Жаңалықтар

Аманат арқалаған алашшыл Әуезов

Аманат арқалаған алашшыл Әуезов

Академик, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің Абай мен Алаш тақырыбындағы орны да, рөлі де айрықша. Абай және Алаш қатпарлы тарихи мәселенің көкөзегі –  Мұхтар Әуезов ғұмырнамасы. Оның абайтануға қатысты зерттеу еңбектері сан салалы. Бір сөзбен айтқанда, академик Әуезов – абай­тану ғылымының тұтас тарихын жазған тұлға.

Ең алғаш рет оқу бағдарламасына «Абайтану» курсын енгізіп, абай­тануды жеке ғылым саласы ретінде зерттелуіне жол ашқан Мұхтар Омарханұлы сонау бала кезінен Абай ауылымен малы ара­лас, қойы қоралас болған. Төсекте басы, төскейде малы қосыл­ған бұл ел бір-біріне құдалы болған жұрағат еді. Атасы Әуез бен әжесі Дінасылдың тәрбиесінде өскен бала Мұхтар үл­кен ақынның тізесінде отырып, батасын алған деген әңгіме бар. Әуезовтің апайы Нұрғаным (Нұрғаным Бердіқожақызы) Құнан­байдың кіші әйелі болатын. Әдебиеттанушы Айқын Нұрқатов «Мұхтар Әуезов» монографиялық зерттеу еңбегінде: «Оның әкесі Омархан да, атасы Әуез де – ескіше білім алған, ауқатты адамдар. Олар Абай ауылымен көр­ші отырған, жақын қарым-қатынаста болған. Сөй­тіп, болашақ жазушы Мұхтардың балалық ша­ғы сол кездің алдыңғы қатарлы идеялары, үлгі-өне­гелері тікелей таралып жатқан жерде – Абай ауы­лында өтеді. Бұл оның болашақ өміріне, шы­ғармашылық тағдырына игі әрі үлкен әсер етеді»,  – ­деп жазушының шыққан ортасы, Абай ауылының шығармашылығына тигізген пайдасы туралы жазған. Ал академик жазушы өзінің балалық шағы турасында: «Абай шығармаларын мен жастайым­нан біліп өстім. Атам Әуез Абайдың досы еді. Ол кісі біз сияқты немерелеріне ақынның өз өлең­де­рін де, аудармаларын да көп оқытатын. Әсіресе, Абай аударған Татьяна жанының нәзік сырын, оған Онегиннің жауабын жаттататын. Біз болсақ Та­тьяна кім, Онегин кім – онда жұмысымыз жоқ, ата­мыз айтқанын істеп, жаттай бердік», – деп Абай шы­ғармаларын ерте жасынан жаттап, санасына тоқығанын жазған. Сөз жоқ, академик Мұхтар Әуезов шы­ғар­машылығының аса құнды парақтары – Абай Құнанбайұлының ғұмырнамасына арналған әдеби-ғылыми туындылары. Бұл ретте ең алдымен  «Абайдың өнері һәм қызметі», «Абайдан соңғы ақын­дар» мақаласынан бастау алған ізденісі, «Та­тьянаның қырдағы әні» әңгімесі, «Абай» либрет­тосы, сом бағалы туындысы – «Абай жолы» роман-эпопеясына дейінгі қаламынан туған, жүрек сөзі боп төгілген әр сөз, әр сөйлемі бәрі-бәрі Абайдың болмысы мен қайталанбас бітімін сомдаған. Мұхтар Әуезовті заманы өсірді. Өскен ортасы оның танымын кеңейткен. Алаш аға­ларының ұлтшылдығы мен энциклопедиялық білімі, бірнеше озық шет тілдерін еркін меңгеруі, зиялылығы мен парасаттылығы, көшбасшылық қасиеті бәрі – жас Әуезовті ерте жасынан тұлға ре­тінде қалыптасуына жол ашқан, себеп болған фак­торлар. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның ха­ризмасы, Ахмет Байтұрсынұлының терең білім­ділігі, Міржақып Дулатұлының өткірлігі мен өжет­тілігі, Халел Досмұхамедұлының бірбеткей тік мінезі оның қасиетін даралады. Семей мұғалімдер семинариясындағы Алаш рухты Мұстақым Малдыбайұлы, Нәзипа Құл­жанова, Әбікей Сәтбаев, Райымжан Мәрсеков бас­таған оқымыстылар, орыстың ішкі қалалары­нан айдалып, қуғын-сүргін көріп, қазақ даласына келген данышпандары оған ұстаз болды, дәріс оқы­ды. Семейдегі азаттық туының желбіреуі, Алаш ұранының жүректерді қозғауы, намысыңды жануы, қайраткерлігіңді серпілтуі – оның үлкен азамат болып ел алдына шығып, ұлт мүддесін қо­лына алғызды. Мұхтар жас алаш оғланы райында қоғамдық-саяси іске белсене араласып, ұлттық ав­тономияның Семей қалалық комитетінің мү­шесі, хатшысы болды. «Абай», «Сарыарқа», «Таң», Шолпан», «Сана», «Жаңа мектеп», «Жаңа әдебиет» ба­­­сылымдарында публицистік қырын шыңдап, отты сөзімен қатарластарына дем берді. Қал­ғығанды оятты. Тізерлегенді жігерлендірді. Алаш идеясының насихатшысына айналды. Қазақ прозасының ерен жүйрігіне айналған Жүсіпбек Аймауытұлымен қоян-қолтық жұмыс істей жүріп, бас ақынның рухына арнап шығарған «Абай» журналын баспасөз айдынына қос­ты. Абайдың тұлғасын биіктетті. Алаш сөзін ас­пан­ға шығарды. «Абай» журналы – қазақ қоға­мы­­на жаңа серпін, жасына медет, жасамысына қуат еді. «Абай» журналы арқылы ақын туралы, оның заманы мен туысы туралы ізденді. Ақын өлеңін, оның ішкі мазмұны мен поэтикалық сыр­ларына терең үгілді. Алаш идеясы арқылы Абай сөзіне ынтықты. Семейдегі оқуын тауысып, Ленинград, сосын Ташкент өтті. Орыстың мәдени астанасы – Ленинградтың білімін толық игеріп, өзінің жазу­шылық, әсіресе әңгіме жанрындағы ең таңдаулы классикалық туындыларын тудырды. Ташкентте әдебиеттанушы ретіндегі ең сүбелі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жазып, тұтас Түркістан өлкесіндегі оқырманды таңғалдырды. Тамсандырды. Міне, осындай белестерден Әуезов өтті. Совет өкіметінің дауылы соғып, Сталиннің жеке басқа табынушылық культі өршіген қы­зыл отты жылдары алашшыл Әуезов «Алқа» ұйы­мының мүшесі болғаны үшін «саяси жат эле­мент» есебінде танылып, қуғын-сүргінге ұшы­рады. Қазақтың болашағын ойлап, қара бастарын қа­терге тіккен алаштың әзіз ағалары оны райынан қай­тарып, көзқарасын мүлде бөлек арнаға бұрды. Ол – қызыл от шарпыған жалынның ішінде найза­ғайдай жана жүріп, Абай жұлдызын жағу болатын. Ол – Алаш аманаты еді. Ол – өлімге қарсы тұрған ерлердің ең соңғы үміті еді. Алашшыл Әуезов советтік Қазақстан кезінде от­қа да түсті, шоқты да басты. Табанына шөң­ге де кірді. Бірақ кешегі аманат сөз қалдырған Алаш­шыл биік мұраттағы асыл ағаларының се­німін ақтап, ірі суреткер ретінде Абай бейнесін шы­найы әрі классикалық түрде сомдады. Сұлу сөз­­бен Абай мүсінін соқты. Абайды әлемге та­нытты. Суреткер Әуезов Абай туралы көп жазды. Ақын өмірбаянын ғылыми түрде төрт рет жүйе­леп жазып шықты. «Абай Құнанбаев» моног­ра­фиясын оқырманға ұсынды. Қазақ әдебиетінің тарихы мәселелерін зерт­теген академик М.Әуезов Абай Құнан­байұлы­ның әдебиеттегі орны мен рөлі хақында: «Абай­ды әдебиеттің басшысы дегенде, осындай кейінгі дәуірді еске алып айтамыз. Қазақ әдебиетіне Абай кіргізген жаңалық көп. Абай – қазақтағы суретті, сұлу сөздің атасы, тереңге сырлы, кең м­а­ғы­­налы кестелі өлеңнің атасы. Қазақ өлеңіне үлгі, өр­нек берген, түрін көбейтіп, қалыбын молайтқан – Абай. Ол қазақтың ішінен оқушы тапқан», – деп айтқан. Бұл еңбегінде ғалым қазақ әдебиетінің арғы-бергі ғасырларындағы фолькорлық ауыз әдебиеті мұра­сынан бастап Бұқар жырау, зар заман ақын­дары, Ыбырай Алтынсарин, Абай шығарма­шы­лығына дейін жеке-жеке кеңінен толғап, өзінің ой-тұ­жырымын білдірген. Зерделі зерттеуші Абай шығармашылығының тілі жөнінде де келелі ой айтқан. Мәселен, «Мәдениетті жұрттың ысылған тілмен айтқан тәт­ті күй, нәзік сезімдерін Абай қазақтың дүкен көр­меген жалпақ тілімен өзіндей тәтті қылып, сезімді қылып айтып берген. Сондықтан Абай қазақ оқу­шысының ойымен қатар сезімін де тәрбиелеген. Қазақтың тіліне Абайдың сіңірген еңбегінің арқа­сында бұл тілдің барлық байлығы, орамдылығы, өрнектілігі табылған. Абайдың барлық өлеңі – қазақтың  сол күшті тілінің ішінен туған асыл құрыш, қырдағы қалың қазақтың осы күнге шейін сөйлеп жүрген жалпақ тілінің жемісі, сосын сыры мен сымбатын көрсететін айнасы. Бұл – Абайдың қазақ тіліне істеген қызметі», – деп қазақ әдеби тілі­нің негізін салудағы Абайдың айрықша қыз­метін жоғары бағалап жазады. Мұхтар Әуезовтің совет билігі орнаған жыл­дары Абайға арнап кеш ұйымдастырғанын ұмытпағанымыз жөн. 1924 жылдың 27 желтоқ­са­нында Семейдегі Луначар атындағы клубта Абайға ар­налған әдеби кеш өткен. Ақынның өмірден өт­кенінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған. Осы кеште «Абайдың өмірбаяны» тақырыбында Ха­лел Ғаббасов баяндама жасаса, Мұхтар Әуезов «Қа­зақ әдебиетіне сіңірген Абайдың еңбегі» тура­сында ғылыми ойларын ортаға салған. Абайдың мінезі жөнінде Көкбай замандасы ретінде естелік айтқан. Әміре, Әлмағанбет әншілер Абай әнін шыр­қап, көрерменді тамсандырған болатын. Кеш­ті ұйымдастырған комиссия хатшысы, сол кездегі сту­дент Әлкей Марғұлан екен. Міне, Әуезовтің абайтану мәселесін түбе­гей­лі зерттеуді қолға алғанға дейін Алаш жо­лымен жүріп өткендегі ісі – осы. Тағылымды, өне­гелі. Тағдырлы һәм азапты.

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

алаштанушы,

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты