31 Наурыз, 18:47 4267 0 Жаңалықтар Асыл ТҰМАР

Коронавирустан 12 жасар қыз қайтыс болды

Сурет ғаламтордан алынды
Сурет ғаламтордан алынды

Бельгияда соңғы тәулікте коронавирустан 98 адам көз жұмған, соның ішінде 12 жасар қыз бар, – деп жазды ҚазАқпарат.

COVID-19 күрес жөніндегі үкімет өкілі Эммануэль Андрэ 12 жасар қыздың коронавирус инфекциясынан қайтыс болғаны туралы RTBF телерадиокомпаниясы тікелей эфирден көрсететін күн сайынғы баспасөз мәслихатында айтты.

«Бұл эмоциялық тұрғыда өте қиын жағдай, себебі ол балаларға да, медицина мен ғылыми қоғамға да кері әсер етіп отыр», – деді Андрэ.

Бұл – осы жас санатындағы Бельгиядағы алғашқы өлім. Бұған дейін Лимбургта қайтыс болған 30 жастағы медбике елдегі ең жас құрбан саналып келді.

Бельгиялық қыз Еуропадағы коронавирустың ең жас құрбаны болып отыр. Бұған дейін Францияда 16 жасар қыз бен 14 жасар португалиялық жасөспірім коронавирустан қайтыс болған еді.

«Бүгінде ауруханада, интенсивті терапия бөлімдерінде қауіпті топқа жататын адамдар арасында да жас науқастар бар», – деп атап өтті Эммануэль Андрэ.

Соңғы мәлімет бойынша, Бельгияда коронавирустан 705 адам қайтыс болған. Елде барлығы 12 775 адам осы індетке шалдыққан. 1696 адам жазылып шықты.

Соңғы жаңалықтар