Нұрсұлтан Назарбаев атындағы әуежайдың бас есепшісі пара бергені және қаражат жымқырғаны үшін ұсталды. Бұл туралы ҚР МҚІСЖҚК қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин Нұр-Сұлтан қаласында өткен баспасөз-конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды 24.kz арнасы. «Елордалық әуежайдың бас бухгалтері Нұр-Сұлтан қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің лауазымды тұлғаларына 16 миллион теңге сомасындағы пара беруде және іс жүзінде жоқ шарттар мен жұмыстар бойынша жалған шот-фактураларды шығарумен айналысатын 23 фирманың есеп айырысу шоттарына аудару арқылы акционерлік қоғамның 1,3 миллиард теңгедан астам сомадағы ақша қаражатын жымқыруда күдікті деп танылуда. Залал аудиторлық тексеру тұжырымымен расталды», – деді Бердалин. Арман Бердалиннің мәліметінше, қазіргі таңда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының елордалық департаментімен аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сот санкциясы бойынша күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Тергеу шаралары жалғасуда.
Жүктелуде...