Батыс Қазақстан облысында арнайы құрылған комиссия шетелдік жұмыс күшін тартып келген 95 компанияның қызметін тексеріп, мыңға тарта заңбұзушылықты анықтаған. Бұл туралы 24.kz хабарлады. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік жұмысшыларға берілетін квотаны едәуір қысқарту туралы тапсырма берген еді. Бұл орайда облыстық ЖҚҮӘБ басқармасы басшысының орынбасары Самат Хангереев: «Биылғы Еңбек министрлігінің бұйрығына сәйкес облыс бойынша 1440 бірлік квота белгіленді. Былтырғымен салыстырғанда, 2 есеге қысқарды», – деді. Оралдағы жоғары мұнай-газ колледжі дәнекерлеуші, құбыр және электр монтаждаушы секілді төртінші санатқа қажет болатын мамандар даярлайды. Колледж директоры Серік Мұхамбетәлиев: «Тап бүгін бітірген түлек шетелдіктерді алмастырып, нақты жұмыс істейді деген үлкен сенім жоқ. Біз әлі оған дайындалуымыз керек. Ол үшін біріншіден, мұғалімдерді тәлімгерліктен алыс-жақын шетелдердегі өндірістің өзінде 6 ай, 1 жылға жіберіп мұғалімдерді тәлімдемеден өткізуіміз керек. Екіншіден, материалдық-техникалық базамызды сол өндіріске жақындатуымыз керек», – дейді. Шетелден келетін жұмысшылар, негізінен, аса дәлдікті талап ететін жоғары технологиялық жобаларда жұмыс істейді. Сарапшылардың айтуынша, мәселен, құбырларды байланыстырушы, нақты стандарттарға сай дәнекерлеуші мамандар дегендей. Ендігі міндет – қазақстандық кадрларды сол орындарға тарту. Мұны аймақ басшылары да айтып отыр. «Ол үшін халықаралық деңгейдегі оқу орындарын ашу, білікті оқытушылар құрамын жасақтау басты міндет», – дейді.
Жүктелуде...