Алматыда зарарсыздандырылған нысандар аталды

Алматыда зарарсыздандырылған нысандар аталды

Алматыда зарарсыздандырылған нысандар аталды
ашық дереккөзі
Алматыда Қарулы Күштердің әскери қызметшілері көшелерді, ғимараттарды және қоғамдық орындарды зарарсыздандыру жұмыстарын кеңінен жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының баспасөз қызметі. Қаладағы зарарсыздандыру жұмыстарына Алматы гарнизонынан барлығы 2 000-ға жуық әскери қызметшілер тартылған. Бүгінгі күнге дейін арнайы бөлімшелер Алматы қаласы бойынша мектеп, балабақша, балалар алаңқайы, емхана және терминал сынды 284 нысанды зарарсыздандырды. Қазіргі таңда ҚР ҚК арнайы бөлімшелері автобус аялдамалары, жаяу жүргіншілер жолы мен автокөліктердің тұрақтарын зарарсыздандыруға кіріскен. Іс-шараларды жүргізу үшін жеке құрам арнайы техникамен, газсыздандыру қорғаныс жиынтығымен және зарасыздандырушы ерітінділермен қамтамасыз етілген. «Біздің басты мақсатымыз – инфекцияның таралуын тоқтату. Коронавирустың жаңа түрі ауада 3 сағаттан астам уақыт, ал заттардың үстінде 48 сағат өмір сүреді және ауа-тамшы жолымен жұғу қауіпі жоғарылайды. Сондықтан көшелер мен қоғамдық орындарды зарарсыздандыру – коронавируспен күресу кезіндегі маңызды жұмыстың бөлігі болып табылады. Бүгінгі таңда біздің бөлімшемен жалпы көлемі 1 млн 329 м2 құрайтын 81 нысан зарарсыздандырылды, аталған жұмысқа 500-ге жуық адам және 24 «АРС-14» автоқұйылмалы станциялары тартылды», – деді майор Алмас Қасымханов. Алматы қаласының айналасында қойылған 21 блокбекеттерінде карантин режимін қамтамасыз ету бойынша іс-шараларының аясында 230-ға жуық әскери қызметші қызмет атқарып жүргендерін атап өткен жөн.