеді. Оның сол кездегі ойын ағайын-туысы түсінбей, Абайды тіпті «орысшылсың» деп те кінәлаған. Абайдың үміті – Әбдірахман білім іздеп, Петербор барып, өкпесіне құрт түсіріп, арман-тілегіне жете алмай, қапияда көз жұмып, өмірден өтуі  ақынның жүрегіне қаяу түсірген ең үлкен мұң еді. Сүйікті інісі Оспанның мырзалығы мен адалдығына тәнті болып, оны билігіне жаратып-ақ жүргенде мезгілсіз келген бауырдың қа­засы да опындырды. Орысша білім алып, музыкаға әуестеніп, ақын әкедей өлең жазып, сөз өрнегінде өз қолтаңбасын анық қалдырған Мағаштың рақметтік дүниеге ерте көш бастауы...  Абайдың күрескерлігіне де, ақындығына да орасан зор қайғы болған жүрек мұңы, көңіл шері болатын.

Түзетпек едім заманды,

Өзімді тым-ақ зор тұтып,  – деп өмірінің соңғы жылдарында күрескерлігінің баянсыздығын мойындап, бәрінен жеріген.

Абай – азаттық жаршысы, тілекшісі. Оның арманын Әбіштің қатарлас-замандастары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Ду­латұлы, Жақып Ақбайұлы, Халел Досмұ­хамед­ұлы бастаған оқығандар тобы орындаған. Азаттық кү­нін жақындатқан ұлтшылдар қатарында Абайдың кіндігінен өнген Турағұл, Мекайыл, Ізкайыл, сүйікті іні Шәкәрім қажы мен Кәкітай Ысқақұлы да бар еді.

Абай тілегі – Алаш идеясымен жалғасқанын уақыт та көрсетіп тұр емес пе? Сондықтан Абай мен Алаш – қазақтың бүтін бітімі.

 

P.S. Осы күндері біз Абайды толық тани алмай жүргендіктен, хакім туралы тек­тен-текке халықаралық әртүрлі пікір тара­тып, даурығып жүрміз. Бұл зор на­дан­дық еді. Абайдың ортасы мен айна­ласын танып-білсек, бас ақынның тұл­ғасына қатысты шу шығармаған болар едік. Сондықтан біз Абай тұлғасын ұлт­тық культке айналдырған Алаш оқыған­да­рының әдеби-мәдени қызметі хақын­дағы сөзімізді жалғастыра бермек­піз...

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

Алаштанушы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

 

Соңғы жаңалықтар