ӘЛЕМДЕ ҚАЙ ДІН ЖОЙЫЛУЫ МҮМКІН?

ӘЛЕМДЕ ҚАЙ ДІН ЖОЙЫЛУЫ МҮМКІН?

ӘЛЕМДЕ ҚАЙ ДІН ЖОЙЫЛУЫ МҮМКІН?
ашық дереккөзі
Еуропада шіркеулер жабылып, мешіттер көбейіп келеді Дін – нәзік мәселе. Әлемде болып жатқан діндер қақтығысы, лаңкестік әрекеттер, бітіспес соғыстың астарынан да дінге деген көзқарастың екіұшты екені байқалады. Тіпті, жұрт мінәжат ететін орындарда жарылыстың жиі болуы және оның себебі мен салдарының ашылмай, жабулы қазан күйінде қалуы көп жайтты аңғартса керек. Бүгінде ғалымдар да қарап жатпайды. Жақында олар алдағы 2060 жылы әлемдегі діни ахуалдың қалай өрбитініне болжам жасады. Мұны Еуропадағы демографиялық дағдарыспен байланыстырса да, бұдан да тереңірек мәселенің бар екеніне екпін түсіреді. Сөйте тұра, болашақта қандай конфессиялардың санамыздан өшіп, өткеннің еншісінде қалатынын сарапқа салады. Мәселен, жыл сайын Еуропада ондаған христиан шіркеуі жабылып, оның орнына соншалықты мешіт салынады екен. Бұл дерек көптен бері әңгіме арқауына айналған еуропалық континенттің исламданып бара жатқандығын нақты дәлелдесе керек. Pew әлеуметтік орталығының зерттеушілері ұсынған болжамға сенсек, 2060 жылы христиандардың саны бір буын алмасқаннан кейін 34 пайызға, ал мұсылмандардың саны 70 пайызға жетеді екен. Бүгінде еуропалық континентте ең ірі христиандық мемлекет Ресей екені белгілі. Осы тұрғыда әлгі ұйымның зерттеушілері 40 жылдан кейін Ресей христиан өкілдері көп мемлекет ретінде алғашқы ондықтан түсіп қалатынын айтады. Сондай-ақ, бұл қатарда Қытай мен Германия да бар. Себебі, бұл уақытта әлемдік дін деп саналған христиан дінінің орнын ислам басуы әбден мүмкін дейді сарапшылар. Және бұл процеске бастамашыл ретінде Таяу Шығыс елдері емес, АҚШ пен Үндістан кіріспекші. Яғни, Үндістан тұрғындар санының көптігі жағынан, ал АҚШ жаппай иммиграцияның көмегі арқылы үн қоспақ. Алайда, бұл жерде бір кілтипан бар. Соңғы кезде бұл елдерде де мұсылман жамағатына қарсы шабуылдар жиі болуда. Бұл мәселе президент Трампты да соншалықты алаңдата қойған емес. Тіпті, АҚШ-та үшінші апта қатарынан «хиджаб киген конгрессвумен» ретінде танылған Ильхан Омар төңірегіндегі дау басылмай қойған-тұғын. Америкалық қоғамдағы ислам туралы үрейді сарапқа салған ол 2001 жылғы 11 қыркүйекте болған терактіні қаперге салып, соны ұйымдастырушыларды тілдеді. Мұсылман әйел сол арқылы ішкі жанайқайын білдіргенмен, жергілікті ақпарат құралдары терактіні оған қарсы құрал ретінде пайдалануға тырысып бақты. Оның айтуынша, бұдан кейін оған қауіп төніп, түрлі қысым жасалатыны туралы хабарлама келген. Бұл нені білдіреді? Бірқатар зерттеулерге сүйенсек, 2040 жылы АҚШ-тағы мұсылман қауымы саны жағынан христиан діні өкілдерінен кейінгі орынға жайғаспақ. Қазір бұл елде ресми мәлімет бойынша 3,3 млн мұсылман өмір сүреді. Бұл тұрғындардың 1 пайызы. Ислам: бала санын шектемейді Ал Еуропадағы жағдай қалай? Мәселен, бір христиан отбасына орташа есеппен екі баладан, ал мұсылман отбасына үш баладан келеді. Бұл жылдан жылға мұсылман отбасының саны көбейіп жатыр деген сөз. Тіпті, бұл көрсеткіш кейбір мемлекетте мұсылман өкілінің лауазымды қызметке орналасуына түрткі болуда. Жақында ғана Германия Қорғаныс министрлігі полк имамы лауазымын енгізді. Себебі қазір бундесверде шамамен 3 мың мұсылман өкілі борышын өтеуде. Есесіне, соңғы бес жылда христиан қауымы бір жарым миллионға қысқарыпты. Мұның залалы Лютеран шіркеуіне келіп тиюде. Құлшылық ететін адам саны азайған сайын шіркеулер де жабылудың аз-ақ алдында тұр. Белгілі дінтанушы Роман Лункиннің айтуынша, либералды христиандық конфессияларға, атап айтқанда лютерандар мен методистерге де көңіл бөлуіміз керек. «Әйтпесе, түптің түбінде олардан да айрылып қалуымыз мүмкін», – дейді ол. Мұндағы баса айтатын бір мәселе – бұл конфессиялар протестантизмге жақын. Лютеран діні Германияда ХVІ ғасырда, ал методизм ХVІІІ ғасырда АҚШ-та тамырын жайды. Ұлыбритания шіркеулерінде де мәселе көп. Екі жыл бұрын ел басшылары 2020 жылы дін қызметшілерінің көбі зейнетке кетсе, олардың орнын басатын ешкім жоқ деп дабыл көтергені есте. Сондықтан Ұлыбритания үкіметі жас дін қызметшілеріне бюджеттен қосымша ақша бөлу туралы арнайы бағдарламаны іске қосты. Алайда, бұл әрекет әзірге ешқандай нәтиже әкеле қоймаған сияқты. Соңғы 15 жылда британ елінде 500 шіркеуге қара құлып салынып, қаңырап қалған діни орындар концерт беретін алаңға, қонақ үй мен барларға айналған. Бір қарағанда, оған бала туу санының аздығы да басты себеп емес дейді мамандар. Дінтанушы Роман Лункиннің пікірінше, қазір әлемде консервативті діни білімге деген сұраныс жоғары. «Ал бұл ағымдар өте ымырашыл келеді. Мәселен, Норвегия Лютеран шіркеуі біржынысты жұптарға шіркеуге кіруге рұқсат берді. Айта кетерлігі, сол шіркеудің эпископы әйел адам. Тіпті, мұнда шіркеуге біржынысты жұптардың кіруі мен әйелдің дін қызметшісі болуы туралы ортақ пікір жоқ. Себебі, христиан әлемінде жаңа бағыт пайда болуда. Егер Германия, Норвегия, Швециядағы лютерандық шіркеулер ымырашыл келсе, ал олардың Африка мен Азиядағы еншілес қауымы әлдеқайда консервативті және өз бетінше өмір сүре алады. Соның ішінде ең консервативті деген ағымдар белсенді түрде дамып келеді», – дейді дінтанушы. Дәлірегінде, либералды христиан ағымдарының дәл осылай әлсізденуіне басты себеп – білімді шындық жолына бағыттап, сенім білдірушілерге қатаң талап қоймауында. Сол арқылы олар христан дініне деген көзқарасты мүлдем өзгертуге құмар. Зерттеушілердің пікірі осыған саяды. Тағы бір зерттеушілердің айтуынша, діни ағымдар әр түрлі себептерге байланысты жойылып кетуі мүмкін. Соның бірі – демография. Адамзаттың басынан талай дәуір өтті. Осы уақыт ішінде діни сенімі мен көзқарастары да түрленіп отырды. «Баяғы антикалық діни ағымдар тарих сахнасынан кетсе, бүгінде гректер православиялық христианға жақын екенін аңғартты. Ал кезінде зороастризм дініне біртабан жақын парсылардың дені қазір мұсылман. Демек, соңғы жылдары бәзбіреулер астын сызып айтып жүрген діни ағым және этникалық топтар бір-бірімен тығыз байланысты емес. Шын мәнінде, сенім үшін этникалық сәйкестік екінші мәселе», – дейді дінтанушы Павел Костылев. Діни ағымдардың қоғамнан шеткері ысырылып қалуына не себеп? Бәлкім, дін де өмір ағымына сай өзгеріске ұмтылуы керек шығар. Бүгінгі жаңа технологияға бет алған жастар үшін жаңашылдық қажет. Оларды тәрбиелеуші интернет екенін ескерсек, діни ағым мен діни көзқарас ескінің қалдығы боп қабылдануы мүмкін. Соңғы зерттеулерге сүйенсек, кейбір елдің ұстанатын діні салт-дәстүрімен араласып, беки түскен. Оған мысал ретінде Жапониядағы синтоизм, Сібір мен Қиыр Шығыстағы шаман дінін айтуға болады. P.S: Әлемдік зерттеушілер христиан дініне сенушілердің қатары азайып барады деп дабыл қағуда. Алайда, алпауыт елдердің өзінде ислам дінінен секем алып, үрке қарайтындардың қатары азаймай отыр. Оған соңғы жылдары оттың ошағына айналған Ливия, Ирак, Сириядағы соғыс мысал. Оның тағы бір айқын дәлелі – мұсылман қауымы мінәжат ететін орындар мен мешіттерде қасақана жасалатын жарылыстың көбейіп кетуі. Бұл әрекеттің бәрі ислам дініне деген үрей мен қорқыныштың күшейе түсуіне әкеп соғуы ықтимал. Соған қарамастан, әлем бойынша мұсылман қауымының артуы көңілге дем береді.,

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ