Коронавирус: қаперге алмаған қатерге ұрынар

Коронавирус: қаперге алмаған қатерге ұрынар

Коронавирус: қаперге алмаған қатерге ұрынар
ашық дереккөзі
Жаһанды жайлаған кесірлі кесел біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Ауру­дың ал­дын алу шаралары дер кезінде қолға алынса да,  ко­ронавирус Қазақстан аумағына жетті. 13 наурыз күні алғашқы науқас тіркелсе, күні кеше ін­дет жұқ­тырғандар саны 37-ге жетті. Нау­қастардың 19-ы – Алматыда, 18-і Нұр-Сұлтанда анықталды.  Індеттің өзге өңірлерге таралуына жол бермеу үшін бүгіннен бас­тап (19. 03) екі қала карантинге жабылды: шаһар­ларға кіру-шығу шектелді, қалааралық автобус­тардың қозғалысы тоқтатылды. Бәлкім, газеттің бұл саны оқырман қолына жеткенде елімізде вирус жұқтырғандар саны көбейе түсуі мүмкін. Өйткені әлемді сынға алған кеселдің таралу жылдамдығына көз ілесер емес. Дүниежүзінде коронавирус жұқ­тыр­ғандар саны 200 мыңға жетеғабыл. Қазақстанда коронавирус жұқ­тыру де­ректері тіркел­мей тұрып-ақ ше­ка­ра­ларда бақылау күшейтіліп, шетелден кел­гендер қа­таң тексерілді. Коронавирус бойын­ша қауіпті елдер санатына жа­татын мем­лекеттерден келген аза­маттар бірден ка­рантинге жат­қы­зылып, бақылауға алын­ды. Мем­лекет басшысы елде бұқаралық іс-ша­раларды өткізуге тыйым салды. Нау­­рыз мейрамына арналған шара­лар­ды, Жеңіс­тің 75 жылдығына орай жоспар­лан­ған әскери парадты өткізбеу туралы шешім қабылданды. Мектеп оқушылары уақы­ты­нан бұ­рын демалысқа жіберіліп, уни­вер­си­теттер мен колледж студент- тері қа­шық­­тық­тан оқу жүйесіне көшті. Десе де, әлемнің барлық түкпірін шар­пыған індет Қа­зақстан аумағы­на да енбей қой­мады. 13 наурызда коро­на­ви­рус жұқ­тырған алғашқы науқас тіркелді. 15 наурызда Президент Қасым-Жо­март Тоқаев Қазақстан Респуб­ли­ка­сын­да тө­тен­ше жағдай енгізу туралы Жар­лыққа қол қой­ды. 16 наурыздан бастап күшіне енген Жар­лық бойынша ірі сауда объектілерінің жұ­мыс істеуіне шектеу қойылды, сауда ойын-сауық орталықтарының, кино­театр­лар­дың, театрлардың, көрмелердің және адам­дар көп жи­налатын басқа да объек­ті­лердің қыз­меті тоқтатылды. Ойын-сауық, спорт­тық іс-шараларды, сондай-ақ той-то­малақтарды өткізуге тыйым салынды. Ел аза­маттарына шетелге шығуға, шет­ел­дік­тер­дің елге кіруіне тыйым салынды. Қазіргі таңда әлем­нің әр түкпірінде саяхаттап жүр­ген қазақстандық туристерді елге жет­кізу мәселесі шешілуде. Ресми мәлі­мет бойын­ша бүгінде шет мемле­кеттерде 4500-ден астам Қазақстан азаматы бар. Олар Мы­сыр, Біріккен Араб Әмірліктері, Таи­ланд, Үндістан және Мальдив аралдарында сая­хат­тап жүр. 16 наурызда халыққа телеарналар арқылы жолдаған үндеуінде Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ко­ронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында енгізілген шектеу ша­раларына түсіністікпен қарауды сұрады. «Әлем өте күрделі ахуалды бастан өткеруде. Дү­ниежүзін коронавирустың таралуы алаң­датып отыр. Бұл індет күннен-күнге ушы­ғып барады. Өкінішке қарай, бұл індет біз­дің елімізде де тіркелді. Менің кешегі Жар­лығыммен бүгін сағат сегізден бастап Қазақстанның аумағында төтенше жағдай енгізілді. Көпшілік қатысатын іс-шаралар тоқтатылды. Көп азаматтар алдағы мереке күндеріне орай жоспар құрған болар. Де­генмен бүкіл халықтың денсаулығы үшін осындай шешім қабылдап отырмыз. Ірі сауда нысандарының жұмысын шектеуге мәж­бүрміз. Бірақ азық-түлік дүкендері мен базарлар жұмысын жалғастыра береді», – деді Президент. Мемлекет басшысы ел тұрғындары азық-түліктен тарықпайтынына сен­дірді. Сондай-ақ төтенше жағдайды пай­­даланып, қара бастың қамын күйт­тей­тіндерге ескерту жасады. «Біз экономикалық жағдайды басты на­зарда ұстаймыз. Мемлекет барлық әлеу­меттік міндеттемелерін орындайды. Ел­ба­сы­­­мыздың сарабдал саясатының арқа­сын­да бұған қажетті қорымыз қалыптасты, қа­ражат бар. Осы орайда азық-түлік қоры жет­кілікті екеніне назар аудартқым келеді. Күн­делікті тұтынатын тауар бағасын негіз­сіз қымбаттатуға жол берілмейді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Несиесі барларға жеңілдік жасалады

Төтенше жағдай режиміне байл­а­ныс­ты Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігі қашықтықтан жұ­мыс істеу мүмкіндігі бар барлық кә­сіп­орын­дар мен мекемелерді осы режимге ауы­суға міндеттеді. Ведомство басшысы Бір­жан Нұрымбетовтің айтуынша, қа­шық­тықтан жұмыс істейтіндерге еңбекақы төлеу тәртібі өзгермейді. Бұл жерде аза­мат­тың өзінің жұмыс орнында емес, үйден жұ­мыс атқару мүмкіндігі болады. Еңбек ко­дексі бойынша, оған жұмыс беруші тиіс­ті жағдай жасауға міндетті және жалақысы ай сайынғы алып жүрген көлемде тө­ле­не­тін болады. Ал өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр бол­ған мекемелер қызметкерлеріне ең төменгі жалақыдан кем болмайтын ең­бекақы төлеуі тиіс. «Төтенше жағдайға бай­ланысты өз жұмысын тоқтатуға мәж­бүр болған мекемелер Еңбек кодексінің 112-бабына бағынады. Бұл мәжбүрлі жұ­мыс тоқтату деп аталады. Мұндай жағдайда жұ­мыс беруші тарапынан жұмысшыларға ке­мінде елімізде бекітілген ең төменгі жа­лақыдан кем емес көлемде еңбекақы тө­ленуі тиіс», – деді министр. Еліміздегі ең төменгі жалақы мөл-шері – 42500 теңге. Десе де, Біржан Нұрым­бетовтің айтуынша, Еңбек шар­тында немесе Ұжымдық шартта осындай мәжбүрлі тоқтату жағдайына төменгі жа­лақыдан жоғары жалақы қарастырылған болса, онда жоғары жалақы төленеді. Бұл шекті сома ең төменгі жалақы мөлшерінен кем болмауы тиіс. Төтенше жағдай режиміне бай­ла­ныс­ты жұмысын тоқтатуға мәжбүр бол­ғандарды алаңдатқан басты мәселе – не­сие төлеу жайы. Уақытша табыссыз қал­ғандар несиемізді қалай жабамыз деп сары уайымға салынды. Ел тұрғындарын бұл тығырықтан шығару үшін Үкімет не­сие бойынша жеңілдік жасау туралы ше­шім қабылдады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбіл­­қа­сымованың айтуынша, қазақстан­дық­тардың несие тарихын түзеуге мүмкін­дік беріледі. «Жеке тұлғалардың кредиттік тарихын қал­пына келтіру үшін қарыз алушы үшін 12 ай ішінде мерзімі өткен берешектің 50 пайыз­дан астамын өтеген және кейіннен мін­деттемелерді орындаған жағдайда теріс кре­диттік тарихты түзету мүмкіндігі қа­рас­тырылады», – деді М.Әбілқасымова. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлердің не­сие бойынша төлемдері 90 күнге кейінге шегерілді. «2020 жылдың 16 наурызы мен 15 сәуірі аралығында Қазақстанның барлық ау­мағында төтенше жағдайдың енгізілуіне жә­не экономиканың белгілі бір салаларына қа­тысты шектеу шараларын қолдануға бай­­­ланысты халықтың және шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қаржы­лық жағдайының нашарлауына жол бер­меу бойынша қосымша шаралар қажет», – деді Мәдина Әбілқасымова Үкімет отырысында. Агенттік басшысы төтенше жағдай ре­жимі кезінде жеке және заңды тұл­­­ғалардың қарыздар мен микрокре­дит­тер бойынша төлемдерді кешіктірген кезде айыппұлдар мен өсімақылар есептелмеуі тиіс екенін түсіндірді. «Бұл норма жеке және заңды тұлғаларға банк­тер ғана емес, сонымен қатар, лом­бард­тар мен кредиттік серіктестіктерді қо­са алғанда, барлық әлемдік қаржы ұйым­дары, сондай-ақ қарыз беретін өзге де кре­диторлар берген қарыздарға қолда­ны­лады», – деді Мәдина Әбілқасымова.

Адамзат тарихындағы пандемиялар

Күллі әлемді қыспаққа алған ко­ро­на­вирус мемлекеттердің медицина­сын, экономикасын, қорғаныс жүйесінің қуатын ғана емес, тұрғындарының адам­гер­шілігі мен жауапкершілігін де сынға алуға бе­кінгендей. Қытай ғалымдарының індет әлем халқының 70 пайызын шарпуы мүм- ­кін деген болжамы ақиқатқа айналып ке­леді. 11 наурызда Дүниежүзілік ден­сау­лық сақтау ұйымы коронавирус инфекциясын пандемия деп жариялады. Пандемия – жаңа дерттің әлемдік деңгейде та­ралуы. ДДСҰ-ның 2010 жылы H1N1 тұ­мауы өршіген уақытта жарияланған құ­жатында осындай анықтама берілген. Коронавирустың Антарктидадан басқа бар­лық құрлықты шарпығанын ескерсек, оның пандемия деп аталуы негізді. АҚШ-тың CNN басылымы «пандемия» тер­минін ДДСҰ-дан екі күн бұрын қолдана бас­тады. 9 наурызда басылым өзінің басты ме­дициналық тілшісі – белгілі дәрігер Санджай Гуптаның мақаласын жариялап, аталған терминді қолдану себебін түсін­дір­ді. Гуптаның айтуынша, пандемия өл­шем­шарттарының қатып қалған тізімі жоқ, десе де жалпыға мәлім үш өлшем­шар­ты бар: — вирус ауру тудыруы және өлімге се­беп­ші болуы мүмкін; — вирус адамнан-адамға тұрақты түрде жұ­ғады; — вирустың әлем бойынша таралға­ны­на дәлел бар. 9 наурыздағы жағдай бойынша коро­на­вирус дәрігер атаған үш өлшем­шартқа да сай болды. Коронавирус адамзат тарихындағы алғашқы пандемия емес. Әлемде ең алғаш тіркелген пандемия – Юстиниан обасы. Қатерлі індет византиялық импе­ра­тор Юстиниан І басқарған кездегі өрке­ниет­ті елдердің барлығына тарап, екі ға­сыр­ға (шамамен 541-750 жылдары) со­зыл­ды. Тарихи деректерге сүйенсек, Юс­тиниан обасының тарау ошағы – Эфиопия мен Мысыр. Артынша ауру сау­да-саттық арқылы Константинопольге, одан әрі солтүстік, оңтүстік және шығыс Ви­зантияға жеткен. Мұнымен тоқтамай, Сол­түстік Африка, бүкіл Еуропа елдері, Ор­талық және Оңтүстік Азия, Араб елдерін де шарпыған. Пандемияның тез тарағаны сон­шалық, Константинопольдің өзінде бір күн­де 5 мың адамнан қайтыс болған. Бол­жам бойынша, оба бубон және сеп­ти­калық түрде тараған. Аурудың көзге түсе қоятын ай­рықша белгілері де болмаған көрінеді. Кей­бір науқастар ешбір ауру белгілерінсіз көз жұмған. Шығыс елдерінде Юстиниан оба­сынан шамамен 66 миллион адам, Еуропа елдерінде 25 миллион адам қай­тыс болған. Бұл пандемияның қасі­рет­тілігі сондай, бір кездері бүкіл әлемге билік жүр­гізіп отырған Византияның құлауына ті­келей әсерін тигізді. 2013 жылы зерт­теу­шілер індеттің қоздырғышы бүргелер мен кеміргіштерде жиі кездесетін оба таяқшасы деген ұйғарым жасады. Адамзат тарихындағы екінші пан­демия «Қара өлім» деген атпен қат­­­тал­ды. Уикипедия мәліметтеріне сүйенсек, 1346-1353 жылдары тараған дерт Еуропа халқының 30-60 пайызын жойып жі­берген. Індет Каспий теңізінің солтүстік жағалауынан басталып, Еуропа мен Солтүстік Африканы жайлаған. Обаның бұл түрін жұқтырып, қайтыс болған адам­дардың денесі қарайып кететіндіктен пан­демия тарихқа «Қара өлім» деген атаумен енді. Әлемді қыспаққа алған үшінші пан­демия – испан тұмауы. Бұл індетті 1918-1919 жылдары бүкіл әлемде 550 мил­лион­ға жуық адам жұқтырып, ғаламшар­дың 2,7-5,3 пайыз халқы (50-100 миллион адам) қайтыс болған. Ауру Бірінші дү­ниежүзілік соғыстың соңғы айларында бас­талған. Болжам бойынша, індеттің та­рауына соғыстың салдары – санитарлық талаптардың орындалмауы, дұрыс тамақ­танбау, әскерилер мен босқындардың ла­герлерінде адамдардың тығыз орналасуы себеп болған. Пандемия испан тұмауы деп атал­ға­нымен, Испания – тұмау та­ра­ған алғашқы мемлекет емес. Аурудың ошағын анықтау мүмкін болмаған. Кей деректерде испан тұмауы алғаш 1918 жылы АҚШ-та тіркелгені айтылса, келесі бір мәліметтер індет Қытайдан басталып, АҚШ-қа қы­тайлық жұмысшылар арқылы тараған де­генді меңзейді. Десе де, Испания – бұл дерт­тен көз жұмғандар саны (8 млн адам) жө­­нінен өзге мемлекеттерден алда тұр­ған­дықтан, індет «испан тұмауы» деп аталып кеткен. XIX ғасырдың басынан бері әлем ты­рысқақтың жеті пандемиясын бастан өткерді. Соңғысы 1961 жылы Индо­незияда басталып, 1966 жылы КСРО-ға жетті. Ауру таралуының шарықтау шегі 1970 жылға тап келді. Ғалымдар бұл панде­мия әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр дегенді алға тартады. 1992 жылы Банг­ла­деште тырысқақ вибрионының жаңа түрі анықталды. Кейінгі жылдары инфекция­ның жаңа штамдары Азия мен Африканың кейбір бөліктерінде тіркелген. XXI ғасырда тырысқақ әлемнің 53 еліне тарады. Індетті жұқтырудың соңғы деректерінің бірі 2018 жы­лы Зимбабве астанасы Харареде анық­талды. 2009-2010 жылдары «шошқа тұмауы» деген атпен белгілі болған H1N1 виру­сының пандемиясы белең алды. Жұқ­палы кесел ең алғаш 2009 жылдың нау­ры­зында Мехикода тіркелді. Сол жылдың 11 маусымында ДДСҰ пандемия қауіптілігінің ең жоғарғы алтыншы деңгейін жариялады. 2010 жылдың тамызында ұйым індет таралуы тоқтағанын мәлімдеді. 1,5 жылда шошқа тұмауын 222 мың адам жұқтырған, 1 906 науқас көз жұмды. Коронавирус және тырысқақ пан­демияларынан бөлек, қазіргі таңда ЖИТС пандемиясы да жалғасып келеді.   ДДСҰ дерегіне сүйенсек, 2018 жылдың соңында әлем бойынша бұл кеселді жұқ­тырғандар саны 37,9 млн адамға жетіп жы­­­ғылған.

«Қорыққанға қос көрінеді»

Әлемде коронавирус жұқтыру дерек­тері жөнінен алда тұрған мемлекет­тер­дің тәжірибесінен ұққанымыз, вирус­тың өзі қандай қауіпті болса, оның айна­ла­сындағы дүрбелең мен салғырттық та сон­ша­лықты қатерлі. Әуелі дүрбелеңге тоқ­талайық. Коронавирустың таралу ауқымы ұлғайған сайын әлеуметтік желі­лер­де әлемнің әр бұрышындағы дүкендерде түсірілген бос сөрелердің суреті тарап кет­ті. Алматы мен Нұр-Сұлтандағы сауда орын­дарынан да азық-түлік толтырылған себеттерімен касса кезегінде тұрған қа­ра­құрым халықты көрдік. Денсаулық сақтау министрлігінің кесірлі кеселдің елімізге келу қаупі жо­ғарылағаны жайлы мәлімдемесінен кейін жалма-жан дүкендерге жүгіріп, қап-қап ұн, қарақұмық пен қант ала бастаған тұр­ғындардың әрекеті ел ішін дүрбелеңге са­лып, бейғам жұрттың үрейін үдетті. Ко­ронавирустан қорғанудың негізгі жолы – адам көп шоғырланатын жерлерден бойды аулақ ұстау десек, үрейлі жұрттың дүкен­дер­ге үсті-үстіне кіріп, сағаттап кезекте тұруы дерт жұқтыру қаупін арттырмаса, ке­мітпесі анық. Францияда да коронавирус жұқтыру дерегі тіркелген алғашқы күндері ірі маркеттердің сөресі бос қалған. Дү­кен­дерде жармалар, консервілер, ұн, тұз секіл­ді күнделікті тұтынатын тауарлар жетіс­пеу­шілігі байқалған. Тұрғындардың дүр­лігуі басылмаған соң Францияның сол­түс­тігіндегі Ваттрело комуннасындағы Leclerc супермаркетінің есігіне мынадай мәтіндегі ха­барландыру ілініпті: «Құрметті, клиент­тер! Сіздерді өркениетті түрде сауда жа­сауға, кассирлер мен өзге сатып алушы­лар­ға құрметпен қарауға шақырамыз. Қазіргі жағ­дайда елдегі қарттарды көбірек ой­лауымыз қажет, оларға да күнделікті тұты­натын тауарлар қажет. Тауарларды бей-берекет сатып алмауларыңызды өтінеміз». Мәтін соңында дүкен әкімшілігі азық-тү­лік­тің барлық түрі тұрақты түрде жеткі­зі­ліп тұратындығын айтқан. Десе де, тұр­ғын­дар­дың негізсіз дүрбелеңге салынып, ке­рек­ті-керексіз тауарларды ірі көлемде са­тып алуға ұмтылысы ең қажетті тауар­лар­дың жетіспеушілігін тудыруы мүмкін екенін ескерткен. АҚШ-та коронавирус жұқтырған алғаш­қы науқас тіркелгендігі жария­лан­ғаннан соң Вашингтон дүкендерінің сө­релері де санаулы сағатта босап қалды. Аме­рикалықтар ауызсу, өсімдік майы мен ма­карон өнімдеріне тарпа бас салып, за­лалсыздандыру құралдарына таласқан. Дәл осындай жағдай Украина ас­та­на­сы Киевте де болды. Корона­ви­рус­­тың таралуына байланысты қалада каран­тин жариялануы тұрғындардың үрейін ұшырып, ас-сусыз қалуға қорыққан киевтіктер супермаркеттерге құстай ұш­қан. Бос қалған дүкен сөрелері мен ондаған метрге дейін кезекке тұрған украина­лық­тардың суретін желіден көрдік. Ал соңғы күндері Австралия мен Жа­понияда дәретхана қағаздары­ның жетіспеушілігі байқалады. Өйткені дәріханалардан медициналық бетперде таппаған австралиялықтар маска орнына үш қабатталған дәретхана қағаздарын пай­далануда. Тауардың жетіспеушілігіне алаң­даған жергілікті дүкендер бүгінде бір адамға төрт данадан сатудан бас тарқан. Ал жапониялықтар дүкеннен табылмаған дәретхана қағаздарын қоғамдық дәрет­ханалардан ұрлауға көшіпті. Белгілі ресейлік ғалым, психология ғылымдарының докторы Мария Киселеваның айтуынша, адамның миы оның өмірі мен денсаулығына төнген қауіп-қатер жайлы ақпаратты қабыл­да­ған­да, өзін-өзі қорғау түйсігі іске қосылады. «Адамдар кез келген жағымсыз хабарла­маны бірнеше қайтара оқиды да, соның маз­мұнына көбірек көңіл бөледі. Нәти­жесінде, қорғаныс механизмі қосылады. Адам­ды үрей билеп, өз әрекетін бақылай алмайтын күйге жетуі мүмкін. Сондықтан дүкенге жүгіргендердің ісін сөгудің қажеті жоқ», – дейді маман.

Салғырттықтың салдары ауыр

Коронавирустың таралуын үдеткен факторлар таразысының бір ба­сында дүрбелең тұрса, екінші басында бей­ғамдық пен салғырттық тұр. Дертке шал­дыққандардың өз ауруын жасырып қана қоймай, айналасындағылармен бай­ланысты үзбеуі, ел тұрғындарының мем­лекет қабылдаған шектеу шаралары мен ескертулеріне құлақ аспауы, халықтың қарапайым гигиена талаптарын орын­дамауы үлкен қатерге әкеп соғуы мүмкін. Сөзімізге Италиядағы жағдай дәлел бола алады. Мемлекет салған тыйымдарға ба­ғын­баудың, дерттің алдын алу шараларына жауапкершілікпен қарамаудың салда­ры­нан бұл ел коронавирустың таралуы жө­нінен Қытайдан кейінгі екінші орынға шықты. Бүгінде Италияда індет жұқтырған­дардың саны 23 мың адамнан асты. Ал дерт құрбандарының саны 2,5 мыңға жетеғабыл. Кеселдің таралуын тоқтату мүмкін бол­ма­ған соң ел билігі тұтас мемлекет аумағын каран­тинге жапты. Қазіргі таңда Италия­ның 60 млн тұрғыны үйлерінен шыға ал­май отыр. Дүкенге немесе дәріханаға ба­ра­тындар, шұғыл жұмысы барлар ғана сыртқа шығуға құқылы. Немістің Deutsche Welle басылымына сұхбат берген римдік журналист Ири­на Кащейдің айтуынша, үйден шықпас бұрын италиялықтар қағазға өз аты-жө­нін, төлқұжат деректерін жазып, сыртқа шығу себебін көрсетуі тиіс. Ал шағын дү­кен­дерге екі адамнан артық кіруге тыйым салынған. Азық-түлік алу үшін жергілікті тұрғындар дүкенге өзінен бұрын кірген азаматтардың шығуын күтуі қажет. Сыртқа себепсіз шыққандарға айыппұл салынады. Тәртіпке бағынбағаны үшін түрмеге қа­мал­ғандар да бар. Италиядағы жағдай бүкіл әлемге, оның ішінде қазақстандықтарға да са­бақ болуы тиіс. Мемлекет басшысының Жарлығында, үкіметтің қаулыларында көр­сетілген нұсқаулар мен тыйымдарға құ­лақ асып, сақтық шараларын мұқият орын­дау өзге үшін емес, ең әуелі өзіміздің жә­не жақын­дарымыздың қауіпсіздігі үшін қа­жет екенін ескергеніміз абзал. Өйткені ке­сірлі кесел ешкімді аямайтынына көзіміз же­тіп отыр. Осы орайда, Төтенше жағдай ре­жи­міне байланысты енгізілген тыйым­д­арға бағынбағандар, медицина ма­мандарының жұмысына кедергі кел­тіргендер жауапқа тартылатынын айта кет­кен жөн. Мәселен, өткен аптаның соңын­да коронавирус жұқтырған алма­тылық жазаланды. Б. есімді азаматша са­ни­тарлық қызметтердің жұмысына кедергі келтіріп, вирус жұқтырғаннан кейін оны­мен байланысқан азаматтардың мә­лі­мет­терін беруден қасақана бас тартқан. Әйел Қыл­мыстық кодекстің 304-бабы бойынша қыл­мыстық жауапкершілікке тартылды. Карантин тәртібін бұзғандарды, ін­детпен күрес жұмыстарына ке­дер­гі келтіргендерді жазалау шаралары өзге мем­лекеттерде де қолға алынған. Мәселен, Қытайда карантиннен қашқандар 10 жыл­дан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасына кесіледі. Ита­лияда карантин талаптарын бұзғандар 3 айға дейін түрмеге қамалса, Оңтүстік Ко­реяда мұндай азаматтар 1 жылға дейін бас бостандығынан айырылады және 10 млн вон көлемінде айыппұл арқалайды. Ко­ро­навирус пандемиясы жағдайында Израиль билігі енгізген тыйымдарға бағынбағандар 3 жылдан 5 жылға дейін түрмеге жабылса, Өз­бек­станда 8 жылға дейін бас бостанды­ғынан айыру жазасы беріледі. Ал біздің елімізде карантин тәртібін бұзғандарға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Өзге мемлекеттермен салыстырғанда біз­дегі жаза айтарлықтай жеңіл, әрине. Десе де, ел азаматтары төтенше жағдай режимі аясында қолға алынған шектеу шара­лары­на жауапкершілікпен қарап, ар мен заң шеңберінен шықпаса, мемлекет қатаң шара­ларға бара қоймасы анық. Заң демекші, ел тұрғындарын дүр­лік­ті­ріп, жалған ақпарат таратушылар да жауапқа тартылады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға жолда­ған үндеуінде айтты. «Біз ел-жұртты дүр­лік­тіретін, арандататын әрекеттерге тыйым саламыз. Жалған ақпарат таратып, дүр­белең туғызатындар заңға сәйкес жауап­қа тартылады. Бұқаралық ақпарат құрал­дары, интернет ресурстар тек ресми мә­ліметтерге сүйеніп, жұмыс істеуі керек. Біз осы жаһандық кеселге қарсы тұру үшін күш-жігеріміздің мықты екенін көрсетуіміз қажет. Татулық пен тұтастықтың арқас­ын­да кез келген қиындықтан шығуға болады. Сондықтан бәріміз бір адамдай жұмылып, қауіп­ті індетпен күресуіміз қажет. Береке мен бірлік бәрін де жеңеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Солай боларына сенейік. Сақтанайық. Салғырттық өз денсаулығымызға ға­на емес, ұлт саулығына да қатер төндіре­ті­нін ұмытпайық.