6 Маусым, 09:47 1240 0 Жаңалықтар Асыл ТҰМАР

Полиция бөлімі басшысының орынбасары шетелдіктерден пара сұрағаны үшін сотталды

Сурет ғаламтордан алынды
Сурет ғаламтордан алынды

Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасарына қатысты сот үкімі шықты.

СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, тәртіп сақшысы төтенше жағдай режимі уақытында кәсіпкер мен одан бидай сатып алуға келген шетелдік азаматтардың аудан аумағында кедергісіз жүріп-тұруы үшін 1,3 млн теңге пара алған.

ҚазАқпараттың жазуынша, сәуір айында тәртіп сақшылары шетелдіктерді блокпоста тоқтатып, аудандық полиция бөліміне жеткізген. Кәсіпкер осы мәселеге қатысты аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасарынан көмек сұраған. Экс-орынбасар бәрін біліп беруге уәде етеді. Екінші күні ол шетелдіктерді жібергенін естіп, бұдан оңай пайда таппақ болады. Кәсіпкерден шетел азаматтарын босатқаны үшін 300 мың теңге талап етеді. Кәсіпкер ақшаны беруге келісіп, болашақта әріптестерінің кедергісіз қалай жүре алатындығын сұраған.

«Күдіктінің оған құзыры жетпесе де, кәсіпкерді алдап, 1 млн теңге сұраған. Айтуынша, бұл ақшаны ол тікелей басшысымен бөліспек болған. Солайша пара беруге арандатқан», – дейді СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жетекшісі Ернар Баянғазин.

4 маусым күні бірінші инстанциялы сот бұрынғы полицейді кінәлі деп тауып, 3 жыл 6 айға жаза кесті. Сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымды иелену құқығынан айырды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар