Отандық кәсіпорын 13 тонна құрғақ түйе сүтін экспорттады

Отандық кәсіпорын 13 тонна құрғақ түйе сүтін экспорттады

Отандық кәсіпорын 13 тонна құрғақ түйе сүтін экспорттады
ашық дереккөзі
Түркістан облысы түйе шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруда және түйе шаруашылығын дамыту бойынша іс-шаралар жоспарын нәтижелі жүзеге асырып келеді. 2018 жылы Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасының ынтымақтастық меморандум шеңберінде индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында құны 6,9 млрд.теңгені құрайтын GOLDEN CAMEL GROUP LTD ЖШС-нің «Түйе сүтін қайта өңдеу зауыты» инвестициялық жобасы жүзеге асырылған болатын. Қазіргі таңда кәсіпорын 5 сүт қабылдау бекеті (Созақ Ордабасы, Отырар аудандары мен Түркістан қаласы) арқылы 20 шаруа қожалығымен келісім шарт жасап, тәулігіне  5 тонна түйе сүтін қабылдап отыр. Ал түйе сүтін қабылдау бағасы 1000 теңге. Бұл түйе шаруашылықтарымен және осы саламен айналысуға ниеті бар ауыл тұрғындарының үлкен қызығушылығын тудырып отыр. Осы мақсатта облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей бастамасымен «Түркістан облысында түйе шаруашылығын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған кешенді іс-шара жоспары» қабылданды. Нәтижесінде биылғы жылдың өзінде  Арыс, Кентау қалалары, Отырар, Ордабасы, Созақ, Шардара аудандарында қосымша 3 962 аналық бас түйе сатып алынып, сүттің көлемін 14 250  тоннаға,  яғни кәсіпорынның қуаттылығын 15%-ға ұлғайтуға көзделіп отыр. Осы орайда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында түйе шаруашылығын кеңейту жобасында жылдық 6%-бен несиелендіру жолдары қарастырылған. Жобаның өзін-өзі ақтау уақыты 8-9 ай көлемді құрайды. Бүгінгі күні түйе шаруашылығын дамытуға ниеттенген 80 АШТӨ-і анықталды, сатып алынатын аналық түйе саны 3 070 басты құрайды. Оның ішінде қаржы ұйымынан құны – 1 млрд 115 млн. теңгені құрайтын 3 жоба мақұлданды. Сондай-ақ, кәсіпорынның бастамасымен «1000 басқа арналған сауынды түйе кешенін салу» жобасы іске асырыла бастады. Жобаны жүзеге асыруға Кентау қаласы, Бәйдібек, Созақ, Отырар аудандарынан жер телімдері қарастырылып отыр. Жуырда GOLDEN CAMEL GROUP LTD ЖШС-нің Қытай Халық Республикасына түйе сүтінен дайындалған 13 тонна дайын ұнтақ өнімін алғаш рет экспортқа шығарды.