16 Сәуір, 10:31 676 0 Технологиялар Арайлым Бимендиева

"Сыры" ашылған "Цифрлық Қазақстан"

Елімізде «Цифрлық Қазақстан» деген мұраты ізгі мемлекеттік бағдарлама бар. Аты айтып тұрғандай мұқым елді, тұтас Қазақстанды цифрландыруға мақсаттанған жобаның нәтижесін тиісті сала мамандарының үкіметтік жиындағы баяндамаларынан естіп қалып жатамыз. Мәселен, осы бағдарлама аясында 2022 жылға дейін электрондық сауда-саттықты жалпы сауда көлемінің 2,6 пайызына дейін өсіру, цифрландыру арқасында 300 000 жаңа жұмыс орнын ашу, интернет желісін пайдаланушылар үлесін 82 пайызға дейін, ал халықтың цифрлық білімділігін 83 пайызға арттыру жоспарланған. Бәрекелді! Десе де, бұл бағдарламаның шарапатын қазір ел үйінде оқшауланып отырғанда көретін, дәл керек кезі еді. Қағазда бәрі қатып тұр, әдеттегідей, ал іс жүзіне келгенде Қазақстан әлі де цифрланып үлгермегенін байқап отырмыз. Төтенше жағдай байқатты, дәлірек айтқанда.

Өткен аптада Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева «Қалыптасқан жағ­дайда мемлекеттік ақпараттық ресурс­тар­дың және электрондық қызметтердің жұ­мыс істеуінде бірқатар проблемалардың бар екені белгілі болды. Нағыз сын кезінде мем­лекеттік ақпараттық ресурстар мен электронды қызметтерде проблемалар қо­р­да­ланып тұрғаны көрінді. Бұл дегеніңіз дағ­дарыс бетін ашып тастаған проб­ле­ма­ларды ескере отырып, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шұғыл түрде қайта қарауды та­лап ететінін білдіреді», – деп цифрландыру жұ­мысының біраз кемшіліктерін сынға ал­ған болатын.

Елімізде бес мыңдай ауылда интернет жоқ екені айтылып жүр. Бұл туралы был­тыр Мә­жіліс депутаттары мәселе кө­теріп, Цифрлық даму министрлігінің жұ­мы­сына көңілі толмағанын білдірген еді. Депутат Мұх­тар Ерман Үкіметтен қыруар ақша бөлі­ніп, бірақ қолданысқа берілмеген E-learning бағдарламасы туралы: «Цифрлық Қа­зақ­стан» бағдарламасын талқылау кезін­де «Ақ­параттық Қазақстан» мемлекеттік бағ­дарламасын іске асыру кезіндегі проб­ле­ма­ларды есте ұстаған жөн. Есеп комитетінің мә­ліметінше, аталған бағдарламаның бір­қатар іс-шаралары толық көлемде орын­дал­маған. Мәселен, Білім және ғылым ми­нистр­лігі әзірлеген 35 миллиард теңгенің
E-learning – электрондық оқыту жүйесі сол күйі іске қосылмады. Мемлекеттік органдар бұл бағдарламаға 217 млрд теңге бөлінді деп елге жар салды, ал іс жүзінде респуб­ли­калық және жергілікті бюджеттерді, сондай-ақ ұйымдардың бөлген өз қаражатының бә­рін есептегенде ол 371 млрд теңгені құ­ра­­ған», – деді.

Америкалық Website Tool Tester компа­ниясы 2019 жылы интернеттің жүктелу жыл­дамдығы бойынша әлем елдерінің рей­тингісін жасапты. Рейтинг нәтижесі 5 Гб бо­латын фильмді интернеттен жүктеу жыл­дамдығы бойынша анықталған. Соны­мен қатар соңғы екі жыл ішінде интернет жыл­дамдығының пайыздық өзгеруі мен мем­лекеттердің желі жылдамдығын да­мытуға қаншалықты қаржы бөлетінін есеп­ке алған.

Қазақтан 207 мемлекет ішінде 113-орын­да. Есепке назар аударсақ, көлемі 5 Гб болатын фильмді жүктеуге орташа есеп­пен 2 сағат 26 минут және 25 секунд қа­жет екен. Ал 2018 жылы Қазақстан бұл ті­зім­де 95-орында болған. Жалпы, мұндай зерттеулер өте көп жасалады. Біз бір ғана мысалды ұсындық.

Төтенше жағдай режимінде тіршілік ке­шіп жатқан еліміз үшін қазір үйден шық­пай, қашықтан жұмыс істеу маңызды болып тұр. Яғни, интернет дейтін игіліктің ауадай қажет кезі. Қашықтан оқыту мен онлайн жүйеге көшкен студенттер мен оқушылар ауыл­дық жерлерде интернеттің дұрыс жұ­мыс істемеуінен біраз зардап шекті. Бұл ту­ралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Сынақ-сабақ өткізу арқылы бірнеше олқылықты көрдік. Онлайн бір мезетте мыңдаған баланың қосылуын кө­термейді. Көп ыңғайсыздықтар болды. Оны сынып сағаты өткенде көрдік. Техникалық ақаулар жеткілікті. Сондықтан онлайн оқытудың орнына, бірнеше платформа арқылы қашықтан оқытуды жүргізуіміз қажет», – деп мәлімдеді.

Сіз не дейсіз?

Túrkistan халықаралық газеті осы та­қырып турасындағы сұрақтарға IT сала­сы­ның мамандарынан жауап алған еді.

  1. Халық жаңа технологияларды меңгеруге дайын ба?
  2. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағ­дарламасының мүмкіндігі және жетіл­діретін тұсы қандай?
  3. Онлайн оқытудың олқылықтары қан­дай?

 

Тоқтар ЖЕТПІСБАЙ, joba.kz digital-агент­тігінің негізін қалаушы, IT маманы:

«Цифрлық Қазақстан» деп айта бергеннен цифрланып кетпейміз

Көп жағдайда жаңа технологияны мең­­геруге келгенде халықтың қызығушы­лы­ғы жоғары деуге келмейді. Ең алдымен біз жаңа технологияны жасап шығаруды, ойлап табуды қойып, шетелдік техноло­гия­лардың қалай шыққаны, оның қандай қыз­мет атқаратыны туралы халыққа то­лық­қанды ақпарат беріп отырған жоқпыз. Ол туралы мәліметтерді қазақ тіліне аударып, халықтың назарына ұсынбаймыз. Біздің халыққа жеткізетініміз не? Ана әншінің тамақ жегені, мына әншінің таяқ жегені мен ажырасқаны. Ал заманауи терең өзгерістерге бірінші болып бейімделген мемлекеттер ғана өз халқының өмір сүру деңгейін жо­ғары дәрежеде сақтап қала алады және де мұндай мемлекеттердің бәсекеге қабілеті аса жоғары болады.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты – қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру. Бұл бағдарлама жүйелі түрде іске асатын болса, бізде көптеген жұмысқа уақыт, қаржы, өнімділік жағынан пайдасын берер еді. Сондай-ақ ірі ІТ жобаларды жасау және оларды қоғам өмірі мен бизнестің түрлі салаларына енгізу арқылы экономиканың жаңа салаларын дамытуға да мүмкіндік болар еді. Алайда 2 жыл бұрын қолға алынып, қомақты қаржы бөлінген бағдарлама биыл коронавирус пайда болғанда, өзінің оң нәтижесін берді деп айта алмаймын. Күні бүгінге дейін үйде отырған көпшілік мемлекеттік сайттардың өзінен қажетті дүниесін  ала алмай отыр. Сервер мәселесі болсын, ішкі мүмкіндіктер болсын әлі ақсап тұр. «Цифрлық Қазақстан» деп айта бергеннен цифрланып кетпейміз. Алдымен бәрін жан-жақты екшеп, отандық мамандарды бір арнаға тоғыстырып, ұлт­тық қауіпсіздік пен экономиканың бәсекеге қабілеттігін қамтамасыз етудің маңызды факторына айналу бағытын жасау мен іске асыру керек деп ойлаймын. Сонда ғана са­палы өнімдер шығарына сенімдімін.

Карантинге байланысты білім ор­далары онлайн оқуға көшті. Бұл хабарды естігенде жоғарыда айтылған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында белгілі платформалар мен жүйелі бағ­дар­ламалар дайындалған шығар деп қуанған едік. Алайда қуанышымыз су сепкендей ба­­сылды. Неге дейсіз ғой? Біз қаладан тыс жерде жатқан аудандық, ауылдық жерлердің интернет мәселесін қоспағанның өзінде, қалалық жерлердегі мектеп пен универ­си­тет­тегі студенттерге қашықтан сабақ беруді WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы жүр­гізе­ді деп үш ұйықтасақ түске кірмеген еді.

Айтқанымыздай, министрлік бұл жағ­дайға әлі дайын болмай шықты. Негі­зін­де, қашықтан оқыту сияқты онлайн білім беру әлемінде сыныптар асинхронды немесе синхронды болуы мүмкін. Синхронды қашықтан оқыту мұғалім мен оқушылар әр түрлі жерлерде, бірақ сол уақытта өзара кері байланыста жұмыс істейді. Асинхронды қа­шықтан оқыту мұғалім мен оқушылар түрлі жерлерде және әртүрлі уақытта көре алады. Яғни, асинхронды оқытуда мұғалім сабақты алдын ала дайындап салып қояды. Біз бұл екеуіне де дайын болмай шықтық. Айтайын дегенім мұғалімдер де, ата-аналар да бұл жүйе туралы көп біле бермейді. Сон­дықтан  біз дәл қазіргідей қиын жағдайда әлем­нің озық платформалары арқылы эко­жүйе қалыптастыруымыз керек деп о­й­лаймын.

 

Тимур БЕКТҰР, Timur Academy офлайн-онлайн оқыту орталығының негізін қалаушы, ІТ маманы:

Біздің дағдымыз офлайн өмірге бағытталған

Жалпы, халық деп аталатын адам­дар­дың бірлестігі немесе қауымдастық өзі әу бас­тан бір нәрсені өз еркімен істемейді. Оған ішкі фактордан гөрі көп жағдайда сыртқы фактор көп әсер етеді. Айталық, ха­лық әлеуметтік желіні өзі меңгеріп алды. Ал сабақ оқуға немесе қашықтан білім алу­ға, жалпы технологияны қолдануға келген кез­де адам психологиялық тұрғыдан өзі қалайтын нәрсені ғана жасағысы келеді. Ал қаламайтын және қорқатын, үрейленетін нәрседен барынша қашқақтайды. Бұл жағ­дай бір мезетте барлығы онлайн сабақ оқу деген осыған дейін біздің басымызда болған жоқ. Сондықтан бұл таңсық нәрсе. Ал екін­шіден, дағдарыс кезін былай қойғанның өзінде қалыпты күнде халқымыздың жалпы технологияны меңгеруі төмен деңгейде болып тұр. Себебі біздің барлық жұмыс істеу әдісіміз мейлі ол мемлекеттік қызмет бол­сын, ол мейлі жеке компаниялардың қыз­ме­ті болсын, білім ордаларының сабақ беру әдістерінің барлығы ескі әдіске арқа сүйеген, офлайнға көбірек бағытталған еді. Сондықтан да жалпы халық ақша алатын болса да тікелей банкоматқа барып немесе жет­кізіп беру қызметін қолданудың орнына өзі аяқпен баруды немесе сайт арқылы қызмет алу мүмкіндігі бола тұрса да, ХҚКО-ға өзі баруды құп көреді. Яғни ең басты мә­селе бұл жерде дағдыға келіп тіреледі. Ал оған әсер ететін сыртқы фактор мемлекеттік қызмет көрсету және білім беру жүйесі. Яғни мәжбүрлі түрде барлығымыз дағ­дарысқа, коронавирусқа байланысты үйде отырған кезде білім беру жүйесі нақты бір экожүйеде онлайн құралдарды нұсқау­лықтар бойынша қолдану қажет еді. Сол кезде ешқандай да дүрбелең немесе ашу-ыза орын алмас еді деп ойлаймын. Се­бебі адам өзі түсінбеген және білмеген нәр­сеге қарсы болады. Бұл, біріншіден.

Екіншіден, жалпы қазіргі таңда орта бол­сын, жоғары білім беру әдістерінің ішін­де онлайн оқытуды таңдаған кезде, тікелей эфирде барлығы бірдей мектептегідей немесе университеттегідей мұғалімнің бетіне қарап отырып сабақ өту деген ең ескі, артта қалған және дұрыс емес әдіс. Оның қа­шықтықтан оқыту болсын, онлайн оқыту болсын өзге де әдістері бар. Zoom, өзге де конференциялар арқылы мұғалім мен оқушының бір-біріне қарап отырып тікелей эфирде сабақ өтуін синхронды білім беру деп айтады. Қазіргі таңда ол кері байланыс үшін, емтихан үшін, сұхбат үшін немесе  адамның бір-біріне қарап отыруына аса мұқтаждық болмаса немесе аптасына, айы­на 1-2 рет жасағанға болмаса, үнемі кә­дім­гідей мектепке барғандағыдай таңер­теңнен түске дейін апайдың бетіне 25 оқушы немесе 20 студент қарап отырып сабақ өту деген түбегейлі дұрыс емес. Он­лайн, қашықтықтан оқытудың асинхронды әдісін қолдану керекпіз. Яғни сабақ алдын ала жазылып, тапсырмалар беріліп,  оқу­шы немесе студент өзіне ыңғайлы уа­қыт­та жұмыс істеуі керек. Енді мұғалім­деріміздің контенті, видеосабақтары дайын емес. Оны түсініп жатырмыз, одан да тіке­лей эфирге күнделікті сабақ өткендей қо­сылғаны ыңғайлы. Дегенмен бұл біздің интернет-каналдарға, байланыс жүйелеріне, жалпы азаматтардың жүйкесіне де, олардың тех­никалық мүмкіндіктеріне де әсер етіп жатыр. Сондықтан бұл жолдан қашу керек.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарла­масы­ның іске асып жатқан барысына немесе нә­тижесіне көңілім толмайды. Оны анық айта аламын. Осы бағдарлама үшін 2018-2019 жылдарға 35 млрд теңге жұмсалады деп есептелген екен. Осы 35 млрд теңгенің қан­шасы халықты ақпараттық техноло­гия­ларды сауаттандыру жөнінде немесе елге интернет тартуға немесе серверлік қуатты арттыруға жұмсалғанын өз басым көрген жоқ­пын, нақтысын да білмеймін. Бірақ осы дағ­дарыс жағдайында барлығымыз да бай­қадық, біріншіден онлайн сабақ өткізетін болсақ шалғайдағы елді мекендер одан құр қалатынын, екіншіден елдің барлығы бір мезетте интернетке кіретін болса, интернет­тің қуаты шыдас бермейтінін байқадық. Жәрдемақы тапсыратын кезде халық бір мезетте электронды үкіметке кірсе, сайттың көтере алмай құлап қалатын байқадық. Мұ­ның өзі әлі де біздің жетілдіретін тұсы­мыздың көп екенін анық көрсетті.

Негізі елдегі интернеттің байланысы, сер­верлер қуатының нашарлығы, элект­рон­ды үкімет сайтындағы қызмет көрсетудегі ақауларды, техникалық мәселелерді, ши­кіліктердің бар екенін IT мамандары бұған дейін де айтып жүрген еді. Бірақ ешкім оған мән бермеді. Себебі халық электронды үкі­метті толық деңгейде қолданған жоқ еді. Се­бебі олар ХҚКО-на өздері баратын, көп­теген сауда-саттық қолма-қол жүретін. Яғни жалпы халық онлайн технологияны, интер­нетті басым бағытта қолданбайтын. Ал енді жұрттың барлығы интернетке кіріптар, мәжбүр болып қалған кезде амалсыздан сол технологияны қолдану керек кезде, бұл мәселенің жалаңаш жатқаны айқын көрініп қалды. Сондықтан да барлығының назары осыған ауып отыр. Бұл жерде басты мәселе фокуста болып тұр. Яғни фокус түсіп, бүкіл елдің назары ауған кезде және оған дағ­дарыс келіп қосылған кезде көптеген ши­кіліктер бірден көзге ұрып көрінді.

Онлайн, қашықтан оқытуға келетін бол­сақ, тұтастай мемлекетіміз, халық, ми­нистр, білім беру ұйымдары бар, барлығы­мыз бір деңгейде дайын емес екенімізді байқадық. Министр дағдарыс кезінде қандай амал қолдану керек, қандай онлайн құралдарды пайдалану керек, қандай білім беретін экожүйені қолданған дұрыс деген мәселеде әдістемелік, нұсқаулық жағы­нан осалдық танытты. Яғни әркім өзі біледі, тікелей эфирде сабақ өткіземіз деген секілді қарабайырлау әдістерді қолданып кетті. Бұл министрлік тарапынан кеткен олқылық.

Екіншіден, осыған дейін Білім және ғылым министрлігінің Е-learning деген жо­басы болатын. Соның аясында видео­са­бақтар, жалпы білім контенті дайындалуы қажет еді. Екіншіден ауылдық жерлерге ин­тернет тартылуы қажет еді. Осының шикі тұстарын байқап қалдық. Екіншіден білім басқармалары тарапынан автономды түрде өзінің аймағындағы мектептерді, ата-аналар мен оқушыларды ұйымдастыру қабілеті шикі екенін, яғни қол қусырып отырғанын анық көрдік. Мектеп директор­ларында нақты инструкция болмағаны байқалады. Үшіншіден, мектеп директор­лары. Біз енді ішінде жүрмеген соң білмей­міз. Бірақ маған жеткен мәліметтерге қара­сақ, кейбір мектеп директорлары мұғалім­дерге 42 500 теңге алатын отбасылардың тізі­мін жасауды тапсырған. Кейбіреулері Zoom арқылы тікелей эфирде отырғанын дәлелдейтін скриншот, фотосурет секілді есеп талап еткен. Яғни басты мақсат білім беру болатын болса, бұл жерде Білім ми­нистрлігі, Білім басқармалары тарапынан механизмге, есепке, жалпы менеджментке, қадағалауға көбірек мән беріліп кетті деп есептеймін. Мектеп директорлары мұға­лімдерге онлайн оқытуды қалай ұйымдас­тыру керек деген нұсқаулықтарды әлі толық дайындамаған. Ал мұғалімдер сабақты онлайн беруге дағдыланбаған. Өйткені біз осы уақытқа дейін онлайн сабақты ешқа­шан қолға алмадық.

Соңғы жаңалықтар