Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар қарамағындағы қызметкердің жол ережесін бұзғаны үшін жазаға тартылғанын айтты. «Кеше әлеуметтік желіде Өскемен тұрғыны жариялаған видео тарады. Видеода қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің автокөлігі Нұрсұлтан Назарбаев даңғылындағы тұрғын үйдің ауласындағы көліктердің жолын бөгеп тұрғаны көрсетілген. Сол көлік тізгінінде аталған бөлім басшысы Еркін Тұраров болған», – деп жазды әкім Instagram -дағы парақшасында. Қала басшысының айтуынша, ТҮКШ бөлімінің басшысы көлікті ауладағы тұрақтан шығарып, полицияның келуін күтті. «Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ бөлім басшысына жол қозғалысы ережелерін бұзбау және мемлекеттік қызметшілердің этикасын сақтау қажеттігі жайлы түсіндірілді», – дейді Жақсылық Омар.
Жүктелуде...