«Seedspace Nur-Sultan» инновациялық алаңында «Акселератор Нұр-Сұлтан» ресми түрде іске қосылды. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады. Бұл – әкімдіктің қала тұрғындарымен жұмысын айқын көрсететін, елорданың белсенді тұрғындарын, бақыланатын құрылымдарды, жекеменшік компанияларды қаланың тіршілігін қамтамасыз ету мәселелерін шешуде біріктіретін ортақ алаң. Акселератордың назарында астананың әрбір тұрғынын мазалайтын 3 маңызды мәселе тұр. Бұл – қоғамдық көлік, ПИК қызметі және елорданы санитарлық тазалау. Бағыттардың әрқайсысы бойынша қаланың ағымдағы жағдайын жақсартуға ықпал ететін бірегей шешімдерді әзірлеу және енгізу, сондай-ақ алға қойған мақсаттарға 100 күнде қол жеткізу күтіледі. Қала әкім орынбасары Малика Бектұрова айтып өткендей, бұл бастаманың негізгі міндеті – қалалық қауымдастықтың идеялары мен ұсыныстарын, түйткілді мәселелерін бірлесіп шешу. «Біз қалалық акселераторлардың халықаралық тәжірибесін қолданамыз, оған айқын мысалдың бірі – Дубай қаласы. Бізде сынақ режимінде әкімдіктің өкілдері, белсенді қала тұрғындары және қоғамдық ұйымдардан құрылған штаб жұмыс істейді, ол акселератордың бүкіл жұмысын жүйелендіреді және байланыстырады», - деді Малика Бектұрова. Акселератордың жұмыс нәтижелері арнайы www.nursultansmartaccelerator.com сайтында және Smart Astana мобильдік қолданбасында жарияланатын болады.
Жүктелуде...