Аманат Назарқұл: «Ұлы Дала таңы» картинасын миллион долларға бағаладым  

Аманат Назарқұл: «Ұлы Дала таңы» картинасын миллион долларға бағаладым  

Аманат Назарқұл: «Ұлы Дала таңы» картинасын миллион долларға бағаладым   
ашық дереккөзі
– Суретшілер онсыз да оқшау жұ­мыс істегенді қолай көретінін біле­міз. Дегенмен жаппай оқшаулану сіз­дің шы­ғармашылығыңызға қалай әсер етті? – Карантин менің шығармашылығыма өте жақсы әсер етті, нәтижелі еңбек етіп, өндіре жұмыс істедім. Осы уақыт ара­лы­ғында адамға ой салатын, фило­со­фия­лық жұмыстар, тың туындылар жазылды. Сәуір айында Шымкент қаласында көрме өткізу­ді жоспарлаған болатынмын. Каран­тин режимінің енгізілуіне байланысты бұл көрме кейінге қалдырылды. Бұйырса Шымкент қаласында өтетін көрмемді Өзбекстанда жалғастырсам деген ниетім бар. Мәдениет және спорт министрлігі бұл ойымды құптаса, көршілес өзбек ағайынға барып өз жұмысымды таныстырғым келеді. Бұл түркі халықтары арасындағы алауыздықты азайтып, мәдени байланысты арттыра түсер еді. Карантин кезінде 12 композициялық жұмыс жаздым. Ол жұмыстардың ішінде бергісі әлемді әбігерге салған коронавирус, Мақтааралдағы су тасқыны, арғысы «Хан Абылайдың түсі», Абайдың «Қара сөзде­ріне» арналып жазылған жұмыстарым бар. Абайдың әр шумақ өлеңі ауқымды фи­ло­со­фиялық ойды жеткізеді, ал оны сурет тілім­ен көрсету, ақынның ішкі дүниесін ашу өте қиын. Абайды ашу үшін суретшінің де ішкі дүниесі күрделі болу керек. Абай­дың тек сырт келбетін ұқсатып суретін салу көрген адамға әсер етпейді. Жақында Абайдың үш тілде жарық көретін кітабына иллюстрация салыңыз де­ген ұсыныс түсті. Абайды салуға сурет­шілік деңгейім жете ме деп көп ойландым. Абайды 60-70-жылдары суретші Е.Сидор­кин деген суретші салды. Сол арқылы Абай­ды дүниежүзіне танытты. Ал ХХІ ға­сырда Абайдың өлеңіне сурет салу – өте күрделі жұмыс. Бұрынғы стильмен жұмыс істеуге болмайды, жаңа ғасырда жаңаша көзқарас керек. Өз ойымша пісіп-жетілдім, Абайдың кітабына иллюстрация салуға дайынмын деп отырмын. Жалпы, кітаптың иллюстрациясы оқырман сатып алатындай тартымды, мықты болуы керек. – Бір суреттің өзін миллиондаған қаржыға сатып алатын талғампаз жұрт­т­ардай емес, біздің елде суретші мен оның шығармашылығын бағала­май жататын секілді. Әлде, қателесіп отырмын ба? – Былтыр Түркияда өткен қылқалам шеберлеріне берілетін «Күміс кілт» пен Ұлықбек атындағы арнайы халықаралық сыйлықты алғаннан кейін Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың қабылдауына өзім бардым. Қырғыз Респуб­ликасында жеке көрмемді жасауға қолдау көрсетуін сұрадым. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көрмем жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әзірге осылай биліктің есігін жағалап жүрміз. Суретші­лер­ге арнайы тапсырыс жоқ. Арасында ескі таныстардан портрет жазуға жылына 1-2 тапсырыс түсіп жатады. Біздің елде әртіс­тер­ге, жазушыларға, опера әншілеріне қол­дау бар, кино саласына қыруар қаржы бөлі­ніп жатады. Ал суретшілерге жеткілікті дең­гейде көңіл бөлінбейді. Қазақстанда суретшілер өте кедей. Кей адамдар тек бұйрықпен жүреді, берілген тапсырманы ғана орындайды, галстук тағып жүргеніне мәз. Биліктегі азаматтар халықтың мұңын біліп, адамдарға жақын болса жетіп жатыр, ал суретші деген сол халықтың арасында жүрген адам. Кейде бізге әкімшілік тарапынан аз уақытта үлкен жобаларды жасауға ұсы­ныс­тар түсіп жатады. Бірақ жұмыс­тың бәрі біткен кезде бізді есіне алатын адам бол­май­ды, ұмытып кетеді. Таразға Төле би бабамыздың ескерткішін қойған кезде автор деп шақырып бір ауыз сөз берген жоқ. Әзірге біздің еліміздегі суретшілердің өмірі осындай, өзгерген ештеңе жоқ. – Халқымыздың бай тарихын, жар­қын болашағын үлкен өлшемде бей­не­леп жүрген суретшілердің бірі­сіз. Суреттеріңізді Елбасы, бүгінгі Пре­зи­денті­міз біледі. Суретші ретінде ендігі арманыңыз қандай? – «Егемен Қазақстан» газетінің ғима­ра­тын­дағы және М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде тұрған жұмыстарым Гиннестің кіші рекорд­тар кітабына ТМД елдеріндегі ірі картиналар ретінде енді. Ал қазіргі салып жатқан еңбектерімді өзімнің айналамдағы ат төбеліндей адам біледі. Мен қазақстан­дық суретшілерді әлем таныса деп арман­дай­мын. Өзім шетелге көп шықпадым, осы бағыттағы жоспарларымды жүзеге асыру­ды ойлап жүрмін. Оған себеп те бар, осы­ған дейін өзімді әлі де пісіп-жетілмеген сияқты сезініп келдім. Қырғыз Республика­сында өткен көрмеден соң және соңғы жұмыстарымнан кейін туындыларымды шетелде қорықпай, ұялмай көрсетуге бо­ла­тынына көзім жетті. Қырғыздардың қал­пағын шешіп өнерімді бағалағаны ма­ған үлкен рухани қолдау болды. Өкініш­ке қарай, мұндай қолдауды отандас­тары­мыз бен әріптестеріміз жасай алмай жата­ды.  width= – Еліміздегі суретшілердің жұмы­сы­на қаншалықты мән бересіз? – Мен  суретшінің жақсы жұмысын көр­сем, ойымды, пікірімді, алған әсерімді жазып жіберемін. Өйткені бұл суретшіге шабыт сыйлайды, рух береді. Ал ұнамай­тын, энергиясы нашар, эстетикалық тұрғы­дан әдемі емес, мәдениет деңгейі жоқ сурет­терді көрсем талғамсыз, жұтаң екен деп айтамын. Суретші сынды қабылдай білуі керек. Бір-бірімізді мақтай берсек, сын қалай түзелмек? – Заманауи өнер туындыларына деген көзқарасыңыз қандай? – Жалпы, заманауи өнерге қарсы емес­пін, әрқашан да қолдаймын. Бірақ біз­дің ұлттық, тарихи тақырыптағы күр­делі ком­по­зицияларды салатын сурет­ші­­леріміз бол­маса, өзімізді жоғалтып аламыз. Менің бұрынғы туындыларымның концепциясы – көне түркі халықтарының тарихына арналған сериялы жұмыстар. Менің жұмыстарым қалыпқа сай келе қоятын, сұлу қылып сала қоятын жылты­ра­ған суреттер емес. Мен адамның ішкі дүниесін күрделі заманмен байланыс­ты­ра­мын, туындыларымда сол тарихи кезең­дегі саясатты көрсетуге талпынамын. Су­рет­­шінің суреті адамның ішкі жан дүние­сін ояту керек. Ал бүгінгі қазақ ұлт­тық тақы­рыптағы дүниелерге көп қызық­пай­ды. Жылтырап тұрған суретті ұлттық өнер деп ойлайды. Бірақ халтура мен нағыз өнерді айыра алу керек. Мысалы, мен сурет салғанда сатамын деп ойламаймын. Сурет­ті сату үшін салмаймын. Жалпы, суретші деген халықтың ойы те­рең, жаратылысы нәзік келеді. Өнер адамы­ның жеті қатпар сезімі болады, түп­са­надан бастап, сезім, эмоция байланысады, оны сөзбен айтып жеткізу қиын. Тек сурет­пен жеткізе аласың. – «Ұлы Дала таңы» атты картинаңыз­ды миллион долларға бағалапсыз. Ол туындыңызды сұраушылар бар ма? – «Ұлы Дала таңы» атты картинамды Маңғыстау облысы әкімінің тапсырмасы­мен 2017 жылы салып бастадым. Кейін әкімнің ауысуына байланысты картина сатылмай қалды.  Көпбейнелі композициям үш бөліктен тұрады: сол жақ, оң жақ және орталық бөлік. Картинаның сол жақ бөлігіндегі кейіпкерлер символы EXPO-2017 тұрса, оң жақ бөлігінде әлем архитектурасының жау­һары Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бей­не­ленген. Ал орталық бөлігінде Қазақ­станның жаңа архитек­торы, Елбасы бола­шаққа нық қадам басып келе жатыр. Соны­мен қатар әлемге танымал боксшылар Г.Головкин, Қ.Ислам, әлем эстрадасының жарық жұлдызы Д.Құдайберген, балуан Б.Ыстыбаев, кино және театр әртістері Г.Қыпшақова мен Ж.Әбдіқадыров бар. «Ұлы Дала таңы» композициясы – сәтті аяқталған жұмыстарымның бірі. Мен бұл жұмысымды миллион долларға сата алатыныма сенімдімін.  width= – Суретші Сейілбек Нұрбаев екеуі­ңіздің бірігіп жасаған «Қанатты ақ барыс» жобаларыңыздың бүгінгі жайы қалай болып жатыр? – Ақорданың оң жағындағы Есіл өзе­нінен өтетін аспа көпірдің бос тұрғанына 10 жылдан асты. Бұрын ол жерде арқарлар мүсіні болған, кейін желден қирап-сынып қалған. Сейілбек екеуіміз көпірге арнап «Қанатты ақ барыс» жобасын жасадық. Көпірдің басталар және аяқталар тұсының оң және сол қанатына төрт барыстың мүсіні орнатылса деген арманымыз бар. Биіктігі – 7,5 метр. Одан биік болмаса, кем болмайды, ені 3,5 метр шамасында. Аппақ мрамордан жасалады, түнде жарқырап жанып тұрады. Бұл жобамыз жайында Президент Қ.Тоқаевтың хабары бар, мәсе­ле қаралып жатыр деген жауап алдық. Қазір қала әкімі А.Көлгіновтің жауабын күтіп отырмыз. Мұндай жобаға қаржы бө­лінуі керек деп ойлаймын, өйткені мүсін­ді көрген адамның көзі қуанып, мақта­ныш сезімі пайда болып, оған рух береді. Мысалы, Сингапур деген кезде аузынан су ағып тұрған арыстан бейнелі, балық денелі жануардың ескерткіші көз алды­мызға келеді. Біздің елордадағы көпірге әсемдік беретін мүсін осыған дейін орна­тыл­мады. Ал біз 3-4 жыл бұрын бұл жоба­ның нобайын сызып қойған едік. Содан бергі әкімдердің бәріне ұсынып келемін. Қаланың әкімдері жылдам ауысады, сон­дықтан бұл мәселе әлі шешілмей келе жатыр. Елорда төрінде осындай әсем, пози­тивті мүсін қойылса, Тәуелсіздігімізге мәңгі рух беретін анық. Тәуелсіздігіміздің еркіндік символына айналған барыстар Елтаңбамызда да өрнектелген. Ертедегі ата-бабаларымыз сақ, ғұн дәуірінен келе жатқан «Алтын адам» киімі де қанатты ақ барыстармен әшекейленген. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген аталы сөз бар. Біздің төрт барысымыз төрт жаққа қарап, сыртқы жаулардан қорғап тұрғандай әсер береді. Сонымен қатар ақ барыстар қаламыздың энергетикасын тазартады. «Қанатты ақ барыстар» мүсіні теңдесі жоқ сұлу өнер туындысы болатыны анық. Бұл мүсіндер елордада өз орнын тапса, егемен елімізге мықты рух, тұрақты эконо­мика, ауызбіршілік, күш-қуат береді. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ