Жәнібек ән салады...

Жәнібек ән салады...

Жәнібек ән салады...
ашық дереккөзі
Қазақтың дүлдүл әншісі Жәнібек Кәрменұлы тірі болса 70 жасқа толар еді. Өкінішке қарай, ол қызықты көруге Жаратқан нәсіп етпепті. Дегенмен де Жәнібектің дауысы қазақ аспанында өшпейді. Біз осы мерейтойға орай біртуар тұлға жайлы бір топ пікірлерді жариялап отырмыз.

МЕНІҢ ЖӘНІБЕГІМ

Осынау кең дүниенің, жарық жалғанның, тәтті тіршіліктің Жәнібек Кәрменсіз өтетініне куә боламыз-ау деген ой қаперімізде жоқ еді. Өмірдің парқы мен нарқын енді түсініп, енді ғана кемеліне келіп, бар болмысымен сүйетін халқына құлшына қызмет көрсетуге кіріскен шағында баршамызға бірдей ардақты Жәнібек, менің Жәнібегім қапияда фәни жалғанмен қош айтысып, мәңгілік бақи дүниесіне көшті... Дүние дидарындағы қорлық пен зорлық атаулының баршасына қарсыласып өтуге болады. Төтелеп келген ажалды тағдыр шіркіннің жазуына балайсың да көнесің. Көнбеске шараң бар ма?! Міне, осындай дауасыз тағдырға көнгендіктен де, Жәнібектің әруағына тағзым ете отырып, қолға қалам алуға тура келеді. Енді дауыс қойып жоқтаудың да, аһ ұрып арманға берілудің де қисыны жоқ Мұндайда ардақты Жәнібегіміздің болмыс-бітімін еске ала отырып, өнер туралы, өмір туралы толғанған ләзім. Халқымыздың рухани әлемі өткенде қандай еді, бүгін қай деңгейде, ертең, қай өрісті шиырлайды дегенге ой болған жөн. Сол рухани әлеміміздегі Жәнібек Кәрімнің өзіндік алар орнын бажайлаған абзал. Жәнібектің алды-артындағы сабақтаса жалғасқан дәстүрге ден қою қажет. Бір ақиқаттың басы ашық. Қазақ халқының рухани мәдениетін барша болмыс қасиетімен парықтай алатын адам бір сәт дара қасиеттерімен әйгілі болған тұлғаларын ой көзімен шолар болса, онда ешкіммен шатастыруға болмайтын, ешкіммен ауыстыруға болмайтын саңлақтарымыздың санатында Жәнібек Кәрменнің де есімі аталар еді. Қазақ үшін Жәнібек қандай қасиетімен дара, несімен қымбат? ...Жәнібек Кәрмен дәстүрлі ән өнеріміздің саңлағы ғана емес, сонымен бірге үлгі эталоны да еді. Жәнібек барда халқымыз жат дыбысқа, желбуаз өнерсымаққа жұбанбайтын. Кейбір арзанқол әншілер есебін тауып сахна төріне шыққанымен, халық жүрегінің төріне тұяқ іліктіре алмайтын. Өйткені Жәнібектің ұлы өнерін тәу еткен халық өзінен-өзі өнерсымақ атаулыны тәрік етіп отыратын. Әлгі «мәдени-рухани экспанцияға жеке тұлғалардың дәстүрлі өнері тосқауыл болып отырды» дейтін ойдың қисыны осыған байланысты. Өзінің қысқа ғана ғұмырының соңғы ширек ғасырында Жәнібек қайталанбас ғажайып өнерімен халқының рухани өмірбаянына айналып үлгеріп еді. Туасы бөлек дария дарынға шөлдегендер, тілі шұбар, үні дүбәра ызың-қиқуынан ауырғандар Жәнібекті тыңдап, дертіне шипа табатын. Армандай болып алыстай бастаған, бірақ қара үзіп кетпеген асыл текті өнерді аңсағандар жақсының көзіндей, жампоздың тұяғындай Жәнібектің үніне құлақ түретін. Алдағы күндердің, жылдар мен ғасырлардың тыңдаушысын айтпай-ақ қояйық, дәл қазіргі тарихтың өліара кезеңіндегі жаны жаралы қоскіндік ұрпақ үшін Жәнібек шын мәнінде шер тарқатар тұлға еді. Жомарт табиғат Жәнібектің бойына ел-жұртының мұңын мұңдап, жоғын жоқтай алатын тегеурінді дарын сыйлады. Ол өз замандастарының қуанышы болып қалықтап, арманы болып шарықтап, қайғы-қасіреті болып зарлап өтті. Барша замандастары сияқты, өмірдің рахаты – еткен еңбегінен ажыраған, күнкөріс әрекеті – мақсат-мүддесінен бөлінген, қажыр-қайраты – елеп-ескерусіз қалған заманда өмір сүру Жәнібектің де маңдайына жазылды. Алайда ол, осынау зұлматтың зіл батпан салмағын арқалай жүріп, жанды жегідей жейтін азабын тарта жүріп, рухани мәңгүрттікке қарсы күрес жолынан қылдай ауытқыған емес. Оның тал бойында өзіне дейінгі сан ғасыр ұрпағының тірнектеп жинаған, аялап сақтаған асыл қазынасы мол еді. Жәнібек дүниеден озғанда ойлай білетін зиялы қауым қазақ өнері мен мәдениетінің қабырғасы опырылып түскендей сезімде болды. [caption id="attachment_77741" align="alignnone" width="709"] width= Телехабарға дайындық үстінде. 1985-жыл.[/caption] Жәнібек өмірде ғана емес, өнердің де жайсаңы еді, жампозы еді. Қазақ халқының ең қанатты өнері, ең шабытты өнері ән-күйі болса, Жәнібек осынау әруақты да арқалы өнердің біртуар тарланы болатын. Бұл орайда Жәнібек бұрындары өткен Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Кенен сияқты өнер пайғамбарлары мен бүгінгі ұрпақ арасын жалғаған алтын арқау сияқты еді. Сонымен бірге, Жәнібекті замандастары күні кешегі Жүсіпбектің, Манарбектің, Қалидың, Қосымжанның, Байғабылдың көзіндей көретін, солардың орнын жоқтатпас шәкіртіне балайтын. Шыны да сол болатын Бұл ретте Жәнібек өзіне дейін желбіреген қазақ әнінің туын биіктетпесе, төмендеткен жоқ. ...Жәнібекті жай ғана әнші немесе қазақ әнінің насихатшысы деуге ауыз бармайды. Маған қазақтың ән өнері адам кейпіне айналған Жәнібек сияқты болып көрінетін. Оның репертуарында дайындықсыз, мүдірмей айта алатын үш жүздей ән болатын. Бұл ретте, Жәнібек өзінің барша жаратылыс-болмысымен дәстүрлі классикалық ән өнеріміздің қоймасы сияқты, объектісі сияқты еді. Жәнібек барда біз: «Қазақ халқы әнші халық, біздің ән өнеріміз осындай», – деп кеудемізді шалқақ ұстаушы едік. Сексенінші жылдардың бас кезінде Жәнібек екеуміз теледидарға қазақтың ән өнері туралы сегіз хабар жаздырдық. Осы хабар-әңгімеде мен Жәнібекке тоқсанға тарта ән айтқызыппын. Олардың ішінде асқақ Біржанның, адуын Мұхиттың, мұңды Ақаңның, шерлі Естайдың, арқалы Исаның, арманшыл Әсеттің, бойлауық Жамбылдың, сұлу Сәкеннің, сыршыл Кененнің, мінезді Қасымның әндері болатын. Жәнібек осынау алуан бітімдегі әнші-композиторлардың бәрімен де тіл табысып, бәрінің де ішіне түсіп, өлеңдерінің шырайын келтіріп, шырқау биікке шығарушы еді. Жәнібекті исі қазақ өнерінің Жәнібегі атандырған қасиетінің өзі осында болатын. Ол өзінің алдындағы Жүсіпбек, Ғарифолла, Манарбек, Қосымжан, Рабиға, Байғабыл сияқты ұлы әншілердің ең асыл қасиеттерін тал бойына дарыта отырып, өзінің әншілік тұлғасын даралай білді. Сол арқылы қазақ ән өнерінің тұтас бір кезеңі, оқшау бір мектебі ретінде рухани тарихымызға айналды. ...Кез келген шын мәніндегі дарынды тұлға секілді, Жәнібек те көп қырлы, алуан сырлы өнерпаз болатын. Оның таңғы шықтай мөлдір әңгіме-повестерін жұртшылық күні бүгінге дейін жастанып жатып оқиды. 0л шығарған әндер халықтық қалпымен, қасиет-парқымен тыңдаған жанды тәнті етеді. Жәнібектің қария сөзге жүйріктігі, ел ішінің шежіре тарихын көп білетіндігі, әсіресе, орайлы жерде суырылып сөйлеп кететін шешендігі бір ғажайып қасиеті болатын. Бұл ретте Жәнібек бұрынғы өткен әнші бабаларының көзіндей, асылдың тұяғындай, дәстүрлі мәдениетіміздің ортамызда жүрген біртуар өкіліндей болып көрінетін. Осы қасиеттерінің бәріне қоса, Жәнібектің жан-жүрегі түбіттей жұмсақ, күн көзіндей шуақты, ерекше жаралған парасат иесі еді. Оның ағаға деген, ініге деген құрметі, дос-құрдасқа деген қалтқысыз көңілі еске түссе, жүректі қайғы елжіретеді. Мен етжүректі пенде ретінде інісі бардың қандай болатынын Жәнібегім арқылы сезінгендей болушы едім. Тәрізі, нағыз дарын иелерінің, шын өнерпаздың жаратылысы солай болса керек. Өмірдің парқы мен нарқы, қадір-қасиеті оның сабақтастығында ғой. Ат тұяғын тай басып, әке арманын баласы жалғап, ілгергі буынның үлгі-өнегесін кейінгілер ұштап жатса, өмір шіркіннің мәні де, сәні сол болмақ. Мұндай сабақтастық қазақ халқының рухани мәдениеті үшін қазір айрықша қажет. Шүкір, халқымыз қандай зұлмат заманды, зымиян насихатты бастан кешсе де, дәстүрлі мәдениетінің алтын арқауын үзген жоқ. Бүгінде Жәнібектей жампоздың алдын көрген шәкірттері жеткілікті. Кез келген дарынды тұлға сияқты Жәнібектің де соңынан жайқалып өскен жауқазын өнерпаздың шүйгін екеніне куәгерміз. Тағдырдың мұнысына да шүкірлік!

Ақселеу Сейдімбек, жазушы