Жаңалықтар

Шымкенттің бірнеше көшесін су басты

Бес ауданда көшелерді жауын суынан арылту жұмыстарына 5 компания жұмылдырылған.

Шымкентте 16 сәуірде толассыз жауған жауын-шашыннан қаладағы бірнеше көшелерді су басты. Соның салдарынан ирригация жүйелердің су өткізу қабілетінің күші жетпей, жерасты жолдары мен аулалар, көлік жолдары, сауда орындары суға толды, деп хабарлады turkystan.kz Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Қалалық әкімдіктегілер шаһардағы бес ауданда көшелерді жауын суынан арылту жұмыстарына 5 компания жұмылдырылғанын хабарлады.

Атап айтқанда, Абай ауданында "KazStroyCapitalLTD" ЖШС тарапынан 7 дана ассенизатор, 5 дана мотопомпа, 25 адамнан туратын арнайы бригада жұмыс жасауда. Ал Әл-Фараби ауданы бойынша "Таза Өлке" ЖШС тарапынан іске 8 дана ассенизатор, 3 дана мотопомпа мен 20 жұмысшы тартылған.

Қалалық ТЖД жаңбыр суын сору жұмыстарына әкімдіктің коммуналдық және төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері мен техникалары жұмылдырылып, су толығымен айдалғанын, қаладағы жағдай қалыпты екенін айтты.