ULTAN да ұлтқа қызмет еткісі келеді
ULTAN да ұлтқа қызмет еткісі келеді
2014 жылдан бастап аяқкиім тігетін цех ашқан. Бейбіт Хадысұлының айтуына қарағанда, Аққу ауданындағы тұтынушылардың тапсырысын жұбайы Күнтуған екеуі ғана әзер тігіп үлгереді. Техника жабдықтары да жеткіліксіз. Әйтпесе сұраныс мол. Тек Аққу ауданы ғана емес Павлодар өңірінен және басқа да облыстардан тапсырыс алады. Тігілген аяқкиімдерді Қазпошта арқылы жөнелтеді, бірақ тасымалданатын зат 5-6 күнде әзер жетеді екен. «Поштаның қызмет көрсету сапасы баяу. Басқа балама сервис болмаған соң амал жоқ поштамен жібереміз», – дейді. Шебердің шері тарқасын деп біраз базынасын тыңдадық. «Елге келіп, ағайынның етігін тігіп беру, адал табыс табу да бір ғанибет. Атажұрттан ұлтарақтай жер бұйырмай шетте жүрген қазақтар қаншама?» – дейді. Осы орайды пайдаланып «цехтың атауы қандай?» деп сұрадық. «Жеке кәсіп атауына асығыста руымыздың атын қоя салып едім. Енді оны аяқкиім цехтың шекесіне қалай жазып қоямын? Әзірге әдемі атау таппай жүрмін» – дейді шебер аңтарылып. – Онда цехтың атауы ULTAN болса, Túrkistan газетінің қойған атауы болсын, – дедік әзіл-шын аралас. – Рас, әр нәрсенің атауы сол кәсіпке етене байланысты болуы керек. Қазақта «Өзге елге сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді. Сол бізге қарата айтылса керек. Ұлтару, ұлтан, ұлтарақ бәрі де етікшілікке қатысты сөздер. Әрі айтуға да, жаттауға да жеңіл екен, – деп қуана келісті шебер. Бұдан соң кәсіпкерден цехты одан ары дамыту туралы ойын білген едік. – Мұндай шағын кәсіпорындарды қолдайтын несиені алдық. Бірақ несиенің бәрібір өсімі мол. Шығынды жаппайды. Оның үстіне аудандық жерде кепілге қойған үй арзанға бағаланады. Менің кепілге қойған үйім миллионға бағаланды да, небәрі 700 мыңдай несие алдым. Мұндай аз қаржымен кәсіпті жандандыру қиын. Несиенің өсімі аз болса, берілетін қаржы кәсіпті кеңейтуге жетерліктей болса, елімізде өнеркәсіп дамитын еді. Өз қолымыз өз етігімізге жетпей болмайды, – дейді кәсіпкер Бейбіт Хадысұлы.