Кеше Үкімет үйінде ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның бірінші отырысы өтті. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің ресми сайты хабарлады.
Ұлттық комиссия Үкімет жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады, оның негізгі мақсаты — қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ұсыныстар әзірлеп бекіту, жұмыс барысын үйлестіру және оның сапалы орындалуына бақылау жасау.
"Латын әліпбиіне көшу — еліміз үшін айрықша мәні бар тарихи оқиға. Елбасы айтқандай, халқымыз сан мың жылдық тарихында ешқандай сыртқы ықпалсыз, өз еркімен, жалпыхалықтық талқылаумен, тұңғыш рет әліпбиін ауыстырып отыр. Оны жүзеге асыру — біз үшін зор мәртебе, әрі үлкен жауапкершілік", — деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.
Отырыс барысында қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін төрт арнайы жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.- орфографиялық (қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруде орфография мен орфоэпия ережелерін дайындау үшін).
- әдістемелік (латын әліпбиін үйрету және оқыту әдістемесін жасап, оны білім беру жүйесіне біртіндеп енгізу үшін).
- терминжасам (латын графикасының негізінде қазақ тілінің терминологиялық базасын жүйелеу үшін).
- сараптамалық-техникалық (латын графикасын ІТ-технология талаптарына сәйкес келтіру үшін).