Тәуелсіз Қазақстан − қазақтың туындысы. Бар халықтың мақтаныш етер бір қымбаты − мемлекеттілігі. Себебі мемлекет − халықтың қорғаны, ұлттың бар екенінің, нар екенінің айғағы! Қазақ атанған ұлттың ұлт атанып, өз атын алып бір мемлекетке бергеніне биыл 555 жылдан асып барады. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан − 1465 жылы құрылған Қазақ хандығы атты мемлекеттің мирасқоры. Дегенмен осынау бес жарым ғасырдан аса уақыттың арасында қазақ халқы өздерінің тұңғыш ханы Керей мен соңғы ханы Кенесары билігі арасындағы 418 жыл бойы еркіндігін жоғалтпаған азат ел ретінде өмір сүрсе, одан кейінгі 144 жылда орысқа бодан болды. Бірақ қатал тарих өз дегенін жасады: байырғы орыс патшалығын құлатып қолына өз билігін алса да, бұрынғы патшалықтың иелігін уысынан шығармай, КСРО атты орыс үстемдігін сақтаған империяға айналған мемлекет 74 жылдан аса бере әлем картасынан жоғалды. Міне, содан кейін ғана өзге 14 ұлттық республикамен бірге қазақ елі де тәуелсіздік алды. Бірақ біздің тәуелсіздігіміз, біреулер айтқандай, «аспаннан түскен тарихтың сыйлығы емес», бір жарым ғасыр бойы азаттық жолындағы арпалыстың жемісі еді. Өйткені бір жарым ғасырда қазақ халқы отарлаушыларға қарсы 380 рет көтеріліске шығыпты. Соның бәрінде де жеңіліске ұшыраған, бірақ рухы сынбаған. Ендеше осы қысқа тарих – әрбіріміздің есімізден шықпайтын рухани құндылыққа айналуы тиіс! Бүгінгі дәуір тым жылдам қозғалыстың, шалт қимылдың дәуірі. Ақпарат тасқыны адамның көзі түгілі, көңіліне сыймайды. Сондықтан кеше жарқ етіп көрінген құбылыс, бүгін көнеріп жатады. Қай сала, қай ғылымды түсіндірер дерек керек болса технологиялық жетістіктер арқылы әп-сәтте қол жетіп, миыңды мәліметке толтырып тастайды. Ал бұл өзінің тегінің қай жақтан тамыр тартқанының мәніне ой жүгірткісі келмейтін, бүгінгі күннің ғана қызығымен өмір сүруге дағдыланып кеткендер үшін тым қауіпті... Адам − саналы жаратылыс, сондықтан ол өзге жандылар секілді дамудың биологиялық эволюциясына тәуелді емес, қоғамның тарихи заңдылықтарына сәйкес өсіп, дамып отырады. Сол үшін әр адамда нәсіл, ұлт, халық, мемлекет, тәуелсіздік деген ұғымдарды қорыта алатындай ақыл болуы керек. Ішкі мазмұн деген сол. Бірақ өкініштісі, бүгінгі адам қабілет пен ақылдың, білім мен интеллекттің бір-біріне тәуелсіз өз орындары болатынын жадынан шығарып барады. Осынау қатерлі құбылыстың алдын алу бүгінгі дәуірдің проблемасына айналғаны жақсы емес. Адамның жеке басы құқығының қорғалуы заңмен бекітілген, сондықтан біреудің қалауына екінші біреудің қол сұғуы мүмкін емес, ешкімнің өзінен басқаларға пікірін күштеп таңуға хақысы жоқ, бірақ ол заңдылық белгілі бір ұлттың өкілі, белгілі бір мемлекеттің азаматы ретінде әрбірімізді отан, халық алдындағы парызымыздан құтқармайды. Қазақстан қол созады биікке ең, Жалғызыңды көтер, елім, иықпен. Болмақ емес Ақыл мәңгүрт, ар мазақ. Қазақстан − Жалғыз ұлы Қазақтың − Сол жалғыздың құрбандығы бар Қазақ! − деп жырлайды қазақтың көрнекті ақыны Сабыр Адай. Ғасырлармен тұтасқан қазақы рухтың асқақ пафосындай көрінетін бұл өлең жалаң үгіт емес, ұлт пен мемлекетті сақтайтын құдіретті күш − патриотизмнің қаншалықты қасиетті парыз екенін ұқтыратын көркем ой. Расында Қазақстан деген ел − қазақи сана бесігін тербетіп, ізгілік пен парасат нәрін сіңірген құдірет. Мемлекет − біртұтас сана мен идеологияның жемісі. Істелген нәрсе, жеткен жетістік аз емес: мемлекеттік атрибуттарды жасап, ата заңын қабылдап, шекарасын белгілеп, бекітіп, бар әлемді өзімен санастыра білуге қол жеткізудің бәрі де төккен тер мен жүзеге асқан істердің нәтижесі. Оны бәрі мойындайды. Бірақ мұның бәрі елде проблема қалдырмай шешіп тастады деген сөз емес. Баяғыда жоңғардың билеушісі Қалдан Серен қазақтың ханы Абылайдан «Дүниеде не жаман?» − деп сұрағанда, ол: «Дүниеде аз асқа бақауыл, аз елге хан болған жаман», − деп жауап берген екен. Сол айтқандай, қызыл империяның талай қан-қасабына ұшырап, құрып кетпей әупіріммен аман қалса да, өз жеріне азшылыққа айналған; даласы кең болса да халқы аз, экономикасы өзге елге тәуелді болып қалған; оның үстіне бір жарым ғасырлық бодандықтың тізесі әбден батып, санасына үрей сіңіп қалған елдің еңсесін көтеріп, екі алып державаның арасында жұтылып кетпейтін тегеурінді мемлекетке айналдыру оңай емес еді. Бірақ тәуелділіктің зардабын тартып, азаттықты ұзақ аңсаған қазақи сана біртұтас күшке айналып, өтпелі кезеңнен киімі жыртылып өтсе де, киесін сақтап қалды. Елдің іргесі сөгілмей, кесапаты мол дәуірдің кедергісінен аттап өте алды. Бұл да тәуелсіздіктің тұғырын биіктеткен мінез еді. Шындығында, осының бәріне жеткізген парасатты қазақ ұлтының толеранттылықты ту еткен болмысы!
Қазаққа жағдай жасау − мемлекет дамуының кепілі
Тәуелсіздік жағдайында мемлекет құраушы қазақ халқы қалай өсті, қандай сапалық биікке көтерілді? Ғылым-білімінің деңгейін көтере алды ма, экономикасы қаншалықты қарыштап дамыды? Халықтың өмір сүру деңгейі қандай, саяси-құқықтық сауаты қаншалық терең? Ел парламенті шығарған заңдардың игілігін қалай көріп отырмыз? Мемлекеттің абырой-беделін артқа тартып отырған қандай кертартпа құбылыстар бар? Мұның бәріне тиянақты жауап беру оңай емес, бірақ қоғамда жиі талқыға түсетін мәселелердің ауанына қарап ой түйіп, пікір айтуға болады. Қай мемлекеттің болса да, ең алдымен көзге түсетін жағы − әлеуметтік мәселелердің қалай шешілгені. Ал бізде бұл салада әлі күнге дау-дамай толастамай келеді. Неге? Қазақстанның қос палаталы Парламенті елдің әл-ауқатын көтеру мақсатында түрлі заңдар қабылдап жатыр, бірақ соны елге анық түсіндіруге, заңның орындалуын қадағалауға жауапты органдардың жұмыстары көңіл көншітпей жатады. Салғырттықты былай қойғанда, мемлекеттің халыққа кәсіп ашуға, ауыл шаруашылығын қолдауға, бизнесін дамытуға беретін мол қаражаты игерілмей жатады. Себебі жауапты орындарда жемқорлық қатты бел алып кеткен. Соңғы он-он онбес жылдағы жемқорлықпен айыпталғандар туралы дерек іздесеңіз, олардың арасында аудандық басшылардан премьер-министр болған тұлғаларға дейінгі талай адамның аты-жөнін оқисыз. Жемқорлық тек біздің елде бар құбылыс емес десек те, биліктегілердің пара алу қылмысына ұрынғандарын ақтап ала алмаймыз. Соңғы ширек ғасырда Қазақстанда жылдам өскен үрдіс – урбанизация. Ол да жетіскеннен пайда болған құбылыс емес. Ауылдағы жұмыссыздықтың кесірі халықты қалаға босуға мәжбүр етті. Ал қалалардың іріленуі ең алдымен халықтың өзіне қиын тиіп жатыр. Себебі ең керегі баспана болса, оның құны аспандап барады. Әрине, мемлекет тарапынан баспана тапшылығын шешу үшін қабылдап жатқан шаралар баршылық. Мәселен, негізінен қалаларға арналған «5-20-25», «7-20-25», «Баспана хит», «Жас отбасы», «Әйелдер ипотекасы», «Бақытты отбасы», «Әскери баспана», «Арнау» депозиті, «50/50», «Орда» ипотекасы, «Өз үйім» секілді он бір бағдарлама арқылы тұрғын үйге қол жеткізуге болады. Бірақ бәрінің де бастапқы жарнасы бар. Ол алатын үйіңнің кемі он пайызын құрайды. Ал қалаға ауылдан келіп, табылған жұмысты істеп жүрген жұртқа тиімсіз. Еліміздің басты саясатының бірі демография десек те, көпбалалы отбасыларға жеткілікті қаржы бөлінбейді. Бұрын 4 баласы бар үй «көпбалалы отбасы» деген статусқа ие еді және әр балаға төлейтін жәрдемақысын қосқанда он мыңнан аспайтын. Кейін ол қаражаттың мөлшері кішкене көбейтілді, бірақ енді төрт баласы барлар көпбалалы отбасына жатпайды. Заң жүзінде көпбалалы отбасыларға арналған түрлі жеңілдіктер бар, бірақ соған қалай қол жеткізу керек екенін тиісті мекемелер тарапынан жеткілікті түсіндіру жұмыстары жүргізілмегендіктен, көп жұрт біле бермейді. Жасыратыны жоқ, ХХ ғасырдың бас кезіне дейін негізінен, көшпелі, жартылай көшпелі тұрмыс салтын ұстанған қазақтар үшін ауылдық жерде тұру тиімді болды. КСРО кезінде де қазақтардың көбі ауылда тұрып, мал шаруашылығымен, егіншілікпен айналысты. Бірақ нарықтық экономикаға көшкен кезде ауыл шаруашылығына жеткілікті көңіл бөлінбей, соның кесірінен қазақ ауылдарының біразы жойылып тынды. Жұмыс іздеген халық аудан, облыс орталығына көшіп, ауылдар қаңырап қалды. Кейінгі кезде ауылдық жерлерде мал шаруашылығын дамытуға «Сыбаға» бағдарламасы арқылы қаражат бөлініп, ауылдық жерлерді мамандармен қамтамасыз ету үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жолға қойылды. Бірақ ауылдық жерлерде заманауи байланыс құралдарын пайдалану мүмкіндігінің сапасыздығы, қарапайым халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі шешілмеуі, ауызсу проблемасы, жайылымдық жерлердің жекеменшікке сатылып кетуі сияқты проблемалар аталған бағдарламалардың жүзеге асуына үлкен кедергі болып жатыр. Бағдарламаның жасалуы, сол арқылы мол қаражаттың бөлінуі жақсы нәрсе, бірақ оны іске асыру тетіктері дұрыс болмай, қадағалау күшеймей оның халыққа тигізер пайдасы аз болатыны белгілі. Салыстырмалы түрде, қазір ауыл қазағынан гөрі қала қазағының жағдайы тәуірлеу. Бастысы жұмыс табылады, қимылдаған ақша тауып, жан баға алады. Бірақ қалаға сырттан барып жұмыс істеп жүргендердің табысы мардымсыз. Жылдарға созылған пәтер жалдап тұратын өмір адамды қажытып, денсаулығына зор нұқсан келтіріп жатыр. Экологиясы нашар қалада тұратын қазақтардың біразы жүрек-қан тамыр ауруларына, қант диабеті, аллергия секілді дертке шалдыққан...Бүгінгі қазақ тәуелсіздіктің игілігін көруі тиіс
Қазақ елі тәуелсіздік алғанда саналы қазақ баласы еліміз әлемдік дамудың көшіне ілесті, әлемдік даму үрдістері бізге сіңісті болады деп қуанғаны анық. Ол заңды еді. Кеңестік дәуірде орталық билік ғылым-білім саласынан жергілікті халықтан білікті мамандар даярлауға мүдделі емес еді. Оның себебі белгілі. Бірақ бүгінгі дәуірде қазақ жастарының адымын аштырмай жатқан не нәрсе? Қазір мемлекет алдында түбегейлі жойылуы тиіс үш-төрт кемшілік бар. Ол мемлекеттік тілдің барлық салада басымдыққа ие болуы, білім берудің сапасын көтеру, жемқорлықты жою, заңның пәрменділігі. Бұл мәселелер бойынша ештеңе істелмей жатыр деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас, бірақ жақсы ниетпен жасалған бағдарламалар мен жобалардың тиімділігін арттыру өз деңгейінде емес, содан келіп түрлі проблемалар туындап жатыр. Қазақ тілінің мәселесі ширек ғасырдан бері дау тудырушы факторға айналып келе жатуы, шынына келгенде, өте ыңғайсыз нәрсе. Басты кілтипан орыс тіліне ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде статус берілгендігінде болып тұр. Өзге елдің мемлекеттік тіліне елімізде мәртебе берілуі заңдық та, моралдық та тұрғыдан ыңғайсыздық тудырып келеді. «Ресми тіл» статусы бар орыс тілін пайдаланушылар мемлекеттік тілге бет бұрғысы келер емес. Тіпті, түрлі мекемелерге жұмыс іздеп барған қазақтардан орыс тілін білуін талап ету өте ыңғайсыз нәрсе. Содан кейін үнемі ұлттық, мемлекеттік мүдде тұрғысынан үн қататын қазақтілді басылымдарды шенеуніктердің оқымауы, анығырағы түсінбеуі мемлекет беделіне нұқсан келтіретін-ақ әрекет. Тәуелсіздік кезеңінде реформалар тасқынының астында қалып, берекесі кетіңкіреп қалған саланың бірі білім беру саласы болды. Әр министр бір эксперимент жасап, оқулықтар мың түрленіп, оқушы түгілі мүғалімдердің шақшадай басы шарадай болды десек те болады. ЖОО-ға түсу үшін ҰБТ-ға дайындалу, балалардың барлық білімін тест арқылы тексеру − жас ұрпақты ойлана білуден, пікірін ауызша жеткізуден алыстатып жіберді. Бұл балалардың ана тілінде ойын толық бере алмауға, жазуда сауатсыздыққа жеткізді. ЖОО-лар Болон жүйесіне өтіп, бұрынғы қалыптасқан білім беру жүйесі жойылды. Білім саласында қағазбастылық күшейді. Тек кейінгі кезде мемлекет осы нәрсені назарында ұстап, мұғалімдерді артық жүктен құтқаруға, олардың әлеуметтік жағдайын көтеруге шешім қабылдап, пәрменді жұмыс жүргізе бастады. Елімізде ЖОО бітіргендер білімдерін шетелде жетілдіруге мүмкіндік алды. «Болашақ» бағдарламасы соның көрінісі. Бірақ ол бағдарламамен оқитындардың қатарында елімізге ең керекті технология саласында білім алушылар аз. Ол да ойланатын тұсымыз. Осылардың бәрін жүзеге асыруға кедергі келтіріп жатқан ең үлкен кесел − жемқорлық болып тұр. Бар салада кездесіп жатқан ол індеттің жолы кесілмесе, экономика да, білім саласы да, денсаулық сақтау саласы да алға ілгерілеуі қиын. Ұзын сөздің қысқасы, ел тәуелсіздігі жолында ғасырлар бойы қан төгіп, бүгінде тәуелсіз мемлекеттің дамуы үшін тағы да тер төгіп жатқан оптимист қазақ халқы өз тәуелсіздігінің жемісін жеу керек. Жерасты қазба байлығы мол мемлекеттің байлығы қазақ халқының әл-ауқатын көтеруге арналса, ең үлкен әділдік сол болар еді. Ат төбеліндей қаржылы қауым бәрібір халықтан үлкен емес. Халықтың тұрмыс деңгейі көтеріліп, азын-аулақ артық ақшасын банктерді байытуға емес, үлкен компаниялардың акцияларын сатып алуға жұмсап, өз жерінен өнген байлықтан үлесін алып отырса, мемлекет құраушы ұлт үшін әділдік болар еді.