19 Наурыз 2020, 19:33 873 0 Тұлға "Түркістан" газетінің авторлары

Ғалым, қайраткер, азамат

Саналы ғұмырында ғылымға, тарихи білім беру ісіне қызмет еткен, Қазақстанның ғы­лым мен техника саласындағы еңбек сіңір­ген қайраткері, білім беру ісінің үздігі, тарих ғы­лым­дарының докторы, профессор, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, Ұлттық Ғылым академиясының толық мүшесі Кеңес Нұрпейісұлы көрнекті тарихшы-ғалым ғана емес, белсенді қоғам қайраткері де болған еді. Оның қоғамдық жұмысының маңызды бір саласы Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоға­мын­дағы қызметі болатын. «Әділет», көпшілік біле­тін­дей, тәуелсіздіктен бұрын, 1989 жылғы сәуірде шаңы­рақ көтерді. Бұл республикалық қоғамдық ұйым Қазақстанда ХХ ғасырда орын алған саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық ақиқатын ашуды, тота­литарлық режим құрбандарын мәңгі есте қал­дыруды, тоталитарлық билік жасаған әділет­сіздік­терді әшкерелеп, жазықсыз жазаланғандарды толық мәнінде реабилитациялауға жәрдемдесуді, тапталған адам құқығын қалпына келтіруді және сол кезеңдер жайындағы тарихи білім жетістіктерін кеңінен насихаттауды мақсат еткен болатын.

Құрылтайшы конференцияда Қазақ КСР Ғылым ака­демия­сының коррес­пон­дент-мү­шесі, ҒА Қоғамдық ғылымдар бө­лім­­­шесінің академик-хатшысы Ра­мазан Би­машұлы Сүлейменов «Әлеуметтік әді­леттілікті және ста­линдік репрессия құр­бандарының аяққа тапталған ар-намысын қал­пына келтірейік» тақырыбымен баян­дама жасады. Баяндаманы кон­ференцияда сөйлеген делегаттар (сталиндік лагерьлер азабын басынан өткергендер, ардагерлер, та­рихшылар, журналистер, жазушылар, партия қызметкерлері) әр қырынан те­реңдете келіп, құрыл­ғалы тұрған ұйымның алға қоятын мақсаты – КСРО халық­тары­ның тарихындағы «ақтаңдақ­тарды» жою, социализм идеялары бұрмаланған кезеңде біздің республикада зардап шеккендердің адал есімдерін қалпына келтіру, демократия мен жариялылықты одан әрі орнық­тыруға жұртшылықтың күш-жігерін жұ­мылдыруы тиіс екенін атап көрсетті. Ел тари­хында жол берілген деформациялар ашық айтылды. Сол кездегі үлкен мін­берлер­ден жария етілген жаңаша ойлаудың болашағына деген сеніммен, өткендегі бұрмалауларды түзеу билеуші партияға тек абырой әпереді делінді.

Құрылтайшы жиналыста «Әді­леттің» төрағасы болып тікелей дауыс беру жолымен Санжар Жандосов, басқарма мүше­лері­нің бірі болып Кеңес Нұр­пейісұлы сай­лан­ған еді. Содан бері Кеңес Нұрпейісұлы «Әді­лет» Жар­ғысында көзделген мақсат-мін­деттерді орындауға белсене атсалысып жүр­ді. Кеңес аға тарих институтының өзге де ғалымда­рымен бірге, әсіресе академик Манаш Қозыбаев қоғам төрағасы болған жылдары, қилы конференциялар, дөңгелек үстелдер, тың­даулар, семинарлар, кездесулер жұмыстарына мүдделілікпен қатысты. Ал «Әділет» қоғамы өзінің тарихи-ағар­тушылық сипатына сәйкес, сталинизм қылмыстары жөніндегі, отызыншы жыл­дарғы алапат ашаршылық жайындағы та­рихи шындықты ашып, қалпына кел­­тіру­ді мақсат еткен, то­та­ли­тарлық режим құрбан­дары­ның есімдерін мәңгі есте қал­дыру, оларды толық мәнінде ақтау, ақ­тал­ғандар мен олардың отбасы мү­ше­лері­нің мүдделерін барлық мем­лекеттік және қоғамдық ұйым­дарда қорғау істеріне жан-жақты жәрдемдесуді міндеті деп білген. Заңсыздықтар белең алған қорқы­нышты жылдары Қазақстан кон­цен­трациялық лагерьлер шоғыр­лан­ған елге, депорта­ция­ланған халықтардың жер аударылу орнына айналғаны мәлім. Республи­камыздың ау­мағында: АЛЖИР, Карлаг, Дальний, Степ­ной, Песчаный, Камышлаг, Ақтөбе, Жез­қаз­ған, Петропавл, Кеңгір және Өске­мен лагерьлері деп аталатын 11 концлагерь құрылды. Солардың шындығын ашу, олардан басқа да көптеген «ақтаңдақтар»: индустрияландыру, көшпенділерді зорлық­пен отырықшыландыру, дәулетті қожалық­тарды тәркілеу, ұжым­дастыру сынды советтік реформа­ларға байланысты оқи­ғалар, сол шаралар барысында бұрқ еткен көтерілістер, алапат ашаршылық­тар шын­­­­дықтарын зерттеу керек-тін. Сталиндік-голощекиндік билік душар еткен жөн­сіздіктер мен зұлымдықтар салдарынан сан мың­даған жекелеген адамдар орын­сыз қиыншылықтарды, тау­қыметтерді бастан кешті. Тоталитаризм рухани өмірге де ора­сан зор залалын тигізді. Билеуші партия қалың халыққа шынайы тарихын білгізбей, «Елдігіміз Октябрь революциясынан бастау алды», «Алашордашылар – жексұрын ұлт­шылдар» деген жалған ұғымдарға жұрт­тың санасын жаулатты. Көр­некті қай­рат­керлер, көптеген интеллигенция өкілдері, халық шаруашылығындағы, халыққа қыз­мет көрсету салаларындағы ма­ман­дар мен қызметкерлер қатаң қуғынға ұшы­рады, небір бетке ұстар азаматтар физика­лық тұр­ғыда жойып жіберілді. Осылардың бәрін зерттеуге алып, жаңа танымды, тарихи әділеттілікті қалып­тастыру ісін мұрат еткен «Әділет» қоғамының жұмысын ұйым­дас­тырудың бел ортасында Кеңес аға жүрген еді.

Қоғамның бастамашылық көрсетуімен Жоғарғы кеңес төралқасы тәуелсіздіктің ал­­ғашқы жылы-ақ құрамына Кеңес Нұр­пейісұлы да кірген респуб­ликаның белгілі ғалымдарын тарта отырып, қасіретті кезең шындығын зерттейтін комиссия құрды. Әр жылғы 31 мамырды Ашаршылық нәубеті құрбандарын еске алатын күн ретінде бел­гіледі. Ал Алматы қа­ласының атқарушы билігі (қа­латком) бұрынғы НКВД ғимараты жанындағы саябақ ішінен болашақ ескерткіш салынатын орынды белгілеп, естелік тас орнатты. Комиссия ұжымдастыру кезеңіндегі ашаршылықты зерттей келе, қазақ халқына геноцид жасалғанын тұ­жырымдады. Жоғарғы кеңес төрал­қасының шешімімен Комиссия жұмысының қоры­тындысы 1992 жылдың аяғына қарай рес­публи­каның «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» атты екі белді газетінде жарияланды. Бірақ сол кездегі парламент құрған Комиссия қорытын­ды­сына байланысты қандай да бір атқарылуға тиіс іс-шаралар кешені белгіленген жоқ. Тиісінше ашаршылық құрбан­дарын еске алу күні де 1997 жылға дейін ұмытты­рыл­ған­дай болды, ресми атала қоймады. 1997 жы­лы Президент пәрменімен 31 мамыр жаңа­ша мазмұнда, саяси қуғын-сүргін құр­бандарын еске алу күні болып қайта та­ғайын­далды.

«Алаш һәм Алашорда» атты іргелі мо­нографиялық зерттеу еңбе­гінде Кеңес Нұрпейісов кітабын «Әкімшілдік-әмір­шілдік жүйе ұйымдастырған саяси қуғын-сүр­гіннің құрбаны болған әкем Нұр­пейіс­тің рухына бағыштай­мын» деп арнау жазған-тын. Ол жастайынан жетім қалып, интернатта тәрбиеленген, өзінің «халық жауының» баласы болғандықтан, әрбір шалыс басқан қадамы қадағалауда екенін есейген сайын түсініп те, сезініп те жүрді. Сон­дықтан қайта құру саясатын ай­рықша сергек қабылдап, жабық тақырып болып келген Алаш қозғалысының, ұлт-азаттық қоз­ғалыстар тарихының өзекті мәселе­ле­рін зерттеуге ден қойды. Қазақ тарихын­дағы осы аса маңызды құбылысты қарас­ты­ра­тын ғылыми мектептің негізін салу-шылардың бірі ретінде танылды. Тарих­тағы «ақтаңдақтарды» кетіруге белсене атсалысты. «Әді­лет» қоғамына мүшелер қа­та­рын­да өздерімен тағдырлас үлкен ға­лымның болуы саяси қуғын-сүргін құр­бандарының ұрпақтарын разы еткен, олар Кеңес Нұрпейісұлын ерекше қадірледі. Сая­си қуғын-сүргін құрбандарын еске алу кү­ніне орай Алматы әкімдігінде, қа­лалық му­зейде өтіп тұрған кездесулерге Кеңес аға­мен бірге қаты­сып, оның қызметіне әр­дайым се­нім білдіре әрі ризашылықпен қа­рады.

Қазіргі таңда Кеңес Нұр­пейі­с­ұлы­ның ха­лыққа риясыз қызмет ететін екінші ғұмыры жал­ғасын тауып келеді. Осы мерекелі күндері Шоқан Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология институтында өзі ұзақ жылдар қызмет атқарған кабинетке есімі берілді. Үлкен ғалым, қажырлы қайрат­кердің бейнесімен, ғылымдағы тағылымды жолымен, кітаптарымен бү­гінде «Жаңалық» кешеніндегі Саяси қу­ғын-сүргін құрбандары музейіне келушілер де танысып жүр. Кеңес Нұрпейісұлының рухани өмірі жыл өткен сайын жаңа қы­рынан ашылып, жандана түсеріне күмән жоқ.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

«Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының

орынбасары,   

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

 

Соңғы жаңалықтар