Сұхбат
Ақниет ОСПАНБАЙ
30 Мамыр 2013, 13:09, 2
1429
ҚАЗАҚТЫҢ ЖАРТЫСЫН ЖАЛМАҒАН АШАРШЫЛЫҚ

Бүгінде ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін мәселесіне ортақ саяси ба­ға беріліп жүр. Алайда қуғын-сүргін құрбандарына қарағанда ашаршылық жылдары қырылған халық саны екі-үш есеге көп. Өйткені қуғын-сүргін құрбандары саяси жүйеге қарсы шыққандар, ал халық осы жүйенің құрбандары. Сонда да ашаршылық құрбандарын еске алу әлі ескерілмей келеді. Тарихшы ғалым Талас Омарбеков зұлмат жылдардың тың деректерімен бөлісті. 

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандары күні. Осы жоқтау күніне ашаршылық та, Ұлы террорлық күні де бір жоқтауға топтастырылған. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын жоқтау күнінің тасасында Ашаршылық құрбандары әлі де атау­сыз қалып келеді. 

– Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық екеуі екі бөлек тарихи оқиға. Көпшілік бұл ұғымды толық түсінбей, бір ұғымға сыйғызып жүр. Ол – Алаш қозғалысының қайраткерлерін қуғындау, 1929-31 жылғы халық көтерілістерінде атылғандар, бай-кулактарды тап ретінде қуғындау, түрлі социалистік заңдар бойынша сотталғандар, депортацияға ұшырағандар, 1936-39 жылдар аралығында Үлкен террор деп атылған партия және мемлекет қайраткерлерін жоқтау күні. 50 жылдардың басында Сталин өмірден озғанша бұл қудалаулар жалғаса берді. Қазір ашаршылық құрбандарын ешкім атап өтпейді, өйткені саяси қуғын-сүргін құрбандары ғана айтылады. 

Қазақстандағы барлық қуғын-сүргін құрбандарының саны ашаршылықта қырылған халықтың жартысына да жетпейді. Бірінші ашаршылық 1921-22 жылы 1 миллионнан астам халықты жалмаса, екінші ашаршылықта 2 миллион үш жүз мың адам қырылды. Екі ашаршылықты қосқанда 3 миллионнан асып жығылады. Саяси қуғын-сүргін құрбандары саны жағынан, демографиялық жағынан ашаршылықтан әлдеқайда аз. Әрине, рухани тұрғыдан халқымыздың бетке ұстарларын жоғалту ауыр азап. Бірақ ашаршылықта біз халықтың өзінен айрылып қала жаздадық емес пе? Халықты қан қақсатқан екі ашаршылықта қырылған құрбандарға Құран оқылып, ас берілуі керек. Бұл – қазақтың жартысын жалмаған ашаршылық. Халықтың тең жартысын жоғалту – ұлттық қасірет. Ендеше мемлекет Ұлттық Қасірет күнін белгілеу керек. Қасірет күніне арнап барлық жерлерде ескерткіштер ашылу керек. Бүгінде Ашаршылық құрбандарына арналған мемориал Астанада ғана бар. Бір елеусіз көшеде өліп қалған атын жүгенінен сүйреп тұрған бала бейнеленген. «Мәңгілік алау» ескерткіші республиканың барлық өңірлерінде болды, міне сол сияқты келер ұрпақтың есіне салар ескерткіштер орнатылса ләзім. Басқа халық болса жылына бір рет жиналып, жоқтау айтады. Халқымыз сол жоқтауды айта алмай отыр. Үнсіздік жариялап, жалауды төмен салбыратып жоқтау айту керек. Сонда өскелең ұрпақ бұл сұмдық қасіретті біліп, қайталанбас үшін қолдан келгенді жасайтын еді. Бұл – нағыз тарихи сабақ, тағылым. Ашаршылық кесапаты бірнеше жылға созылды... 

– Ашаршылық қай тарихи оқиғадан өрбіді және үш жылдың ішінде қазақ даласын тегіс шарпып үлгерді?

– 1925 жылы Голощекиннің қазақ жеріне келген Кіші Қазан науқанынан басталады. Кіші қазанды кейбіреулер «коллективтендіру» немесе «ұжымдастыру» деп шатастырады. Кіші қазан шын мәнінде коллективтендіру емес, ол негізінен үш науқаннан тұрады. Алғашқысы – қазақ ауы­лын кеңестендіру науқаны, яғни рулық ауылдардағы байлардың, ақсақалдардың қолынан билікті тартып алып, олардың орнына жалаңаяқ, жалшыдан шыққан шолақбелсенділерді ауылнай қылып тағайындау. Екінші науқан – 1926-27 жылдары шабындық, жайылымдық жерлерді қайта бөлу. Рулық ауылдардағы жер, жайылымдар байдың меншігінде болғандықтан, кедей-кепшікке қайтарып беру керек деп ойлады Голощекин. Шын мәнінде бұл науқан сәтсіздікке ұшырады. Екінші науқан – Голощекиннің надандығынан, білімсіздігінен туындаған науқан болатын. Қазақ ауылында жерге жекеменшік болмаған, қауымдық меншік болған. Осыны Голощекин түсіне қойған жоқ, ал оның төңірегінде отырған Ораз Жандосов, Нығмет Нұрмақов, Жалау Мыңбаев секілді азаматтар Голощекинге бұл мәселенің байыбын әдейі түсіндіріп айтқан жоқ. Өйткені Голощекин қателіктен соң қателік жасасын, сонан соң Мәскеу оны тездетіп алып кетеді деп үміттенді қазақ басшылары. Ал бұл науқан барысында қазақтың рулық ауылына барған жер бөлушілер қиындыққа ұшырады. Өйткені олардың жерді өлшейтін құралы да болған жоқ. Ұзын-ұзын арқанмен өлшеді, арбаның дөңгелегіне белгі салып, арбаны айдап өтті. Арба дөңгелегі қанша рет ­айналса, кедей-кепшікке сонша жер бөліп берді. Әрине қазақ ауылы мұны күлкілі, сайқымазақ шара ретінде қабылдады. Жердің иесі бай ғана емес, сол ауылдың барлығы еге. Өйткені бір ауылда 15 үй болса, олардың бәрі бір атаның балалары. Жайылым кедейге, байға ортақ болды. Голощекин осыны түсіне алмады, оған оның ақылы да, тәжірибесі де жетпеді. Әрине бұл екі шара өз нәтижесін берген жоқ. Біріншіден, қазақ ауылына ауылнай боп тағайындалған шолақбелсенділер ауылды басқара алмады, өйткені ақсақалдар отырғанда халық кешегі жалшыны қайдан тыңдасын? Осы қалыптасқан жағдайда Голощекин қазақтың байларын құрту керек деп ойлады. Қазақтың аса ірі байларының ықпалын азайту үшін кәмпескелеу керек. Кәмпескелеу туралы жобаны Мәскеуге жіберген кезде «Қазақ байларының мүлкін национализациялау» деп жазылды. И.Сталин оны қаламсабымен сызып тастап, орнына «конфискация» сөзін жазып қойды. 1928 жылы «Қазақ байларын кәмпескелеу» науқанына Сталиннің тікелей араласқан жағдайы бар. Кіші Қазанның ең ауыр, қасіретті шарасы – қазақ байларын меншігінен, яғни малдан айыру. Малынан айырып қоймай, көзін құртуға көшті. Оларды басқа алыс облыстарға жер аударды, қамауға алды, үйқамаққа салды. 1930 жылы басталған бүкіл Кеңестер одағындағы бай-кулактарды тап ретінде жоюға ұласты. Олардың көбісі барған жерлерінде аштан қырылып қалды, аман қалғандары кейінгі қуғын-сүргін науқандарында өліп кетті. Күні бүгінге дейін тірі қалған қазақ байын білмейміз. 1928 жылы мыңнан астам қазақтың мал иелері кәмпескеленді. (Олардың ішінде әр түрлі тұлғалар болды, мысалы Абайдың баласы Тұрағұл да 1934 жылы Шымкентте қайтыс болды). Кәмпеске қуғын-сүргінінің ауыр салдары 1929 жылдың аяғында жаппай ұжымдастырудан басталды.

– Ашаршылық осы ұжымдастырудан басталады деп білеміз тарихтан... Сол күштеп ұжымдастыру Кеңестер одағының барлық елінде болды емес пе?

– Ашаршылық – бүкіл елге келген нәубет. Бірақ Қазақстанның қасіреті мынада болды. Ірі байлар шаруашылықтан айрылды, екіншіден күштеп ұжымдастыру зорлап отырықшыландыруға айналды. Көшпелі және жартылай көшпелі шаруаларды жаппай отырықшыландыру, мәдениетті түрде барлық қаулы-қарарда тапсырылды. Тіптен жарты жылдың ішінде малдан жұрдай болып шықты. Мал – ортақ қораға қамалды. Мал бір жерде болса, көшпелі халық қайда барады, соның қасына киіз үйін тігіп, мәжбүрлі қоныстана бастады. Бұл – Голощекиннің қулығы. «Бірінші малды отырықшыландырыңдар, сонда көшпелілер ешқайда кете алмайды» деген қағидаға сүйенді. Жылдың төрт мезгілінде өз аяғымен еркін жайылатын мал брюцеллез тәрізді әр түрлі жұқпалы ауруларға шалдықты. Қазақтың мал шаруашылығы – табиғи шаруашылық, қоршаған ортаға сәйкес жасалған. 

Ол аз болғандай, 1931 жылы қазақ ауылында бай-кулактарды тап ретінде жою басталды. Енді қазақ ауылында бай қалмады ғой, оның орнына орташалар тұтқындалып, айдалып кетті. Осы жарты жылдың ішінде 200 мыңнан астам орташа шаруашылықтары қудаланып, жойылып кетті. Бұл кесапатқа басқа да майда-шүйде түрлі науқандар үсті-үстіне төпелеп, қосылып жатты. Мысалы, ет дайындау науқаны басталды. Қазақстанда әрбір теміржол станциясының жанынан мал соятын алаңдар жасалды. Мәскеуге, Ленинградқа, батыс Кавказдың ірі қалаларына, Орталық Азия елдеріне, ірі индустриялық орталықтарға ет жөнелтіліп отырды. Қазақстанның орталық, шығыс өңірлері – ірі өнеркәсіп орнына айналды. Мәскеу мен Ленинградты еліміз 1991 жылға дейін етпен қамтамасыз етті. Қазақстандағы ет дайындау науқанын жүйелі түрде жүргізу үшін «Союз мясо продуктов» деген ұйым құрылды. Ол ешқандай министрлікке бағынбайды, бірақ бүкілодақтық үкіметке қарайды. Ұйымды етпен қамтамасыз ету үшін елімізде «ҚазЖивСоюз» құрылды. Сол кезде «контрактация» деген бәлені ойлап тапты. Бұл келісімшартқа сәйкес, шаруаның төлі туылса, 12 айлығына дейін жаңағы бұзау өліп қалса, егесі «халық жауы» ретінде сотқа тартылады. Өйткені ол бұзау тана болғаннан кейін етке өткізуге дайындалады. Контрактация бойынша шаруаға ұн немесе заттай ақы берілуі тиіс болатын, бірақ шолақбелсенділер ондай жағдай жасай алмады. Жергілікті үкіметтің ондай байлығы да болған жоқ. Осындай зобалаңның барысында тағы да қосақталып ауылшаруашылық өнімдерінің салықтары белгіленді. Мысалы, сүйек, тері, мүйіз, тұяқ салығы. Оны орындай алмаған қазақтар айдаладан тышқан, қоян аулап, сүйек теріп кетті. Міне, осы өнімдерді өткізбесе сотталады. «Халық жауы» ретінде 107, 111 статьямен сотталып жатты. 

1930–1933 жылдар аралығында Қазақ­станда 40 миллионға жуық мал болса, 1933 жылдың соңында қазақ даласы билігіне Мирзоян келген кезде 4 миллионннан сәл ғана асатын мал қалды. Мен мұрағат қаттамалары мен деректерін ақтарып отырып, ет шығынын есептедім. Ет дайындау науқанында әрбір пұт ет есепке алынған. Үш жыл ішінде 36 миллионнан астам мал жойылса, соның 15 миллионнан астамы – Қазақстаннан тыс өңірлерге, ал 9 миллионға жетер-жетпес ет – ішкі қолданысқа жіберілді. Осындай жағдайда қазақ қалай қырылмайды? Кейбір публицис­тер, жазушылар, журналистер мұндай талдау жасамастан күштеп ұжымдастырудың кесірінен қазақ ашаршылыққа ұшырады деп ұрандайды. Ол – қате ұғым. 

Иә, күштеп ұжымдастыру барлық елде болды, бірақ ешкім қырылған жоқ. Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейдің деревняларында ұйымдастырылды. Украинада болған аштықтың себебі басқада. Деревняларды қарулы әскерлер қоршап алып, жергілікті халықтың астығын тартып алды және сыртқа ешкімді шығармады. Содан бүкіл деревня қырылып қалды. Бізде еркін көшіп жүрген қазақтың малын тартып алды, өзін бетімен жіберді. Қалаған жаққа Қытай, Ресей, Өзбекстан, Еділ бойына өтіп кетсең, өз еркің деп қоя берді. Бірақ мал жоқ қой, халық алысқа бара алмайды. Сондықтан Қазақстандағы аштықпен Украина және Еділ бойындағы аштықтың себебі екі түрлі. Бізде негізгі тағам – етті тартып алды, украиндардан – астығын алып қойды. Сонау түркі қағанаттарында мал шаршуашылығы қандай болса, ХХ ғасырдың басында Кеңес үкіметі орнай бастағанда дәл сондай болды. Түркі қағанатында қауым киіз үйде тұрса, ұжымдастыру алдында да қазақтар киіз үйде тұрды. Отырықшыландыру – кез келген қазақ үшін қасірет болды. 

– Бірақ түбі отырықшылыққа көшуіміз керек еді ғой... 

– Оған біртіндеп келу керек еді, ол 2-3 жылдың ішінде жүзеге асыратын нәрсе емес. Біртіндеп кооперативтер құрып, нарықтың қатынасына, жекеменшікке негізделуі керек еді. Мал бағып жүрген қазақ егін егуге қандай жағдайда барады? Бидайдан түскен өнімді базарда жоғары бағамен сатып, содан пайда табатын болса ғана барады. Қоянды жәрмеңкесіне айдап апарып сататын малдан түсетін ақшадан бидайдан түсетін ақша анағұрлым көп болуы керек. Соны қазаққа дәлелдесе, өзі-ақ кооператив құра бастайды. Бұл – Бұхарин ұсынған теория. Бұл жолды кейіннен Смағұл Сәдуақасов та ұсынды. Бірақ Кеңес одағындағы компартия күштеуге, зорлауға және қысқа мерзімде жүзеге асыруға негізделді. Осының кесірінен қазақ ашаршылықты көрді. Отырықшыландыру ерікті түрде 50-60 жылда жүзеге асуы керек еді. Біз тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл толды, ал нарықтық қатынасты әлі игере алмай жатырмыз. Ал одақ үш жылдың ішінде апай-топайын шығарып, қамшымен сабап, мылтықпен атып, айдап апарды. 

1932 жылы 7 тамызда Социалистік меншікті қорғау туралы заң шықты. Сталин қол қойған. Осы Заң бойынша екі жазалау шарасы қолданылды. Егер де астық қоймасына бір аш адам келе жатса, қарауыл мылтықты ескерту ретінде бірінші аспанға атып, сосын екінші оқты адамға ату керек болды. Ал қарауыл бірінші оқты әлгі адамға, екінші оқты аспанға атты. Екінші жаза – колхоз даласынан 1 кесе масақ жинап алса, 107 статьямен 10 жылға сотталатын. Менде «Мемлекеттік кәсіпорындардың дүниемүлкін қорғау және қоғамдық социалистік меншік» заңы бойынша сотталған адамдардың есебі бар, олардың ұзын саны – 17 799 адам, оның 704-і бір уыс масақ тергені үшін ату жазасына қиылған. Осы заңға қатысты Сталиннің айтқандары бар: «Мемлекеттік кәсіпорындардың мүлкін ұрлатып, талан-таражға салып қоя алмаймыз...Кеңестік іргесін бұзу болып табылады. ..Кеңес үкіметі бұл заңды осындайларды ескеріп барып шығарды. Бұл заңды бұлжытпай жүзеге асыру әрбір коммунистің, әрбір жұмысшының бірінші борышы». (Сталин шығармалары, 13 том, 226-бет). Біз бір ғана заңды айттық, осындай жазалайтын заңдар көп болды. Осының бәрі ашаршылыққа алып келді. 

– Ашаршылықтан қырылғандар саны – 2 миллионнан астам, ал оның алдындағы ашаршылық құрбандары 1 миллионнан асады. Бұл дерек нақты ма, әлде бұл санда да бұрмалаушылық бар ма? 

– Адам саны қалай кеміді? Бұл жантүршігерлік оқиға. Кей зерттеушілер кітапханада тұрған осы деректерді оқымай, көрмей, көз жеткізбей жатып ашаршылық жайында нақты мәліметтер жоқ деп мәлімдейді. Мұндайда дәлме-дәл айту қиын, дегенмен қолда бар демографиялық есеп пен мұрағат деректерін салыстырып қарағанда 700 мыңнан астам адам 1921-22 жылдардағы ашаршылықтың тікелей құрбаны болды. 1930 жылы 1 маусымда ауыл халқының саны – 5 миллион 873 мың адам болатын. Соның 4 миллион 800 мыңы – қазақтар. 1932 жылы – 3 миллионнан астам адам қалды. 1933 жылы – 2 миллион 493 мың адам қалды. Сөйтіп тек 1934 жылы ғана халық саны сәл-пәл көбейіп, 2 миллион 600 мыңға жетті. Мирзоян келген соң басшылық, саясат өзгеріп, босқындарды қайтару, ашаршылықты тоқтату қолға алынды. 1933 жылдың 29 наурызында осынау сорақы жағдайда Қазақстанның жаңа басшысы Левон Мирзоян Сталин мен Молотовқа төмендегідей хабарлайды: «...Біздің деректеріміз бойынша қонысынан ауғандар 71 ауданды қамтып отыр: оның 50-і көшпенді және жартылай көшпенді, ал 21-і отырықшы егіншілік аудандар. Олар әсіресе Оңтүстік Қазақстан облысының, Алматы облысының аудандарында, Қарағанды облысының оңтүстік бөлігінде, Шығыс Қазақстан бөлігінің батыс бөлігінде, Ақтөбе облысының оңтүстік бөлігінде, Батыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында қаптап кетті. Бұрынғы егіншілік аудандарынан, мәселен, Әулиеата, Талдықорған, Мерке, Талас, Шу, Созақ, Қордай, Іле, Қаратал, Жітіқара, Семиозер және т.б. аудандарда қонысынан ауғандардың саны өте көп. Барлық облыстарды алатын болсақ, шамамен халқының саны 300 мың адам болатын 90 мыңнан аса қожалық (республика шеңберінен тыс жерлердегіні есептемегенде) өздерінің туған жерлерінен басқа мекендерге көшіп жатыр, яғни қонысынан ауушылық жағдайына душар болуда.

Бұдан басқа соңғы екі айдың ішінде қонысынан ауғандар ішінен Орта Азиядан, Сібірден және Еділ бойынан кері қайтып келушілер тасқыны күшейе түсті, ол күні бүгінге дейін тоқталмай отыр». 

Ал қала халқының есебі бөлек. 1931 жылы қалада – 732 мың адам ғана тұрған. Келесі жылы 1 миллион 72 мың адам болды, бірақ қала халқының саны қазақтардың есебінен өскен жоқ. Өзге ұлттардың, орталықтан келген славяндардың, әр түрлі халықтардың есебінен көбейді. Өйткені аш қазақтарды еш уақта қалаға жолатқан жоқ, тіркеуге алған жоқ. Керісінше көшеден қуалап, итін шығарды. Сонда осы нәубет жылдары қазақ қырылып жатқанда, қала халқының саны өзге ұлттардың есебінен ұлғайып жатты. Босқындарды алып тастағанда үш жылдағы адам шығыны – 2 миллион үш жүз мыңның айналасы. 

Қазір мынадай сауал туындайды. Қазақ ашаршылықтан қырылмағанда, қазір халық саны қанша болар еді? Түркия ғалымдары бұл сауалға нақты деректер келтіре отырып, өз тұжырымын айтуда. Азамат соғысының алдындағы ашаршылықты қосып, есептегенде қазақтың саны – 6 миллион адам болған дейді. Сол кезде Түркиядағы түріктердің саны – 10 миллион болған. Қазір түріктердің саны – 74 миллион болыпты, бұл түрік халықтарының өз есебі. Түрік ғалымдарының есебі бойынша қазақтар 60 миллионнан асып түсетін еді. Түркия басқа ұлттарды қосып алып, әр түрлі процестердің арқасында түрікке айналдырды. Ал менің өз есебім бойынша, Қазақстанда халық саны 60 миллион болмаса да, 40 миллионнан асып жығылуы тиіс еді. Түріктердің айтып отырған сөзінің жаны бар. Халықтың дәстүрлі шаруашылығынан айырып, қуғындамағанда жоғарғы көрсеткішке жету мүмкіндігі бар еді. Қазақтар 2-3 әйелден алған, халықтың саны жақсы өсіп отырған. Сондықтан түрік тарихшыларының айтқан уәжіне мен күмән келтірмеймін. Өкінішке қарай, бұл арманға айналған көрсеткіш. 

– Алашорда партиясы құрылып, болмаса ізбасарлары қалғанда осынау зұлматты кесапаттардың алдын алуға болар ма еді? 

– Мәселен, Алашордашылар түк те істей алған жоқ. Өйткені олар Қазан төңкерісінен кейін жаппай қуғынға ұшырады. Алаш қозғалысының қайраткерлерін республикадағы көтерілістер қарсаңында бәрін қудалап, соттап, жер аударып, олардың бас көтеруіне ешқандай мүмкіндік қалдырған жоқ. 1925 жылы 29 мамырда Сталин Түркістанға хат жазды. Сол хатта Алаш қайраткерлері мен ұлттық интеллигенцияны партия мен мемлекеттік қызметке пайдаланбау туралы ұсыныс жасады. Олардың көзқарасында Шоқаевтың ұстанымы бар деп шошыды. Қауіпті интеллигенция ретінде Сталин оларды оқу-ағарту саласына пайдаланды, оның өзінде қатаң бақылауға алды. 1929 жылы Қазақстанның түкпір-түкпірінде көтерілістер басталды. Тастакөпір, Бостандық, Бетпақдала, Ырғыз, Адай, Созақ көтерілісі Абыралы-Шыңғыстауға ұласты. Осы көтерілістерге Алаш қозғалысының қайраткерлерін кінәлады. Нәтижесінде ОГПУ 42 Алаш қозғалысының мүшелерін соттады, сот екі рет 1932 және 1942 жылы болды. Сот қорытындысы бойынша концлагерьге айдалды, жер аударылды, сөйтіп Алаш азаматтары халқынан ажырап қалды. Алаш қайраткерлері халыққа көмек қолын соза алмады. «Байтал түгіл, бас қайғы» болды. Өздері Воронеж, Ақ теңіз каналында айдауда жүрді. «Өкімет басына Ә.Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов келгенде не болатын еді?» деген сауал туындайды. Олар Николай Бухарин ұсынған жолды ұсынар еді. «Коллективизация, компис­кация» сияқты революциялық реформалар емес, экономикалық қатынастарды ұсынар еді. Шаруалар корпоративтерін құру, жеке меншікті, капитализмді сақтауды ұсынатыны анық. Алашорда капиталистік құрылысты таңдады. Бөкейханов осы бағытты ұстанды. Құрамысовтар – республикалық деңгейдегі шолақ белсенділер, жоғарыдан берілген тапсырмаларды ғана орындайтын білімсіз адам еді.

– Қазақ жеріндегі жөнсіз саясат, жаппай қырылу, халықтың мүлкін талан-таражға салу сияқты қолдан жасалған зобалаңды бастан кешкенде қазақтың көзі ашық, қызметтегі қайраткерлері қандай ұстанымда болды? 

– Бірақ Қазақстанның партия қайрат­керлерінің ішінен қазаққа жаны ашитын азаматтар шықты. Смағұл Сәдуақасов бастаған Жалау Мыңбаев, Санжар Аспандияров, Нығмет Нұрмақов, Тұрар Рысқұлов, Жағыпар Сұлтанбеков, Зейнолла Төреғожин, Мұхтар Саматовтар болды. Міне, осылар Голощекинге оның ұстанған саясаты халықты күйретуге, құртуға апаратынын айтып түсіндірді. Қазақ шаруаларын күштеп ұжымдастыруға, меншігінен айыруға ашық қарсы болып, өздерінің пікірлерін айтқан азаматтар осылар. Бірақ Голощекиннің төңірегінде сталиндік-авторитарлы жүйенің жағдайында оның бағытын қолдаған адамдар болды. Олар – Орал Исаев, Ғаббас Тоғжанов, Асылбеков, Байділдин, Мусин, Құрамысов, Сырғабеков, Меңдешов, Жүнісов, Әйтиев, Елтай Ерназаров деген кісілер өз пікірлерін ашық айта алған жоқ. Биліктің айтқанымен жүруге мәжбүр болды. Өз қолдарындағы мүмкіншілікті пайдаланып, Голощекиннің бағытын жақтамаса да социализмнің қазақ халқын жетістікке жеткізетініне сенген адамдар болды. Сөйтіп саналы түрде коммунистік партияның қитұрқы бағытын қолдады. Олар да халыққа жаны ашыды, сонда да компартия саясаты дұрыс деп білді. Олар Ораз Жандосов, Ұзақбай Құлымбетов, Розыбакиев, Жармұхамедов, Сейфуллин, Ілияс Қабылов, Жангелдин ұжымдастыру саясаты халықты жақсылыққа жеткізеді деп социалистік идеяға сенген кісілер. Ал алғашқы топтағы азаматтар халықтың ұлдары. Олар бұл бағытты ашықтан-ашық сынады. Голощекиннің саясатына қарсылық білдірді. Бірақ сталиндік-тоталитарлық жүйе ешкімді тыңдаған жоқ. 

– Сұхбатыңызға рахмет! 

Сұхбаттасқан 

Ақниет ОСПАНБАЙ 

Соңғы сұхбаттар
Мантуло Владимир
16 Ақпан 2013, 12:50 0
1434
ҒЫЛЫМЫ ЖОҚ ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ ЖОҚ
Арамызда үндемей жүріп, үлкен жұмыстарды бітіретін асыл жандар бар. Солардың бірі әрі бірегейі Мемлекеттік сыйлықтың иегері, химия ғылымдарының докторы, профессор Абдуали Баешов.
Kapkyzy Yesengul
13 Мамыр 2013, 19:56 2
2173
АНАДОЛЫДАН АНКАРАҒА ДЕЙІН...
Ұлан-ғайыр аймақты жаулаған Осман империясының негізі қалай қаланды? Даңқы көк тіреген, осыншама кең алапқа табан төсеген османдықтар неден қателесті? Ежелгі Стамбұл түріктерге қалай берілді? Ежелгі Византия қалай жойылды?
Kapkyzy Yesengul
14 Мамыр 2013, 16:48 0
1578
АНАДОЛЫДАН АНКАРАҒА ДЕЙІН...
Өткен сұхбатымызда Осман империясының қалай құрылғаны, империяның қайта өрлеу кезеңі, қырық алты жыл билік басында отырған Сүлеймен сұлтан жөнінде сөз қылғанбыз. Бүгін... Сол империяның соңғы патшасы неге қуғындалды?
Нәзия Жоямергенқызы
30 Мамыр 2013, 13:09 0
712
ЖАҢА ҒАЛАМДЫҚ ВАЛЮТА ҚАЖЕТ
Әлемдік экономиканы тығырықтан шығару жолында қыруар тірлік атқарылып жатыр.
Пікірлер
Әжібеков Айбек
16 Мамыр 2014, 19:34
Сол сұм ашаршылық болмаса қазір Қазақстандықтар қанша болар еді ә?
Аноним
6 Маусым 2013, 12:15
Өте жақсы сұхбат.Қынадай қырылған қазақтың зұлматты жылдардағы тарихын ашып айтыпты...