Мақтааралдықтарға 100 мың теңгелік өтемақы төлене бастады

Мақтааралдықтарға 100 мың теңгелік өтемақы төлене бастады

Мақтааралдықтарға 100 мың теңгелік өтемақы төлене бастады
ашық дереккөзі
Су тасқынынан зардап шеккен мақтааралдықтарға үкіметтен бөлінген 100 мың теңгелік өтемақы беріле бастады. Бүгінде осы қаражатты беру үшін Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фердауси, Достық, Өргебас елдімекендерінің 6314 азаматынан құжат қабылданды. 6020 құжат көші-қон полициясының ақпаратымен расталып, қаржы аудару үшін бекітуге ұсынылған. Бүгін топан судан зардап шеккен халықпен арнайы кездескен Түркістан облыстық Қазақстан халықтары Ассамблясы хатшылығының меңгерушісі, Мақтаарал ауданындағы облыстық штабтың әлеуметтік мәселелер жөніндегі жетекшісі Ғани Рысбеков кәсіпкер А.Усмановтың қоры есебінен 5202 отбасына 1000 АҚШ долларынан беріліп жатқанын да жеткізді. Қазіргі таңда 13 ауылдан 5342 құжат қабылданып, оларға мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде 4839 азаматтың құжаты расталып отыр. «Бүгінге дейін 3 траншпен 3375 отбасына белгіленген 1000 доллар өтемақы аударылды. Қалған жанұяларға да қаржы аударылады. Бұл қаржы негізінен төтенше жағдай жарияланған елдімекендерде топан су басқан сәтте тұрып жатқан азаматтарға тиесілі. Ал, олардың арасында пәтер жалдап тұрып жатқан жандар да бар. Осы мәселелерді қарап, тиісті шешім қабылдау мақсатында ауданда арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Соның нәтижесінде 1438 құжат қайта қаралып, 1319-ы оң қорытынды алған. Алдағы аптада бұл жұмыс толығымен аяқталуы тиіс. Осы мақсатта Жаңажол ауылдық округіне қосымша 4 білікті маман бөлініп отыр», – деді Ғани Құрмашұлы. Сонымен қатар, эвакуациялық бекеттерде өткен кездесу барысында бұзылып қайта салынатын үйлердің құжаттары түгел болмауына байланысты қиындық туындап отырғаны да сөз болды. Мәселен, топан суда қалған 870 үйдің 4-інде жеке куәлік көшірмесі, 19-ында меншік иесі туралы мәліметтері, 7-еуінде мемлекеттік актісі, 8-нің техникалық паспорты жоқ. Бүгінде облыстық құрылыс басқармасына 834 үйдің құжаттары тапсырылса, 832-сі тексеруден өткен, 2 құжат қайта түзетуге жіберілген. Сондай-ақ, Ғани Рысбеков облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі штаб жанынан құрылған азық-түлік қоймасында болып, ондағы атқарылып жатқан шаруалармен де танысты. Жалпы қоймаға бүгінге дейін еліміздің түкпір-түкпірінен 740 тоннадан астам тауар келіп түссе, оның 320 тоннаға жуығы эвакуациялық пунктерде азаматтарға таратылып берілген. Айта кетейік, бүгінде аудандағы 8 эвакуациялық бекетте 996 азамат уақытша орналастырылған. Оларға күнделікті қажетті барлық жағдай жасалуда. Азық-түлік пен гигиеналық заттар дер кезінде жеткізіліп берілген.  width=