Елорданы және басқа да өңірлерді газбен қамту үшін еліміз Еуропа қайта құру және даму банкінен қарыз алмақ.
"Астананы, сондай-ақ бірқатар өңірді газбен қамту үшін "ҚазТрансГаз" компаниясы "Сарыарқа" магистралды газ құбырының құрылысы жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірледі. Сараптаманың оң қорытындысы бар. Қазіргі таңда жобаны Еуропа қайта құру және даму банкінен қарыз тарту арқылы қаржыландыру мәселесі бойынша белсенді келіссөздер жүріп жатыр", — дейді Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.
Оның айтуынша, "Сарыарқа" газ құбыры жобасын қаржыландыру схемасын, шарттарын анықтау үшін ұлттық эокномика, қаржы министрліктері, Астана әкімдігі, "Самұрық-Қазына" қоры мен "ҚазМұнайГаз" өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылуда.
Бұған дейін жоспар бойынша газ құбыры Қызылорда, Жезқазған, Қарағанды, Теміртау, Астана, Көкшетау және Петропавл қалалары арқылы өтетіні хабарланған еді.