Президенттік олимпиада жеңімпаздарына 20 білім гранты мен шәкіртақы берілді

Олимпиада өткізілген 16 жыл ішінде 2500-ге жуық оқушыға өмірлік ұстаным, бағыт-бағдар айқындап берді.

Президенттік олимпиада жеңімпаздарына 20 білім гранты мен шәкіртақы берілді
inkaraganda.kz
928

Жаратылыстану-математика циклі пәндері бойынша XVI Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңі аяқталды. Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 198 оқушы өзара үздікті анықтады, деп хабарлады turkystan.kz.

«Олимпиаданың басты идеясы – патриоттық рухты, мықты, интеллектуалды, жоғары білімді қазақстандық оқушыларды тәрбиелеу, жаратылыстану-математика ғылымдарын тереңдетіп оқыту. Олимпиада өткізілген 16 жыл ішінде 2500-ге жуық оқушыға өмірлік ұстаным, бағыт-бағдар айқындап берді. Сайыстың көптеген жеңімпаздары мен жүлдегерлері университеттерде оқуын аяқтағаннан кейін еліміздің әртүрлі салаларында еңбек етіп, еліміздің дамуына үлес қосып жүр» - деді «Дарын» РҒПО директоры Ғаждембек Тұрсынов.

Олимпиада қорытындысы бойынша 10 жеңімпаз ҚР Оқу-ағарту министрлігінің I дәрежелі дипломдары және алтын медальдарымен, 15 жүлдегер II дәрежелі дипломдары мен күміс медальдарымен және 27 қатысушы III дәрежелі дипломдары және қола медальдарымен марапатталды.

20 жеңімпазға оқуға білім беру гранттары табысталды: Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті - 10, «Тұран» университеті - 3, Alikhan Bokeikhan University - 5, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті - 2.

Сонымен қатар, академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері аталған оқу орнына түскен жағдайда арнайы шәкіртақы тағайындайтынын хабарлады.

 

Серіктес жаңалықтары