Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі «Қазақалтын» кенішінде 33 жастағы жұмысшы топырақ астында қалып, мерт болғанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, оқыс оқиға «Қазақалтын» тау-кен металлургия комбинаты» АҚ Бестөбедегі кенішіндегі жаңа шахтада болған. 17 қазан күні өндірістік жұмыстар кезінде топырақ опырылып кетіп, салдарынан кәсіпорынның 1987 жылғы жұмысшысы топырақтың астында қалып қойған. «Оқиға сағат 12:30 орын алды. «Қазақалтын» тау-кен металлургия комбинаты» АҚ құтқару отряды ер адамды топырақ үйіндісінің астынан алып шықты. Алайда, ол Степногор қалалық ауруханасында көз жұмды», – дейді Степногор қалалық ТЖ басқармасының бастығы Еркебұлан Есенжолов. Қазіргі кезде кеніш штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Төтенше жағдайдың себебі анықталып жатыр.
Жүктелуде...