Әл-Фараби туралы фильм түсіріледі
Әл-Фараби туралы фильм түсіріледі
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына орай жүзеге асатын шаралар бойынша 2020 жылы Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фарабидің 1150 жылдығын ЮНЕСКО аясында атап өту жоспарланған болатын. Қазақ ұлттық университеті ғұлама ғалымның 1150 жылдығына дайындық аясында медиакомпаниялармен бірлесе отырып, әл-Фарабидің өмірі мен қызметіне арналған бірнеше деректі фильм түсіруді қолға алды. Қазіргі кезде әл-Фараби туралы «Ұстаздың оралуы» төртінші деректі фильмі бойынша жұмыстар атқарылуда. Біздің еліміздің фарабитанушы жетекші ғалымдары, қоғам және мәдениет қайраткерлері құрамына енген арнайы ғылыми-зерттеу экспедициясы «әл-Фараби іздерімен» фильмін түсіру мақсатында кино түсіру жұмыстарын бастап кетті. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар ауданының әкімі болған кезде тарихи-өлкетану мұражайының құрылысын салуға, әл-Фарабидің ескерткішін ашуға және ежелгі Отырардағы архелогиялық қазба жұмыстарын жандандыруға ықпал еткен Парламент Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев экспедиция құрамына енген болатын.