Түркістан облысы полиция департаменті қызметкерлері есірткі сақтау және өткізу фактілерінің алдын алу және жолын кесу, заңсыз есірткі егумен қатар, басқа да заң бұзушылықтарды анықтау мақсатында жедел-профилактикалық іс-шараны жалғастыруда, деп хабарлайды Otyrar.kz. Шара нәтижесінде жергілікті тұрғынның ауласынан түбі қопсытылған, суғарылып бапталған 8-түп жасыл түсті, өзіне тән айрықша иісі бар, есірткі затына ұқсас өсімдіктер табылды. Куәгерлердің қатысуымен өсімдіктер сараптамадан өткізу үшін тәркіленіп алынды. Тағайындалған сот-криминалистикалық сараптаманың қорытындысы табылған есірткі затына ұқсас өсімдік «сора» екендігін көрсетті. Салмағы 5 кг жуық. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 300–бабы бойынша «Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру» бойынша тіркелді. Күдікті Ордабасы АПБ-не жеткізіліп, бұлтартпау шарасы ретінде «Келу туралы міндеттеме» берілді. Сондай-ақ, күдіктінің аталған есірткі заттарын қандай мақсатпен өсіргені анықталуда. Тергеу амалдары басталды.
Жүктелуде...