Жоғары оқу орындары ақылы оқудың бағасын өздері белгілеуі мүмкін. Жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері жөніндегі заң жобасында осындай жаңашылдық бар. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеді.
"Біз грант бөлеміз ғой, бағасы өзгермейді. Көп адам біздің білімді тым арзан деп есептейді. Жоғары оқу орындарында білім алу тым қымбат деп ойлайтындар да аз емес. Сондықтан жоғары оқу орындарына ақылы бөлімдердегі оқу құнын өздерінің шешуіне мүмкіндік беру дұрыс деп санаймыз. Өйткені көп адам бәрібір ұлттық жоғары оқу орындарына грантқа түседі", — деді Сағадиев.
Жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері жөніндегі заң жобасын бүгін мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта еңбек кодексі мен үш заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.