Қызылорда облысы Қазалы ауданына қарасты Ү.Түктібаев ауылының тұрғыны Әйгерім Махамбетжанова Айғант, Айғаным және Асылым есімді үш қызды өмірге әкелді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, нәрестелердің салмағы 1300-1700 граммды құраған. Ал бойлары 38-41 сантиметр аралығында болды. Қуаныш Алтынбаев пен Әйгерім Махамбетжанованың бұдан бұрын бес перзенті бар болатын. Осылайша олар енді сегіз баланың ата-анасы атанды. «Қыздарымның аман-есен дүниеге келуіне дәрігерлер қолайлы жағдай жасады. Осы ретте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына, облыстық «Ана мен бала» орталығының қызметкерлеріне алғысымды білдіремін», - деді үшемнің әкесі. Нәрестелер жедел жәрдем санитарлық автокөлігімен Қазалы ауданы Түктібаев ауылына жеткізілді. Облыстық перинаталдық орталығында биыл жыл басынан 4505 нәресте дүниеге келген. Оның ішінде 75 егіз, 2 үшем дүние есігін ашты.
Жүктелуде...