Аграрлық салаға кәсіби маман керек

Аграрлық салаға кәсіби маман керек

Аграрлық салаға кәсіби маман керек
ашық дереккөзі
Елбасы Жолдауында агроөнеркәсіп кешені экономиканың жаңа драйверіне айналуы тиістігін айтқаны мәлім. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында Қазақ ұлттық аграрлық университеті базасында агротехнологиялық хаб формасында зерттеу университетін құру туралы атап өтілген еді. Елімізде 3 бейіндік және аграрлық саланың 14 мамандығы бойынша 20 жоғары оқу орны, оның ішінде жекеменшік 7 университет және 59 колледж ауыл шаруашылығына маман дайындайды. Бұл мамандықтар бойынша 7,5 мыңға жуық білімгер жетекші үш жоғары оқу орнында білім алуда. Соның 70 пайызға жуығы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде оқиды. Ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселенің бірі – агроқұрылымдардың ұсақтығы. Ауылшаруашылық өнімін өндірумен 185 мыңнан астам агроқұрылыммен қатар 1,6 миллионға жуық үй шаруашылығы айналысады. Жалпы, агроқұрылымдардың 96 пайызы (177,6 мың) шаруа қожалықтары. Олардың жер көлемі мен шаруашылық деңгейі интенсивті негізде кең көлемде тауар өндіруге мүмкіндік бермейді. Жалпы өнімнің 27 пайызы осы іспетті шаруа қожалықтарына тиесілі болса, ал 40 пайызы егістік жері 10 гектардан аспайтын фермерлерге тиесілі. Шаруа қожалықтарының 81,2 пайызының егістік алқаптары 50 гектардан аспайды. Яғни бұл саладағы өнімділік деңгейі төмен екендігін көреміз. Сонымен қатар үй шаруашылығына елдегі мал шаруашылығы жалпы өнімінің 74 пайызы тиесілі. Ұсақ құрылымдар өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, инновацияны енгізу, қауіпсіз азық-түлік жеткізу мәселелерін өздігінен шешуге қабілетсіз. Сондай-ақ, білікті мамандарды жұмысқа тартуға мүмкіндігі шектеулі. Көпшілігі жас мамандарды лайықты әлеуметтік-тұрмыстық жағдаймен қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан аграрлық мамандықты меңгерген түлектер ауылға баруға құлшынбайды. Бұған дейін «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына бұл саладан «Ветеринарлық медицина» мамандығы ғана қосылған екен. Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі мен университеттің ұсынысымен бағдарламаға үш мамандықты қосуға қол жетті. Енді алдағы жылдан бастап жас агрономдар, балық шаруашылығы және мал шаруашылығы мамандары қосымша қаржылық қолдау мен әлеуметтік көмекке ие болады. Яғни жас мамандарды тарту үшін ұсақ шаруашылықтардың кооперацияға бірігуін және ғылым, білім, өндіріс интеграциясын қарқынды жүргізу қажет. Ауылға жас маманның келмеуінің тағы бір себебі – кейінгі жылдары аграрлық мамандықтарда оқитын қыз балалар көп. Сондықтан әскер қатарынан оралып, аграрлық сала бойынша оқуға түсетін талапкерлерге бірқатар жеңілдік қарастырылуы қажет. Осы санаттағы талапкерлер қажетті өту балын алған жағдайда оқуға байқаусыз қабылдануы тиіс. Ал колледж бітірушілер ақылы оқуды таңдаған жағдайда, оларды әңгімелесу арқылы қабылдаған дұрыс. Мемлекеттік тапсырысты бөлу ережесін де қайта қарау қажет. Сұранысқа ие ауыл шаруашылығы және ветеринария мамандықтары бойынша мақсатты гранттарды облыс әкімдігінің тапсырысы негізінде беру және оны өндірісте 5 жыл еңбекпен өтеуді қарастыру қолайлы шешім болар еді. Тағы бір мәселе, көптеген мемлекеттік гранттар маманданбаған жоғары оқу орындарына кетеді. Бұл маман дайындау сапасына кері әсер етеді. Сол себепті мемлекеттік гранттардың 70 пайызын аграрлық саладағы жетекші жоғары оқу орындарына бөлген абзал. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасында ауыл шаруашылығы мамандығына гранттардың көптеп бөлінетіндігіне қарамастан, жоғары білімді кадрларға тапшылық байқалатыны айтылды. 2014-2016 жылдары мамандарға және ғылыми кадрларға деген жалпы қажеттілік 6 456 адамды құрағаны көрсетілді. Кадр тапшылығы негізінен ғалым-агроном, ветеринар дәрігер, зооинженер, инженер-механик, инженер-технолог, экономист, бухгалтер сияқты мамандықтар бойынша сезіледі. Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша, АӨК субъектілерінің 80 пайызы мамандарға зәру. 13 мыңнан астам заңды тұлғалардың – ауылшаруашылық тауар өндірушілер мен басшылық құрамында қызмет атқаратын мамандардың 12 пайызының ғана аграрлық жоғары және аяқталмаған жоғары білімі бар. Маманды сапалы дайындау үшін заманауи үлгіге көшу қажет. Яғни білім беру инновацияға бағдарланған кәсібилік дағды мен кәсіпкерлікті дамытуға бағытталуы тиіс. Болашақ мамандар агробизнесте инновациялық технологиялар мен жаңа білімді ұтымды пайдалана білуі қажет.

Жәнібек Әшім