Орамалы үшін сабаққа кіргізілмеген оқушының әкесі прокуратураға шағымданды
Орамалы үшін сабаққа кіргізілмеген оқушының әкесі прокуратураға шағымданды
Әубәкіровтің айтуынша, қызын орамал тартқаны үшін 9 наурыз күні де сабаққа кіргізбей қойған. Мұның алдында қызы сабаққа орамалмен барып жүрген. "Қазақстандық мәдениетпен тәрбиеленген қызым өз ынтасымен кәдімгі жұқа ақ түсті орамал тартады. Бұған байланысты кез-келген өсек-аяң, кемсіту оның жан-дүнмесіне кері әсер етіп, психологиялық соққы болып тиеді" делінген Ерқанат Әубәкіровтің прокуратураға жазған шағымында. № 29 мектеп директоры Владислав Еленич оқушының сабаққа кіргізілмегенін растады. Ол оқушы мектеп формасына қойылатын талапты бұзғандықтан кіргізілмегенін айтты. Еленич мектепте бір ғана қыз орамал тартатынын және оның ата-анасына мектепте орамал тартуға болмайтыны туралы бірнеше рет ескертілгенін айтады. - Олардың мектепке орамал тағып келуіне байланысты білім саласындағы қадағалау департаментімен сөйлестік. Ата-анасы әкімшілік жауапқа тартылып, ескерту жасалды, оларды кәмелетке толмағандар ісі бойынша комиссияға шақырдық. Бірақ ол отбасы оған қыңқ демейді және балаларын өз қалауы бойынша киіндіруге құқығымыз бар деп ойлайды, - деді Владислав Еленич. Директор сонымен қатар ата-ананың білім және ғылым министрінің мектеп формасына қойылатын талап туралы 2016 жылы 26 қаңтарда шығарған № 26 бұйрығын бұзып отырғанын да айтады. Тоғыз жастағы Халида Әубәкірова бірінші сыныптан бері орамал тағады. Әкесінің айтуынша, отбасында әйелі мен қыздары түгел орамал тартады.