Қазақ әуендерін ситерада ойнайтын венгр қызы

"Қазақ халқын туыс санайтындықтан, олардың төл өнерінен бөлек, ұлттық спор­тына да қызығушылығым оянды. Әсіресе, бес тас деп аталатын ойынға әуес болдым. Бұйырса, осы спорт бойынша біз үшін дү­­бірлі дода саналатын Көшпенділер ойы­нында бақ сынамақпын. Сонымен қатар сол барғанда өнерсүйер қауымның басын қо­сып, Астанада концерт бергім келеді".

Қазақ әуендерін ситерада ойнайтын венгр қызы
сурет – кейіпкердікі

Өткен аптада әлеуметтік желіде венгр қызы Тимеаның мажарлардың ұлттық аспабы ситерада «Әлқисса» күйін орындаған сәті таспаланған видео көп таралды. Видео астында Әлихан Байменов бастаған бір топ азамат жылы лебізін қарша боратып, ризашылығын білдіріп жатса, мажарлар «Бұл неткен туынды?», «Басқа ұлттың композициясын біздің ситерада осылай керемет ойнауға болады екен ғой?» деп таңғалысын жасырмай, жарыса жазып жатты.

Тимеа Янурик Будапешт қаласында өнер­лі отбасында туып-өскен. Тимеаның өнер­ге деген қызығушылығын ерте жастан бай­қаған балабақша тәрбиешілері ана­сы­на оны әнге баулу керек екенін баса айтып, му­зыка мектебіне ертіп апаруға қолқа сал­ған.

«Балабақшада фольклорлық туын­ды­ларды орындап, би билейтінмін. Ондағы тәр­биешілер бір күні анама менің дауы­сым­ның жақсы екенін, мені ән өнеріне баулу керек екенін айтыпты. Сөйтіп, жеті жа­сымнан бастап музыкаға қызыға бас­та­дым. Қызыққаным сонша, күні бойы ыңыл­­дап ән айтатынмын. Содан соң му­зы­калық мек­тепке оқуға тапсырдым. Онда он екі жыл білім алып, өнер десе ішер асын жерге қоятын музыкант болып шықтым. Сосын өнер университетінде бакалавриат, ма­гистратура бөлімінде оқыдым. Мен жай ғана музыкант емес, оқытушы болғым кел­ді. Себебі бар білгеніңді өзгемен бөлісу бір ғанибет деп білемін. Мен қазір біздің ұлт­тық аспап саналатын ситерада ой­нау­ды үйретемін. Одан бөлек, университетте сабақ беремін. Өзімнің де үйренерім көп. Зерттегім келетін дүние көп. Сол себептен қазір докторантура бөлімінің екінші кур­сын­да оқып жатырмын. Онда жастарды фольклорлық музыканы тыңдауға қалай бейімдеуге болатынын зерттеп, ғылыми еңбек етіп шығармақпын», – дейді Тимеа академия әлеміне сүбелі үлес қосқысы ке­летінін баса айтып.

Ел ішінде «Қазір жастардың дәстүрлі әнге деген қызығушылығы азайып барады» дегенді жиі естиміз. Тимеа Венг­рия жастарының да қызығушылығы анау айтқандай жоғары емес екенін айтады.

«Өкініштісі сол, мұндағы жастар танымал, хит әндерді тыңдайды. Фольклорлық туын­­­дыларға сұраныс аз. Ал мен осы ол­қы­лықтың орнын толтырып, мұны кеңі­нен насихаттағым келеді. Шама-шарқым жеткенше насихаттап, жүрген жерімде бұл туралы айтатыным да сондықтан. Ал­да­ғы уақытта мен секілді өнерге жа­на­шыр жандар қатары көбейсе, бұл өнердің болашағы жарқын бола­ды деп сенемін», – дейді жас ма­ман дәстүрлі әннің тұғыры биік болатынына сенім біл­ді­ріп.

Оқытушылық, зерт­теу­шілік қызметінен бөлек, Тимеа Түркі жастары­ның ансамблінде өнер көр­се­те­ді. Былтыр ғана құрылған бұл ансамбль бір жыл ішінде бірнеше елде концерт беріп үл­герген.

«Біздің ансамбль былтыр қаң­тар айында құрылған. Онда он бір өнерпаз өнер көрсетеді. Бәріміз де – түркі тектес халықтардың ұрпақтары­мыз. Ансамбльімізде қазақ, әзербайжан, түрік, қырғыз және венгр өнерпаздар бар. Бұл ансамбльдің бір ерекшелігі сол – онда әркім өзінің ұлттық аспаптарын тартады. Мы­салы, мен ситерада, ұлты қазақ әріп­те­сіміз домбырада, қырғыз кобуста, түріктер ба­ла­мада ойнайды. Гитарада ойнайтын до­сымыз және бар. Барлығымыз өз елде­рі­міздің фольклорлық туындыларын, фо­льклорлық әндерге негізделген туын­ды­ларын орындаймыз. Бәрімізді де бірік­тірген осы нәрсе – ұлттық өнерге деген ерек­ше құрмет. Біз Будапештте көп кон­церт бердік. Словакияға да барып, өнері­міз­ді паш етіп қайттық. Ол елдің венгерлік бөлігі бар екенін білетін боларсыз. Ондағы мажарлар біздің өнерімізге сүйсініп, келіп, концерт беруімізді өтінді. Алдағы уақытта Брюссель мен Ыстанбұлда концерт қоюды жос­парлап отырмыз. Сәтін салса, Қазақ­стан­ның бас қаласы – Астананың сахна­сын­да өнер көрсеткіміз келеді», – дейді Тимеа ансамбльмен көп елді аралағысы ке­летінін айтып.

Будапештте еріктілер негізін қалаған Түркі жастары ансамблінің қызметі біз­дің ұлттық оркестрдің жұмысымен па­ра-пар. Тимеаның сөзіне сенсек, ансамбль мү­шелері өз Отандарында ел аузында жүр­ген әндерді шырқаумен қатар, бір-бірі­нің айтатынын бөлек те орындайды екен.

«Біз қазақ әндерін де айтамыз. Мұны біз­ге ансамбліміздің белді мүшесі Айбар үй­­ретті. Айбар – кәсіби домбырашы. Осын­­да жастарға домбыра үйретіп, біз се­кілді өз елінің ұлттық өнерін хал-қадірі жет­кенше насихаттап жүрген жанашыр аза­мат. Негізі, ол – мамандығы бойынша та­рихшы. Бұйырса, жуырда магист­ра­тура­дағы оқуын аяқтайды. Сосын докто­ран­тураға тапсырып, білімін одан әрі же­тіл­діруді көздеп жүр-ау деймін. Айбар оқудан, ан­самбльде өнер көрсетуден бөлек, осын­да венгр тілінен сабақ береді. Ол венгр ті­лін жетік біледі. Көбімізден жақсы біледі де­сем, артық айтпаймын», – дейді Тимеа Айбар­дың мажар мәдениетіне қызығаты­нын тілге тиек етіп.

Будапештте жүрген Айбардың мажар мәдениетіне қызығушылығы оянса, Тимеаның қазақ мәдениетіне құрметі арта түскенін айтады.

«Қазақтар мен мажарлар туыс халық екенін тарихтан білеміз. Ға­лым­дардың зерттеулеріне сенсек, венгрлер Карпат тауының алқабына, яғни қазір мекен еткен аймаққа көшіп келмес бұрын қа­зіргі тіл емес, түркі тілінде сөйлеген. Түр­­­­кітілдес халықтарға біздің ата-баба­ла­рымызды түсіну қиынға соқпаған. Дәстүрі, салт-жоралғысы да ұқсас болған. Сондық­тан біз кезінде ата-бабаларымыз бір-бірін қалай жақын тартса, бүгін де сол дәстүрден жаңылмауға екі елдің арасындағы туыс­тық қатынас туралы бар білгенімізді айту­ға ты­рысамыз», – дейді Тимеа Венгрияда біз­дің ұлтты жақын тартатынын әңгімеге қо­сып.

Жоғарыда Тимеа айтып өткендей, Айбар – Венгрияда ұлттық өне­рі­мізді ұлықтап жүрген магистрант. Бү­гін­де әлеуметтік желіде кеңінен таралған ви­деодағы Тимеаның ситерада «Әлқисса» күйін орындауына осы Айбар себепкер болған.

«Біз түркітілдес елдердің туындыларын орын­дауға тырысамыз. Әлбетте, барлық әнді ситерада орындай алмаймыз. Өйткені ситерада ойнау үшін арнайы техника керек. Сондықтан біз ситерада орындауға ке­леді-ау деген әндерді таңдап алдық. Айбар YouTube-тан бірнеше қазақ әндерін жі­берді. Алғаш жіберген кезде таңыр­қа­ға­ным сонша, Айбарға «Уау, мынау керемет туын­ды екен!» деп жаза беріппін. Сосын бірте-бірте ситерада ойнауға болатынын таңдап, іріктеп алатын болдық. Сіздер әлеу­меттік желіде кеңінен таралған «Әл­қис­саны» ғана көрдіңіздер ғой. Ал мен сите­рада бірнеше ән, атап айтсам, «Бәрінен де сен сұлу», «Ақ баян», «Әгугай», «Қамажай», «Жалған ай», «Арыс жағасында» әндерін ой­най аламын. Аталған әндердің бәрі жүрегіме жақын, десе де «Әлқисса» күйінің орны бөлек. Себебі бірінші үйренген туын­дым сол болды. Ал алғашқы нәрсенің ұмы­­­­тылмайтынын сіз бен біз жақсы біле­міз», – дейді Тимеа күйдің құдіретін ай­рық­ша сезінгенін айтып.

Күй демекші, Тимеа алғашында дом­быра­ның екі ішегімен қандай әуен шы­ғару­ға болатынына таңғалғанын жасыр­майды.

«Мен сіздердің ұлттық аспаптарыңыз – домбыраны алғаш рет Ыстанбұлда көрдім. Мен ол кезде сол жақта тұратын едім. Ауызашар кезінде бір қазақ бала домбыра тартып, нақышына келтіріп бір керемет ән орындады. Алғашында «Бұл қалай болғаны сонда?» деп қатты таңғалдым. Се­бебі ол аспапта екі-ақ ішек бар. Екі ішек­пен тұтас мелодияны ойнауға болатын ба еді? Сөйтсем, болады екен. Санама сілкініс жа­саған жайт осы болды. Музыкант бол­ған соң, бұрын-соңды көрмеген мұндай аспаптың құдіретіне таңғалдым. Сол кеш­те әлгі домбырашы менің қы­зық­қанымды байқап, маған домбырада ойнауды үй­ретуге тырысып-бақты. Сол кезде қазақ­тар­дың домбыра тартып отырғанын ба­қы­лап, бұл қоңыр үнді үнемі естігім ке­ле­тінін ұғындым. Кейін Будапештке көшіп, Ай­бармен танысқан соң, бұл шаруам ше­шіле кетті. Себебі мен қазір домбыраның үнін жиі тыңдаймын», – дейді Тимеа.

Тимеа ән қоржыны мұнымен біт­пейтінін айтады. Себебі Түркі жас­та­рының ансамбль мүшелері үнемі репер­туарды жаңа әнмен толықтырып отырады екен. Десе де, бұл оңай шаруа емес. Тимеа «Бастапқыда үйрену қиынға соқты. Алайда көп рет тыңдай берген соң, құлағың үй­реніп кетеді. Ақырында бұл қалайша сенің сүйікті туындыңа айналғанын білмей қаласың» дейді.

Будапештте Түркі жастарының ан­самб­­лінен бөлек, Түркі жастарының клу­бы белсенді жұмыс істейді. Дәстүр мен музыканы насихаттауды басты бағыт етіп алған бұл клубта түрлі маман өкілдері бас қосып, өз ойларын ортаға салып, ақырын­да мұны іске асыруға тырысады.

«Маған түркі елдерінің мәдениеті ұнайды. Қатты қы­зығамын. Сондықтан олардың өкілдері шақыратын ивенттерден қалмауға тыры­самын. Соның ішінде Будапешттегі бел­сен­ді қазақ қызы Жанаргүл ұйымдастыратын көп іс-шараға барамын. Жуырда ғана то­ғыз­құмалақтан өткен сайыстарына барып, қол­дап қайттым», – дейді Тимеа алда 8 нау­рыз мерекесіне орай өтетін тағы бір ивентке қатысатынын айтып.

Тимеа Астанаға келіп, концерт беріп қана қоймай, Көшпенділер ойы­нын­да бақ сынағысы келеді екен.

«Қазақстан туралы біраз дерек білемін. Бәрінен бұрын әлем туристері тамсанатын, та­биғаты әсем ел екенін білемін. Жетпіс жыл бойы Ресей империясының бодан­ды­ғын­да болғанын білемін. Мұның әсері бар екенін қазір де байқап жүрмін. Себебі Буда­пештке білім іздеп келген қазақ сту­дент­тер жетерлік. Екі-үшеуімен танысқа­ным­да олардың тек орыс тілін білетінін байқадым. Себебін сұрасам, елдің сол­түс­тік бөлігінде туып-өскенін желеу қылды. Бұған қатты таңғалдым», – дейді Тимеа орыс­ша сөйлейтін қазақтар өз тілінде сөйлеу білуге тиіс екенін айтып.

«Қыркүйек айында Астанада Көшпен­ділер ойыны өткізіледі. Жанаргүл асық ату мен бес тас сайысынан үш қатысушыны бап­тап апармақ. Соның ішінде мен де бар­мын. Қазақ халқын туыс санайтындықтан, олардың төл өнерінен бөлек, ұлттық спор­тына да қызығушылығым оянды. Әсіресе, бес тас деп аталатын ойынға әуес болдым. Бұйырса, осы спорт бойынша біз үшін дү­­бірлі дода саналатын Көшпенділер ойы­нында бақ сынамақпын. Сонымен қатар сол барғанда өнерсүйер қауымның басын қо­сып, Астанада концерт бергім келеді. Сіз­дер де келесіздер деп үміттенемін», – дей­ді Тимеа сөз соңында.