19 Мамыр, 10:48 300 0 Бизнес Анар ЛЕПЕСОВА

Үкімет логистика мен туризмнің тынысын ашатын жеңілдіктерді жариялады

Елімізде транзит кезінде контейнерлік пойыздарды кедендік тексеруден өткізу жеңілдетіледі. Ал импорттау кезінде тексеру соңғы станцияда бір рет жүргізілетін болады.

Бұл туралы Үкімет отырысында  ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты.

«Логистика және туризмді қолдау шаралары аясында әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушылар автобусының қызметтеріне қосылған құн салығын төлеуден босату көзделеді. Туристік инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде басым туристік аумақтарда салық преференциялары берілетін болады. Бұл - корпоративтік табыс салығы, мүлік салығы және жер салығы бойынша жеңілдіктер», - деді министр.

Р.Дәленовтің айтуынша, темір жол көлігімен жүктерді тасымалдауға арналған өтінімді орындамағаны үшін сақтау төлемнің 10 еселенген мөлшерін 6 айға алып тастау көзделген.

«Сондай-ақ, транзит кезінде контейнерлік пойыздарды кедендік тексеруден өткізуді жеңілдету ұсынылады. Ал импорттау кезінде тексеру соңғы станцияда бір рет жүргізілетін болады. Шектуге шараларын ескере отырып, темір жол тасымалдаушыларын субсидиялау деңгейі сақталады. Кемелер қатынасы қызметтеріне тарифтердің шекті деңгейінің қолданылу мерзімі ұзартылатын болады», - деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін министр авиацияны қолдау шараларын жариялады.

Сондай-ақ, елімізде Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылатынын жеткізді.

 

Соңғы жаңалықтар