28 Мамыр, 13:45 746 0 Заң Анар ЛЕПЕСОВА

Спорт комитеті төрағасының орынбасарлары бюджеттің 380 млн теңгесін жымқырған

Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасарлары тұтқындалды. 

Бұл жөнінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-ші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров мәлімдеді.

«Шығыс Қазақстан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сотқа дейінгі тергеу барысында аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша ҚР Қылмыстық-процессуалдық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының бұрынғы және қазіргі орынбасарларын ұстап, Өскемен қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамады», - деді ол агенттік алаңында өткен онлайн брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, ұсталғандардың біреуіне қатысты сот 2 ай мерзімге «қамауға алу» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Данияр Биғайдаровтың айтуынша, комитет төрағасының орынбасарлары Риддер қаласындағы «Республикалық мамандандырылған олимпиадалық резервтік мектеп-интернаты» РММ-нің 300 орынға арналған оқу корпусы» құрылыс нысанын салу кезінде іс жүзінде орындалмаған жұмыс үшін мердігердің шотына 380,8 млн теңге сомасында бюджет қаражатын аудару арқылы жымқырды деген күдікке ілінген.

Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, тергеу мүдделері үшін басқа ақпарат жария етілмейді.

Соңғы жаңалықтар