Күрмеулі мәселелер шешімін таппақ

Күрмеулі мәселелер шешімін таппақ

Күрмеулі мәселелер шешімін таппақ
ашық дереккөзі
Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаттары Маңғыстау өңіріне жұмыс сапарымен барып, бірқатар нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты. Халық қалаулылары алдымен «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС-інде болып, ұжыммен кездесті. Комбинат Ақтау қаласы мен жақын маңдағы кенттердің тұрғындарын, сондай-ақ өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарын ауыз сумен және шаруашылық сумен, жылумен және электр энергиясымен жабдықтайды. Комбинатта бүгінде 4000-ға жуық жұмысшы және мамандар жұмыс істейді. Қазіргі уақытта комбинат 600 Мвт-тан астам электр қуатымен жұмыс істеу және тәулігіне 60 мың текше метрден астам дистиллят шығару мүмкіндігі бар Комбинаттың тиісті қызметтері кәсіпорын жұмысының қоршаған ортаға әсеріне тұрақты мониторинг жүргізіп отырады. МАЭК барлық өндірістік қызметіне қажетті лицензиялармен қамтамасыз етілген. Комбинат объектілердегі энергетикалық және өзге де жабдықтардың сенімді, апатсыз жұмысын қамтамасыз ететін және қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізуге толық мүмкіндіктері мен біліктілігі жеткілікті, білім деңгейі жоғары мамандармен қамтылған. 2018 жылдың 3 шілдесінен бастап «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС жарғылық капиталындағы 100 пайыз қатысу үлесі «Самұрық-Қазына» АҚ-на тиесілі. Халық қалаулылары негізгі басым бағыттарға, оның ішінде әлеуметтік қамсыздандыру саласына баса назар аударып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ерекше мән беріліп келе жатқандығын алға тартты. Кездесуде еңбек ұжымы халық қалаулыларына өз-ұсыныстарын білдіріп, пікір алмасты. Мәжіліс депутаты Сәкен Өтебаев күрмеуі шешілмеген мәселелер аз емес, сол себепті барлық саланы дамыту бойынша жұмыстар қолға алынып жатқандығын айтып өтті. «Маңғыстаудың мұнайлы өлке екенін бәрі біледі. Жұмыссыздық мәселесі көтерілсе, тұрғындардың басым бөлігі мұнай саласына жұмысқа тұрғысы келеді. Себебі айлық жалақысы жоғары. Алайда мұнай компанияларын да түсінуге болады, барлығына бірдей жалақысы жоғары жұмыс тауып беру қиын. Сол себепті басқа салаларға да көңіл аудару қажет. Осындай сұрақтарды біздің әріптестеріміз Үкімет отырыстарында үнемі көтеріп келеді. Алдағы уақытта бұл проблема өзінің шешімін табатынына сенімдіміз», – деді мәжіліс депутаты. Басқосуда бірқатар өзекті әлеуметтік мәселелер көтеріліп, айтылған барлық ұсыныс-пікірлер Мәжіліс депутаттарының назарына алынды. Алда депутаттар өзге де кәсіпорында болып, тұрғындарды жеке сұрақтармен қабылдау жоспарда бар.