Балқаш қаласының маңындағы теміржол өткелінде жүк пойызы мен жол талғамайтын көлік соқтығысып, салдарынан екі адам көз жұмды. Оқиға Балқаш қаласынан 37 шақырым қашықтықта «Балқаш-Саяқ» бағытындағы теміржол тармағының шлагбауммен жабдықталмаған өткелінде болды. 56 жастағы Балқаш тұрғыны жүргізіп келе жатқан «Тойота Прадо» автокөлігі мен «Балқаш-Саяқ» бағытындағы жүк пойызы соқтығысты. Оқиға салдарынан «Тойота Прадо» автокөлігінің жүргізушісі мен оның 33 жастағы жолаушысы алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды, сондай-ақ аталған автокөліктің 47 жастағы жолаушысы әртүрлі жарақаттармен медициналық мекемеге жеткізілді. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі «Абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан Жол қозғалысы ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу барысында істің барлық мән-жайы анықталатын болады.
Жүктелуде...