Қытайда істі болған Ақжарқын Тұрлыбайды елімізге қайтару мәселесі бүгін бұқаралық ақпарат құралдарында тағы да талқыланып жатыр. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді. "Қасым-Жомарт Тоқаев жақында елімізге сапармен келген Қытай коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси Бюросының мүшесі Ян Цзечимен әңгімелесу барысында Ақжарқын Тұрлыбайдың тағдырына қатысты мәселені тағы да көтергенін айта кеткен жөн", - деді Берік Уәли өз жазбасында. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы қыркүйек айында Бейжіңге жасаған сапарында ҚХР басшылығын Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне гуманизммен қарап, оны Қазақстанға қайтару мәселесіне ықпал етуге шақырғанын атап өтті. "Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыртқы істер министрлігі мен құқық қорғау органдарына қытайлық әріптестерімен өзара іс-қимылдарды жалғастыруды тапсырды. Бұл іс Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында", - дейді ол.
Жүктелуде...