21 Мамыр 2020, 15:21 1109 0 Руханият Анар ЛЕПЕСОВА

Мұстақымның тағдыры

Алаш туы көтерілген кешегі ХХ ғасырдың басында өмір сүрген халық қаһармандарының өмірі – ұлттық рухтың алдаспаны, мемлекетшілдік сананың қайнар көзі. Қазақтың Алаш кезеңінде өмір сүріп, азаттық идеясын жүзеге асырған қуаты мол интеллигенциялық толқынның бірегейі Мұстақым Малдыбайұлы болатын.

Мұстақым – Әлихан Бөкейхан, Бар­лыбек Сырттанұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Отыншы Әлжанұлы, Жақып Ақбайұлы сынды оқыған тұстас, за­мандастарымен бірігіп, патшалық би­лік­тің езгісін тартқан қазақ елінің тағдырына ара­ша түскен, жерінің тұтастығы үшін кү­­рескен ер. Алаш арысы ХХ ғасыр ба­сын­дағы қазақтың әлеуметтік, қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, түйіні шешіл­ме­ген мәселелерді көтеріп, мерзімді басы­лым­дарға жүректен шыққан отты сөздерін бас­тырды. Қараңғы қазақ баласы үшін оқу­лық, кітап жазып, ұлттық педагогика мен оқыту әдістемесінің негізін салды. Ел ара­лап, ауыл кезіп, қара домалақтарды оқу­ға шақырды. Алға жылжыған заманның жа­лына жабысып, қазақ қоғамына еу­ропалық мәдениет, прогрессивті леп әкел­ген, мектеп пен зауыт, өнеркәсіп ашқан жаңашыл көзқарастағы оқыған еді. Биыл осы азаматтың туғанына мерейлі 140 жыл. 1880 жылы туып, 1927 жылы өмірден өт­кен. Есім-сойы советтік билік үстемдік ет­кен кезеңде халық жадынан өшіп кет­кен-ді. Оның істеген ісі, ұлт-азаттығы жо­­­лындағы мұраты мен қоғамдық-саяси қыз­меті, әдеби-ғылыми және публи­цис­тикалық мұрасы шовинистік билікке «аса қауіпті саяси элемент» болған соң, рухани өмі­рімізден қалыс қалды. Қазақстан совет­тік колониядан шығып, өз алдына дербес мемлекет болып, демократиялық ұста­ны­мын жария еткенде ғана кешегі «халық жауы» атанған Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұс­тафа есімдері тұғырына шығып, еңбек­тері орала бастады. Сол қайта «оралу» ке­зін­де есімі жиі болмаса да, ара-тұра аталған қай­раткер осы – Мұстақым Малдыбайұлы. Сөз басында айтқандай, тарихи тұлға тағ­дыры – ел тарихы болып саналса, онда Мұс­тақымның өмір жолы, санаулы ғұмыры – ел тарихының бөлінбес бір бөлшегі емес пе?! Көпшілік назарына Мұстақым Малды­байұ­лын тану, зерттеу мәселесі туралы ой-тол­ғанысымызды ұсынамыз.

Мұстақымтану  мәселесі

Мұстақым Малдыбайұлының жарқын бейнесін тануда ұрпақтары, көзін көрген за­мандастары, тәлімін алған шәкірттерінің естеліктері маңызды. Қайраткер ұрпақ­та­рын іздеп тауып, хат-хабар алысу арқылы құн­ды естелік деректер жазып алған қа­ламгер Кәрім Сауғабайдың еңбегі ерен.

Б.Ысқақұлы, М.Темірұлы сынды елшіл тұл­ғалар негізін қалаған «ЕСЕП»-ті (Елін сүй­ген ерлер партиясы) қолдап, Қара­ған­дыда «Жас қазақ» ұйымын құрған қоғам қай­раткері К.Сауғабай жоғары оқу орын­дарында Кеңес өкіметіне қарсы үндеулер, ұран-парақшалар таратқаны үшін оқудан шы­ғарылып, әміршіл-әкімшіл жүйе қы­сы­мын өткерді.

«Мойындау», «Көктем келді, алақай!», «Ақ­ша қар», «Сылдырмақ», «Күдеріңді үзбе», «Бал­қантаудың басында», «Үшқара оттары» жи­нақтары, «Мәди» көркем ой-толғау кіта­бы басылған жазушы Алаш зиялылары ғұ­мырынан «Атақты Ақайдың Хасені», «Тек­тінің теңі – Мұстақым...», «Мәдидің жан досы болған Мұстақым» т.б. танымдық ма­қалаларын жазды.

Ата тарихын қадірлеп, Алаш қозға­лы­сын қастерлеп өткен Мұстақым Малды­бай­ұлы перзенттеріне Сүйімбике, Әлихан сын­ды тарихи тұлғалар есімдерін берді. Міне, Әлихан Мұстақымұлы (1929 ж.т.) 1992 жылы 4 қарашада К.Сауғабайға жаз­ған хатында «Неше жасында екенін біл­мей­міз, әкем Троицкіге жылқы айдаушы­лар­мен барып, сонда оқуға түсіпті. Кейіні­рек Уфадағы Ғалия медресесінде оқып, ауыл­да өзінің ағайындарының, жерлес­тері­нің балаларын оқытыпты. Семейде де мектепте сабақ берген болу керек. Уфада оқып жүргенде Ғазиза Ғайнулла деген та­тар қызына үйленіп, елге алып келіпті. Ше­шеміз Ғазиза 1891-1893 жылдары туып, 1928 жылы қаңтар айында әкеміздің қыр­қының алдында қайтыс болыпты. Күйеуі­нің сүйегін еліне апарып қайтқанда өкпе­сіне суық тиген болу керек.

Әкем мектепте ағарту жұмысымен бір­ге газет-журналдарға мақала, өлең жазып тұрған. Ол уақыттағы қазақ газеттері арап әрпімен жазылған.

...Талдықорған облысында Ақсу ауданы Қара-Ағаш ауылында Маман Тұрысбектің мек­тебі болған. Сол мектепті ашардың ал­дында Қазан, Уфа қалаларындағы оқу орын­дарына хат жазылыпты. Ондағы тілек жаңа мектепке мұғалімдер жіберу. Сол ті­лекке сәйкес әкемді Уфадан осы мектепке жі­беріпті. Ол кісі айтушылардың сөзіне қа­­ра­ғанда, 1910-1911 оқу жылында сол мек­­теп­те директор, мұғалім болыпты... Әли­хан Бөкейхановпен де байланысы болуы керек. Себебі, ол кісі Мәскеуге кет­кен соң, әкем барып жолығыпты» деген ба­ға­лы деректер келтіреді.

Ал Сүйімбике Мұстақымқызының (1915-1992) қаламгерге жазған хатындағы «Ме­нің әкем туралы әңгіме өте көп. Әкем­нің бейіті бұрын Сарықияқ дейтін жерде бо­­латын. Қазір қалай аталатынын біл­мей­мін, көп өзгеріп жатыр ғой. Әкем 1928 жы­лы 47 жасында Семейде қайтыс болған. 1914-1916 жылдары «Айқап» деген жур­нал­да жұмыс істеген. Сәулеев Ризабек болып жаз­ған әңгімелері бар. «Бекетбаев Таған де­ген кісі іздеп жүр» деп сіңілім Өзбике алып кеткен. Әкемнің суреті Әлихан деген бауы­рымның қолында... Сенің әкең Жұма­бектің менің әкем өлгенде шығарған өлеңі сақтаулы еді:

Атадан артық туған бір гауһар тас,

Айтқаны бұрынғының болады рас.

Кім келіп, бұл дүниеге кім кетпеді,

 Пендесі өкінеді болған соң жас.

Дүние айтып болмас, қайтып келмес,

Ахыреттік алыпсың, тауып жолдас.

Шын жолдас қайғыңменен өліп кетті,

 Өлмегенмен артында бақытты болмас.

 Тұлпардан тұяқ қалды өмір берсін,

Кемдігі ер жетпеген болып тұр жас,

Қайғыға қайрат көрсет, Сәулей аға,

Бұрын да өзгеше ең нәрің жуас.

Бұл өткелден адамзат бәрің де өтер,

 Сен қайғырсаң, балалар жұмсап кетер.

Тұлпардың жолына сал балаларды,

Өнбейтін ой ойлама босқа бекер.

Сұңқар ұшып жиырма сегізінші жылы,

Мұстақымдай Шаншардан тумайды ұл.

Менің есімде жатталып қалған жыр осы...»   деген жансырының айтары мол. Бірін­ші­ден, М.Малдыбайұлының өмірден өткен уа­қыты 1928 жыл екені атап көрсетілсе, екін­шіден, ағартушы өмірінің белесті ке­зеңдері, бүркеншік есіміне қатысты нақты мәліметтер берілген.

Қазақ тіліндегі алғашқы оқулықтардың бірі «Қазақша ең жаңа әліппе» (1912) атты кі­тап жазған ағартушы тұңғыш ұлт баспа­сөзі­нің бірі «Қазақстан» басылымының жұ­мысына атсалысты.

Мұстақым Малдыбайұлы «Хайырлы са­ғат» мақаласында «Иә, Қазақ балалары! Істі бастаушы табылды, енді сіздер қош­даңыз­дар! «Айқаб» менен «Қазақстанның» екеуі жиылғанда бір қозының құны ғой... Ойлаңыз! Әлбетте, санасы, намысы бар адам­дар, осындай жарлы күнде жәрдем етер. Қазақ арасында білікті адамдар мол­лалар, мұғалімлер, халықға айтсаңыз, ха­лық тілегіңізді алады. «Айқабқа» алушы жи­ған жігітдер, «Қазақстанға» да жәрдем етер.

Тағы да айтамын, қазақ байлары, мыр­за­лары, жаслары, аз нәрсе үшін халықдың көб ісін тоқтатбаңыз» деп ұлт басылымда­рын қолдауға шақырды.

М.Малдыбайұлы «Туған жеріме» өлеңін­де кең даланы ен жайлаған қазақ­тың сәні мен салтанаты келіскен еркіндік дәуірі «Түрленткен масатыдай көк даласын, Кө­бейттік һәм семірттік мал баласын. Өзің­де емін-еркін жүрген шақта, Асырдың қалпынан жұрт шаруасын. Көкорай, көк шалғында жатушы еді, Көлдердің жылқы қаптап айналасын», «Қасына жиырма-отыз жігіт ерткен, көруші ек құс аңдыған бай ба­ласын. Бүркітші, қаршығашы, тазы ерт­кен, Байлардың арттырушы еді сал­танатын» деп сағынышпен жырлап, ел өміріндегі күрделі өзгерістердің саяси-әлеуметтік астарына үңіледі. Кемдіктен арылып, теңелудің жолын нұсқайды. «...Сол дәурен басымыздан кетті барлық, Жылдан-жыл келе жатыр, тосып та алдық. Пайда жоқ өткен күнді сағынғанмен, Бір іске өнер керек тұтынарлық Жарлылық, жа­лаңаш­тық жалтаң көздік. Халыққа келді бәрі ұрлық, қарлық. Арсаңдай басқа келген көп пәледен, Бір ғылым, бәрімізді құт­қара­лық».

Табиғат құбылысын бейнелі де астарлы тіл­мен пернелеп, отаршылдар ойранын­да­ғы қыр өмірінің сүреңсіз кейпіне күйінеді. Азаттықтан айырылған қыр перзенттерінің қайғы-қасіретіне егіледі. «Жайлауды ше­гірт­ке алып, қыстауды – құрт, Жазы жау, қы­сы жұтау күнге қалдық. Ауаны қара сұр­ғұлт бұлт қаптап, Қолайсыз ашылмай­тын түнге қалдық».

Қазақтың тұңғыш журналы «Айқапта» ағар­тушының «Қайырлы ниет, жақсы ырым», «Денсаулық» мақалалары басылды.

Ұлттық ояну дәуірінің рухын әлеумет санасына сіңіруде жанкештілік танытқан М.Мал­дыбайұлы алғашқы қазақ журна­лы­ның ел ішіне таралуы, жазылуы сынды көкейкесті мәселелердің басы-қасынан та­былды. Бұған қатысты жазушы Сапар­ғали Бегалин «Замана белестері» (Алматы, 1975) естелік кітабында: «...Қояндыға айда­ған малымыз жоқ. Әкемнің ескіше хат біліп, шаһар тіліне жатықтығы – біздің ба­зарға апарар байлығымыз да сол. Өйт­кені әкем немере тәтемнің күйеуінің ма­лын базарлап бермек...

– Біз де қайтамыз Сапарғали, сен бүгін өзіңе бір етік, кемзал-шалбар алшы. Мага­зин­ге баралық, – деді Әғкем. Мен ол кісіні Әғкем дейтінмін...

– Жарайды, – деген ризашылық біл­діріп, базарға жүруге дайындалдық. Менің өз ойым бар. Ол осы жәрмеңкеге келісімен кө­кейдегі бір мақсат еді. Жәрмеңкенің үл­кен магазиндері бар көшесіне кіреберіс жа­ғында кішкене үйшік дүкенше тұратын. Оның маңдайында араб әрпімен жазылған жарнама ілінген. Жарнаманың жазуын қасынан өткен сайын қызығып оқитын­мын. Ол жазу: «Осы дүкенде «Айқап» жур­на­лына жазылуға болады. Жылдық бағасы үш сом» деп әдемілеп жазылған. Мені қы­зық­тыратын осы жазу, «шіркін, «Айқап» жур­налына жазылып, жыл бойына алып тұр­сам» деймін. Оған төлейтін ақшаның есе­бін таба алмайтынмын. Осы ойымды Әғке­ме айтып, бір киім орнына осыған жа­­зылсам деп қоя жаздадым. Базарға атта­нып, тап сол дүкеннің қасына келгенде Әғке­ме: – Мына бір дүкенге соға жүрелік, – дедім.

– Онда киім-кешек жоқ қой, – деп Әғ­кем бұрылғысы келмеді. Мен оған:

– Киім болмаса, басқа бір нәрселер бар шы­ғар, – деп еркіндеу сөйлеп бастап алып кел­дім, Әғкем арабшаны жақсы танитын кісі, дүкеннің маңдайшасындағы жазуды оқып:

– Журнал сататын жер осы екен ғой, – деп маған күлімсірей қарады.Оған ішім жы­лып еркелей бастадым.

– Әғке, осы журналға мен жазылайын, киі­мге деген ақшадан бір үш сом берсеңіз, – деп еркелей айттым.

– Сапекеш-ау, журнал киім бола ма? Оны жылдап жазылмай-ақ алып оқы­май­сың ба? Ана оқып жүрген школыңда жоқ па? – деп Әғкем өз ұғымындағы сұрақты қой­ды. Ол кісінің ұғымында школда бол­майтын кітап, журнал жоқ деп ұғады.

– Әғке, сіз қызықсыз, орыс мектебінде қа­зақ журналы қайдан болады. Бұл журнал Троицкий қаласында шығады. Қазақтың аза­маттары ол журналға қазақ жайын, жер жайын, білім жайын үзбей жазады, – деп бар жақсылықты журналға тіркеп жатыр­мын.

– Ондай көп білім берсе жазыла ғой. Алла өзі жеткізер, – деп өзінің тәуекелшіл се­німін де айтып қойды. Қуанышым қой­ныма сыймай Әғкемнен үш сом ақша алып «Айқаптың» уәкіліне келдім. Ол өзіме аздап таныстығы бар мұғалім Мұстақым Мал­ды­байұлы екен. Ол кісіні Нұрғали ағайдың үйіне келгенде көргенім бар-ды. Жөн ай­тып сұрасып, журналға жазылып, адресін жаздырып құлақ қағаз алдым. Журнал ал­дыратын оқыған кісі болып мақтана аты­ма міндім...» деп қазақтың тұңғыш жур­налы «Айқапты» қалың қауымға та­ра­тудағы Мұстақым Малдыбайұлы еңбегін тари­хи шындыққа сай бағалады.

«Сарыарқа» басылымындағы «Оқу», «Алаш партиясы», «Агитаторлар», «Ұлт қа­зы­насы», «Областной земство тақырыпты», «Семейдің үйезный земствосы», «Тұңғыш құрбан», «Жетісу, Сырдария облысындағы аш-босқын» қазақ-қырғыздарға жылу жинайтын комитет ережесі», «Аш-жалаңаш қазақ-қырғыздарға жылу берушілер» атты ма­қа­ла, хабарламаларда М.Малдыбайұлы­ның Алаш автономиясындағы қызметі, ел­дік мәселелердегі азаматтық тұлғасы шы­найы көрініс тапты. Мәселен, «Алаш пар­тиясы» атты хабарламада Алаш пар­тиясының Семей облыстық комитеті ашы­лып, комитетке Ә.Бөкейхан, Ә.Ермекұлы, Р.Мәрсекұлы, И.Әлімбекұлы, А.Қозы­бағар­ұлы, Т.Құнанбайұлы, Х.Ғаббасұлы, С.Дүй­сем­біұлы, Ә.Молдабайұлы, Б.Сәрсенұлы және М.Малдыбайұлының мүшелікке өт­кені хабарланған.

Барша ғұмырын ұлтының оянуы, рухани кемелденуіне арнаған тұлға большевиктер қысымына алынды. Дүние-мүлкі тәркіленіп, Қарқаралы түрмесіне қамалады. Асыл ерді абақтыға іздеп барған ақын Мәди Бапиұлы қапыда оққа ұшты.

Мұстақым Малдыбайұлын насихаттау мәселесі

Мұстақым Малдыбайұлы шын мәнінде саналы ғұмырын ұлт-азаттығы жолына бағыштады. Ол бар білімі мен жиған ілімін қазақ жастарының келешегіне жаратқан Алаш қозғалысының рухы биік тұлғасы. Ер Мұстақым – біртуар, дегдар болмысты, на­ғыз елсүйер азамат болған. Олай дей­тініміз, біздің ел – жетпіс жылға жуық со­вет­тік биліктің бодандығында, саяси езгі­сінде жүріп, өзінің төл әдебиеті мен мә­дениетінен, тарихынан, ұлттық құн­дылықтары мен руханиятынан айырылып, ұлтжанды ұлы перзенттерінен көз жазып қалған. Есім-сойлары жермен-жексен бо­лып, тарих күнпарағынан сызылып кет­кен, советтік идеологияның «құбыжығына» айналған көп азаматтардың қатарында Мұс­тақым Матақ баласы да бар еді.

Бүгінгі тәуелсіз мемлекеттің алтын кү-ні – өткенге түрен салдырды. Сондай-ақ құпия қойма мен шаң басқан архивтің, си­рек кітаптар мен қолжазбалар сақ­та­латын қорлардың есігін ашуға негіз болды. Бұл – аңсар-арманға толы еркіндіктің құд­іреті. Қайта оралған ұлылар шоғырында Мұс­тақымдай дара бітім де бар. Мұстақым – тек Қарқаралы атырабының ғана емес, бүткіл қазақ ұлысының бәріне ортақ Алашшыл үлкен қайраткер.

Архивтен сарғайған дерек тауып, Мұс­тақымның жүрек сөзі жазылған «Қазақша ең жаңа әліппе» (1912) кітабын қолға ұстап көргенімізде, құдды бір өткен тарихпен сырласып, Алаш сайыпқыранымен қол алысып, құшақтасқандай ерекше бір күйге түсіп едік. Міне, сол сәттен бері Мұс­та­қым­ның артында  іздеушісі  жоқ. Сар­дардың әдеби-ғылыми мұрасын түгендеу, ғұмыр­намасын түзу, қоғамдық-саяси, әдеби-мәдени қызметін анықтау үшін қолымызға қалам алып, аруақ разылығы үшін үлкен бір іс  бастап едік. Сүйіспен­шілікпен бастау алған іс Мұстақым Малдыбайдың шығар­малар жинағын құрастыруға негіз болды. Бұл – ұзақ уақыт есім-сойы айтылмай, атау­сыз қалған, насихаты кемшін тұлға­ның  әдеби-ғылыми айналымға түсуі. Со­сын, бұл –  тұңғыш рет шыққалы тұрған, оқырман жұртқа Мұстақым Малдыбайды толық таныстыруға мұрсат беретін кітап. Алаш дегдарының 140 жылдық мерей­тойы­на тарту, тұғырының биіктеуіне қо­сылған үлес.

Бұл тұңғыш рет жарияланатын жинақ болған соң, әзірше тек қолымызға түскен, Қазақстан архивтері мен кітапханаларынан табылған деректер мен мәліметтерді ғана қосып отырмыз. Болашақта Ресей Фе­дерациясының Омбы, Орынбор, Уфа, Қа­зан қалаларындағы архивтерге жол түс­се немесе Мұстақым жүрген жолмен жүріп өтетіндей материалдық-қаржылық мүмкіндік болса  тұлғаның өмір жолын хроникалық тұрғыда жіті қарастырып, артына қалған мұраларын шашау шы­ғармай жинастырармыз деп жоспарлап отырмыз. Сосын алдын ала ескерте кетер  бір жайт – Мұстақым Малдыбай өзінің публицистикалық еңбектерін «М.М», «Азамат Қорықпасов», «Мұстақым», «Ри­за­бек Сәулеев», «Сұңқар» деген бүркеншік аттармен бастырған-ды. Осы жинаққа қайраткердің санаулы ғана мақалалары енгендіктен, алдағы уақытта оның бүркен­шік атпен басылған, әлі қолымызға түспе­ген, таба алмаған басқа да мақалаларын кездестірерміз деген үміт бар. Осы жинақ қолыңызға түскенде Мұстақым туралы бізге жетпеген халық жадындағы есті сөзді, тарихи әңгімелерді білсеңіз немесе оның ұрпақтары, ата-тегі, өскен ортасы хақын­дағы мәліметтеріңіз болса, тұлғаны жаңа­ша тану мақсатында бірігіп жұмыс істеуге шақырамыз.

Сөз соңында айтарымыз

Алаш педагогы, ана тілімізде алғаш­қылардың бірі болып оқулық жазып, кітап шығарған әдіскер, ағартушы, теңдік пен бостандық жолында білек түре күрескен қайсар саяси қайраткер, қаламгер, 47 жа­сында опат болған Мұстақым Малды­бай­дың жұлдызы туып, ақ таңы жарқырап атар шақ жетті емес пе?! Бөрі мінезді ердің есі­мін көп болып, ел болып ұлықтап, өне­гесін көтерейік!

 

Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ,

ф.ғ.д., Л.Гумилев атындағы  ЕҰУ профессоры

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

алаштанушы

Соңғы жаңалықтар