19 Наурыз, 17:03 441 0 Қоғам Túrkistan Gazeti

Вирустан қорғайтын дұға бар ма?

Адам баласына бұл өмірде Алла Тағаланың түрлі сынақтар бе­ретіні хақ. Бұл туралы Хақ Тағала Құранда: «Шүбәсіз, Біз сен­дер­ді қорқынышпен, аштықпен және мал-мүліктеріңді, жа­қын­­да­­рың­ды әрі өнімдеріңді (табыстарыңды) кеміту арқылы сы­наймыз», – деп ескерткен («Бақара» сүресі, 155-аят). Сондай сы­нақтың бірі – ін­дет­тің тарауы. Қазіргі уақытта коронавирус ат­ты жұқпалы ауру бүкіл адамзатты алаңдатуда. Бұл індет бірқатар ел­ге таралып, мыңдаған адамның өміріне қауіп төндіруде. Сон­дық­тан еліміздің әрбір азаматы денсаулығына жете мән беруі қа­жет. Жұқпалы індеттің алдын алу үшін барлық сақтық шарасын көру керек.

Алла Тағала адамзат баласына:
«Өз бастарыңды қауіп-қатерге тік­пең­дер», – деп ескерту жасаған («Бақара» сү­ресі, 195-аят). Алла берген аманат – ­өз өміріміз бен денсаулығымызға дұ­рыс күтім жасамай, қауіп-қатерге көз­сіз ұрынар болсақ, түбінде опық жейтініміз сөзсіз.

Жұқпалы аурулардың қай қайсына бол­масын Пайғамбарымыз (оған Ал­ланың салауаты мен сәлемі болсын): «Нау­қасқа жақындаудың қаупі зор», – деп ескертеді. Науқас адамдарға тым жақындамау жайлы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жұқпалы ауруға шалдыққан адамнан жыртқыш хайуаннан қаш­қан­дай қашыңдар (яғни қорғаның­дар)» деген хадис шәріп арқылы ес­керту жасайды. Сондай-ақ бұған ислам дініндегі «Өзіне де, өзгеге де зиян кел­тіру жоқ» деген қағида дәлел болады.

Сонымен қатар пенде Жаратушы ие­сіне дұға етуді де ұмытпауы керек. Құ­ран Кәрімде: «Егер дұға-мінәжат­тарың болмаса, Раббым сендерді қалай бағаласын?», – деп айтылған («Фұрқан» сүресі, 77-аят).

Сондай-ақ Алла Тағала Құранда: «Ма­ған дұға етіңдер, сендерге жауап бе­рейін», – деген. («Мүмин» сүресі, 60-аят) және «(Уа, Мұхаммед!) Егер құлда­рым сенен Мен туралы сұраса, Мен оларға жақынмын, Маған жалбарынып, дұға еткеннің дұғасын жауапсыз қалдырмаймын» («Бақара» сүресі, 186-аят),  – деген. Ал Пайғамбарымыз (оған Ал­ланың салауаты мен сәлемі бол­сын): «Дұға – ғибадаттың мәні», – деген (Тирмизи).

Құран Кәрімде және Пайғам­бары­мыз­дың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде түрлі дерт­ке қарсы оқылатын көптеген дұға­лар бар.

Осман ибн Аффан (одан Алла разы бол­сын): «Мен Алла елшісінің (оған Ал­ланың салауаты мен сәлемі болсын) былай айтқанын естідім: «Кімде-кім үш рет «Бисмилләһил-ләзи ләә ядурру мәға исмиһи шәйун филарды уә ләә фис-сәмаи, уә һуәс-сә­миғул-ғалим» (Ал­ланың атымен жалбарынамын. Оның есімімен жер мен аспанда еш нәрсенің зияны тимейді. Ол – толық естуші әрі білуші) десе, таң атқанға дейін оған пәле жетпейді. Кімде-кім таң уақытында оны үш рет айтса, кеш­ке дейін оған пәле жетпейді», – деген (Әбу Дәуіт, Тирмизи).

Алдын ала келетін дерттен сақтану және бойындағы аурудан сауығу үшін Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күнде түннің ке­зін­де ұйқыға жатардан бұрын Ықылас, Фалақ және Нас сүрелерін оқып, өзіне дем салған, яғни Құран оқып, алақа­нына үрлеген, сосын онымен бетін және денесінің қолы жеткен жерін сүрт­кен (Бұхари).

Құран аяттары мен дұғаларды ауыр­ған уақытта да, сау кезде де оқыса бо­лады. Құранның және дұғалардың әсер етуі үшін оны ықыласпен оқу ке­рек. Дұға да дәрі сияқты. Алла Тағала қа­ласа, әсер етеді. Аурудан сақтаушы әрі дертке шипа беруші – бір Алла!

 

Х.АМАНҚҰЛ

Соңғы жаңалықтар