Қарағанды қаласының «Сұрыптау» стансасында 12 өрт сөндіруші және екі арнайы техника тілсіз жаумен күресті. Жеке үйдің жанындағы қораның шатыры жанып кетті, өрт жақын тұрған нысандарға таралмады, – деп жазды ҚазАқпарат. 22 мамыр күні сағат 12:29-да «101» желісіне «Сұрыптау» стансасындағы өрт шыққаны туралы хабар келіп түсті. Өрт сөндіру бөлімшелері сағат 12:38-те келіп жеткен кезде шаруашылық құрылыстар блогында ағаш қора жанып жатқан. Жалынға орнаған қораның шатыры құлаған. Өрттің гараждарға таралу қаупі туындаған. «Өрт сөндіру барысында 4 газ баллон шығарылды. Сағат 13:31-де өрт сөндірушілер гараждарға оттың таралуына жол бермей, жалынды толығымен сөндірді», – деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі. Өртті сөндіруге Қарағанды облысы ТЖД №12 (Сұрыптау) және №7 (Майқұдық) өрт сөндіру бөлімдерінің жеке құрамынан 12 адам және 2 техника жұмылдырылды.
Жүктелуде...