Спортшы Қарағандыда акробатиканы дамытқысы келеді
Спортшы Қарағандыда акробатиканы дамытқысы келеді
Н.Амоскин Қарағанды қаласында өтетін жаттығуларына күнделікті Новодолинск елді мекенінен келеді. Спортшы аптасына алты рет 3-4 сағаттан жаттығады. 19 жасар Никита Амоскин мен 16 жастағы Анастасия Долганюк жастар арасында акробатикадан өткен әлем чемпионатында алтын медальға ие болды. «Әлемдік жарыстарда чемпион болу оңай емес, қасыңдағы серіктесің де сенімді болуы тиіс», дейді жас спортшы. Сол себепті спорттық жұптың жасы, салмағы мен бойы үйлесімді, белгіленген талаптарға сай болғаны абзал. Сондай-ақ серіктестердің өзара психологиялық үйлесімділігі де маңызды. «Біз Анастасия Долганюкпен 8 жыл жұп болып өнер көрсетіп келеміз. Бұл уақыт ішінде бірнеше рет Қазақстан, екі мәрте Азия чемпоны атандық. 2018 жылы спорттық акробатикадан әлем чемпионы атағына ие болдық. Әрине, арамызда түсініспеушілік те болып тұрады, жаттығулар кезінде дауласып та жатамыз. Дегенмен, серіктес болғаннан кейін тіл табысып келеміз», дейді «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушысы Никита Амоскин. Бастапқыда Никита атасының жолын қуып, грек-рим күресіне бет бұрған екен. Ал акробатикаға тек 9 жасында келген. Бүгін оның қоржынында 70 медаль бар. Жаттықтырушысы Ботакөз Байбақұшеваның айтуынша, Никита келген бойда дайындық тобында жүрген. Өзінің ұстамдылығы және бірбеткейлігімен бірден көзге түсіпті. «Тынымсыз еңбек етіп, аз уақыттың ішінде жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Оның болашағынан зор үміт күтеміз, спортта бағындырар биігі әлі алда. Никита – отбасындағы екі баланың кенжесі. Қазір Қарағанды мемлекеттік университетінің дене шынықтыру факультетінде оқиды. Оның ендігі арманы – спорттық акробатиканы дамытуға барынша үлес қосып, жасөспірімдерге жаттықтырушы болу», дейді Ботакөз Байбақұшева.
Асхат РАЙҚҰЛ